Жарнама
ЖаңалықтарҚұқық

Жол полициясының таяғы

Оны жою не үшін қажет болды?

Жаңа жыл жол қозғалысындағы жаңалықпен басталды. Енді полицей көлікті тоқтату үшін арнайы таяқша қолданбайтын болды. Мұның себебін ішкі істер министрлігі еуропалық елдердің тәжірибесімен түсіндіреді. Мәселеге қатысты зерттегенде оның озық тұсы көп екен.

%d0%b6%d0%be%d0%bb-%d0%bf%d0%be%d0%bb%d0%b8%d1%86%d0%b8%d1%8f%d1%81%d1%8b%d0%bd%d1%8b__-%d1%82%d0%b0%d1%8f__%d1%8b

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ішкі істер органдарының қызметкерлері көлікті тоқтату үшін арнайы таяқшаларды қолданбайды. Облыстық ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Әлібек Қайыровтың  баяндауынша, енді полицейлер көлікті тоқтату үшін қолын көтеріп, «Тоқта!» деген белгі береді. Ысқырықты, арнайы дыбыс күшейткішті және жарық беретін құралдарды қолданады. Жол ережесін бұзушылар автопатрульмен де тоқтатылатын болады.  «Жол ережесін бұзғандарды анықтау үшін бейнекамералар, сонымен бірге, ішкі істер органдарының бейне тіркеуіштері қолданылады» деп түсіндірді полиция полковнигі.

Алайда, өзгерісті қоғам әртүрлі қабылдауда. Ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде өзгеше пікір білдіріп жатқандар аз емес. Көрші облыста көлікті қолымен белгі беріп тоқтатқан  полицейдің жазалануы көпшіліктің санасына «жол сақшысы техниканы тоқтата алмайды» деген де түсінікті қалыптастыра бастады. Автокөлік жүргізушілердің құқығын қорғаушылар мұндай жағдайлар жаңалықтың жұртшылыққа дұрыс жеткізілмеуінен, үгіт-насихат жұмыстарының ойдағыдай ұйымдастырылмауынан орын алуда деп санайды.

 

Жол полицейлері көшеде көлікті қолмен тоқтата алады

ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ирина Лукьянова «жаңалықтың» халық дұрыс түсінбей қалған бір тұсы барын айтып отыр.  Шұғыл іздестіру шаралары барысында жол-патрульдік полиция қызметкері көшеде тұрып, іздеу жарияланған көліктерді қолмен тоқтата алады.

– Иә, осыны дұрыс түсініп алу қажет. Көлікті тоқтатқаннан кейін жүргізуші тарапынан полиция қызметкерінің әрекеті қаншалықты заңды екеніне қатысты сұрақ туындауы мүмкін. Олар бірден басшылықтың ресми хатын талап етеді. Оны да жақсы білеміз. Алайда, жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, жол полициясы қызметкері тек өзінің қызметтік куәлігін ғана көрсетуі тиіс. Басқа құжаттарды көрсетуге міндетті емес. Мәселен, ертең біреуді жолдың жиегінде тұрған бір полицей қолмен тоқтатып, шұғыл іздестіру шараларының басталғанын және көліктің қылмыс жасалған машинаға ұқсайтынын мәлімдесе, кез келген көлік жүргізушісі «102» телефон нөміріне қоңырау шалып, іздестіру шарасы жүріп жатыр ма, жоқ па, анық біле алады. Содан соң көлік жүргізушісі жол-патрульдік полиция қызметкерінің аты-жөнін, төсбелгісінің нөмірін жазып алып, арыз-шағым түсіруіне болады. Біз қызметкердің көлікті заңды тоқтатты ма, жоқ па, жан-жақты тексеріп шығамыз. Көлікті негізсіз тоқтатса, полиция қызметкері жауапқа тартылады. Сондықтан, көшеде жол полициясы қолмен белгі берсе, міндетті түрде тоқтау қажет, — дейді И.Лукьянова.

Оның айтуынша, «жол-патрульдік полиция қызметкеріне көлікті қолмен тоқтатуға рұқсат жоқ» дегенді халық біржақты түсініп, жол полициясы көшеде көлікті мүлдем тоқтата алмайды деп қабылдады. Жаңа өзгерістерге сәйкес, жол қозғалысы ережелерін толығымен автопатруль бақылайды. Ал, қаланың кіреберісіндегі өткізу бекеттерінде, сондай-ақ, төтенше жағдайлар мен шұғыл іздестіру шаралары кезінде жол-патрульдік полиция қызметкерлері көліктерді қолмен тоқтата алады.

Азамат Базарбаев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button