Жол таптаған ауыр техника жүргізушілерін жауапқа тарту керек
Atr.kz/11 маусым, 2019 жыл. Алыс жолдағы ауыр көліктерге қатысты проблема бар. Бүгінде оның жүргізушілері жылдап салған жолды бүлдіруде. Олар құрылыс материалдарын шамадан тыс тиейді.
Полиция мен көліктік бақылау инспекторларының талабына құлақ аспайды. Тәртіпке шақырғанда, жүгін жол жиегіне төгіп кеткен деректер кездеседі. Ал, карьер иелері жауапкершіліктен құтылу үшін түрлі амалдар ойлап табуда. Құрылыс науқанындағы қызу тірлік біздің бүгінгі әңгімеміздің өзегіне айналды.
«Шахманның» салмағы өте ауыр Облыста республикалық маңыздағы 990 шақырым жол бар. Жергілікті трассаның ұзындығы – 2026 шақырым. Оның бәрі талапқа сәйкес келмегенімен, барын күтіп ұстау, беткі қабатын сақтау бүгінгі күннің міндеті болуда. – Көліктік бақылау инспекциясының негізгі қызметі – ел аумағында автокөлік құралдарының, оның ішінде отандық және шетелдік тасымалдаушылардың рұқсат етілген көлемдік және салмақтық өлшемдерін сақтауын бақылау.
Облыста көліктік бақылау Атырау қаласы бойынша, Ақтөбе–Атырау–Ресей шекарасы (Астрахан), Атырау–Батыс Қазақстан облысы шекарасы, Доссор– Құлсары–Маңғыстау облысы шекарасы бағыттарындағы республикалық маңыздағы автокөлік жолдарында жүзеге асырылады, — деді Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Аманжол Хабдешев.
Облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше, өңірде 416 өзі аударғыш көлік құралы есепке алынған. Олардың көпшілігі мердігер мекемелерге жұмысқа тартылыпты. Аталған құрылымдардың ауыр техникалары өздері салған жолды өздері бүлдіруде. Көліктік бақылау қызметкерлері мұның себебін арнайы көліктердің жолға шамадан тыс жүк тиеп шығатынымен түсіндіреді. Әсіресе, салмағы өте ауыр қытайлық «Шахман», «Хово» маркілі техникалары жолды ойып, тас-талқанын шығарып жатыр. Сонда оларға тыйым болмай ма?
– Облыста тіркелген «Шахман», «Хово» маркілі өзі аударғыш автокөліктердің барынша рұқсат етілген массасы 26 тонна деп көрсетілген. Яғни, олардың жүк тасымалдауына ҚР «Автомобиль көлігі туралы» заңының 31-1-бабына және ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі №546 бұйрығымен бекітілген «Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидаларына» сәйкес тыйым сала алмаймыз, — деді Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басқарма басшысы Әнуар Бисалиев.
Карьер иелерінің қулығы Облыста инертті құрылыс материалын өндіретін 9 карьер бар. Соның бесеуі – Индер ауданында. Жылыой, Қызылқоға аудандары мен Атырау қаласында да осындай орындар есепте. Олар маусымдық кезеңмен жұмыс жасайды. Науқан қызған тұста кен орны басындағы тірлікке де тыным болмайды. Айтпақшы, бұрын құрылыс материалын тиеп жіберіп, қарап отыратын жер қойнауын пайдаланушылар енді жауапкершілікті ауыр техника иелерімен бірдей бөліседі. Бүгінде олар «жүк жөнелтуші» санатына жатқызылған.
«Жүк жөнелтуші жүкті автокөлікпен тасымалдау шарты бойынша жүк тиеу процесінде еліміздің заңдарында белгіленген рұқсат етілген салмақ пен көлем мөлшерін асыруға жол бермеуі тиіс» дейді көліктік бақылау инспекциясының өкілдері.
Заңдылықты сақтамаған жүк жөнелтушілерге айтарлықтай көлемде айыппұл қарастырылған. Оның мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішіне дейін жетеді. Қулықтарына құрық бойламайтын карьер иелері осы жауапкершіліктен құтылу үшін түрлі айла жасайтын болып шықты. Олар жүргізушілерге «жүк жөнелтуші» құжатын бермейді екен. Берген күнде де өздерінің орнына тасымалдаушыларды жазып қояды. Осы себептен олар үнемі судан құрғақ шығуда. Карьерлердің «Жайық недрадан» өзгесі заңсыз қызмет ететіні белгілі болуда.
Ал, құзырлы органдардың тауаркөлік, жүк құжатын ресімдемегендерге ғана сөзі өтіп тұр. Өткен жылы 687 тасымалдаушыға 23,7 млн. теңге айыппұл салынған. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 185 тасымалдаушы 8,7 млн. теңге айыппұл төлепті. Карьерден шыққан 174 автотехника ұсталған. Облыс аумағында үш жылжымалы бекет жұмыс жасайды. Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Аманжол Хабдешевтің баяндауынша, оның біреуі Исатай ауданындағы Х.Ерғалиев ауылының тұсында орналасқан. Қалғаны өзге жолдарда жүр. Осы жердегі проблема – мамандардың жетіспейтіндігі.
Үш бекеттің тәулік бойы жұмыс жасауы үшін 18 адам керек. Мұндай штат жергілікті жерде қарастырылмаған. Аудандарда өкілдері жоқ. Осындай себептен кемшілікке жол беріледі. Индер бағытындағы жолда ауыр техникалар жиі заң бұзады.
– Индер–Мақат аралығындағы теміржол желісі тұрақты іске қосылса, алушыға да, сатушыға да тиімді болар еді. Құны да арзандайды. Бастысы, асфальт жолдың уақытынан бұрын тозуына жол берілмейді, — деді басшы орынбасары.
Халыққа қажетті құрылыс материалдары алыс-жақыннан тасымалдануда. Дегенмен, құжаттама жасақтамайтын карьер иелері, шектен тыс салмақ тиейтін тасымалдаушы, техникалық құжатқа жалған өзгеріс енгізетін тұлғалар жаңадан төселген жолдар елдің игілігі екенін естен шығармағаны жөн еді.
Азамат БАЗАРБАЕВ