Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

ЖІГЕРГЕ ТОЛЫ ЖҮРЕКТЕР АТЫРАУДА ТҰРАДЫ (+ФОТО)

Atr.kz/23 наурыз, 2019 жыл. Адам тәнінің сергек әрі ширақ болуына бірден-бір себеп болатын құдіретті дүние бұл әрине – спорт.

Бүгінгі таңда елімізде салауатты өмір сүруімізге кепіл болатын осы саланың  дамуы көңіл қуантарлық. Соның ішінде түрлі жағдайлармен өмір сынағына ұшырап, тағдыры мүгедектікпен байланысқан жандардың спортпен айналысуына толыққанды жағдай жасап отырған бірегей өңір Атырау облысы екенін көпшілік біле бермейді.

«Бұл не, сонда? Басқа аймақтарда мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалмаған ба?» деген сұрақ туындауы ләзім. Жоқ, басқа өңірлерде де тәні жаралы жандарға түрлі жағдайлар жасалған болар, бірақ, дәл біздің мұнайлы өлкеміздегідей арнайы жасақталған зәулім ғимарат жоқ екен.

IMG 20190323 WA0048
  • Қаламыздың Балықшы ауданында орын тепкен «Балықшы» спорт кешені  бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына қажетті барлық жабдықтарымен қамтамасыз етілген, — дейді Мүгедектер спорттық клубының директоры Аманбай Қыздарбаев. – Клубта қазіргі таңда спорттың отырып ойнау волейболы, шахмат, дойбы, пауэрлифтинг, үстел теннисі, дзюдо, оқ ату, жеңіл атлетика, голболл,  жүзу, таеквондо,  армрестлинг, грек-рим күресі, еркін күрес, шағын — футбол, тоғызқұмалақ тәрізді 16 түрі қызмет көрсетіп, оларда барлығы  307 спортшы тұрақты жаттығуларын өткізеді. Спортшыларымыздың жетістіктері де аз емес. Паразиадада суға жүзуден қос алтын алып келген Ержан Сәлімгереевті, алтыннан алқа тағынған Дмитрий Лиді, парадзюдошы Ануар Сариевті бүгінгі күні көпшілік таниды. Ал, негізін атыраулықтар құрайтын параволейболшы жігіттеріміз ел тарихында тұңғыш рет Индонезия елінде өткен құрлықтық  додада қола жүлдегері атанды.
IMG 20190323 WA0044 1

Параволейболшы жігіттер, демекші осы ғимараттағы жаттығу залында  отырып ойнау волейболына арналған тордың бір бөлігінде доп соғып дайындалып жатқан бұрымдыларға көзім түсті. Сөйтсек, аталмыш клубта ерлерден жасақталған командадан бөлек қыздардан құралған волейболшылар командасы да бар болып шықты. Алаңның бір жағын ала жаттығып жатқан қыздардың саны – бесеу-ақ. Бірақ, алаңда жайыла отырып бір-біріне доп жалғастыра соққы жасай сала, әрқайсысы алаңның өзге нүктесіне тез орын ауыстырғанда олар көрер көзге шынайы сандарынан әлдеқайда мол болып көрінеді екен. Ойын әсерінен жүздері бал-бұл жанған қыздардың соққылары – мығым, қимылдары – ширақ.

IMG 20190323 WA0047

Өзімізге тосын жайт болған соң, қыздар тобы турасындағы сауалдарымызды команда жаттықтырушысы  Бағытжан Бейісқалиевқа қойдық. Оның айтуынша, бұл команда 2015 жылы жасақтала бастаған. Команданың құрылуына бірден-бір  мұрындық болып, жол көрсеткен ерлер отырып ойнау волейбол командасының бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауов екен. Ол өз командасын шет елдердегі ойындарға апара жүріп өзге елдерде қыздардан құралған командалардың бар екендігін көзбен көріп, өз жерімізде де сондай команда жасақтауды ойға алған. Осылайша, елге келген соң тағдырдың жазуымен түрлі жағдайда аяғынан айырылып қалған бойжеткендерді қарайлай, сұрастыра  жүріп, бір күні күнделікті жаттығуына бүгінгі күні команданың негізгі ойыншысы болып табылатын Күміс Жұмағалиеваны ертіп келіп, оған ерлермен бірге жаттығу мүкіндігін ұсынды. Осыдан соң, команда мүшелері бірлесе жан-жақтан қыздар іздестіре бастаған. Оның бірін көшеден кезіктірсе, бірін базар ішінен жолықтырған. Жанына жақындап, ұсыныс тастағанда кейбірі жақтырмай жалт бұрылса, кейбірі жүрексіне келіскен.

IMG 20190323 WA0053

– Әр түрлі жағдайда аяғынан кемтар болып қалған 7-8 қыз жиналған соң команда жасақталды. Сол кездерде ерлер командасында жаттықтырушының көмекшісі болып қызмет істеп жүрген Оңғарбек Досахаев екеуміз жаңадан жасақталған командаға жаттықтырушы болып тағайындалдық. Бастапқы кезде келген қыздарға қалыптасып кету әрине, қиындау болды. Дегенмен олар табандылық танытып, әр жаттығу сайын жетіле түсті.  Олардың осы спортты меңгерудегі құлшыныстары, алаң үстіндегі ширай бастаған қимылдары біздің одан әрі жаттығу жүргізуімізге тың серпін берді, — дейді Бағытжан Мергенғалиұлы.

Құрылғанына үш жыл болған осы  қыздар командасы бүгінгі күні Қазақстанның намысын шет елге шығып қорғап жүрген бірден бір команда екен. Себебі, еліміздің басқа аймағында бұл спорт түріне мүлдем көңіл аударылмаған болып шықты. Тек, Елордамызда ғана үш қыз жаттықтырушысыз өздері дайындалып, халықаралық жарыстарда осы атыраулықтардың құрамында бірігіп өнер көрсетеді. Осыған дейін біріккен құрама 2017 жылы Қытай мемлекетінің Ханджоу қаласында өткен мұхит аралық ойындарына, 2018 жылы сол аспан асты елінде өткен «Супералтылық» атты халықаралық турниріне  қатысып тәжірибе жинақтап қайтты. Одан бөлек Германия елінде өткен халықаралық турнирде де «Қазақстан» деген ел бар екендігін өзгелерге танытты. Бүгінгі күні команда құрамындағы қыздар осы жарыстардың бірінде 25 жылдық тәжірибесі бар Моңғолия елінің волейболшыларын тас-талқан қылып жеңгендерін өздерінің  әзірге жеткен үлкен жетістіктері деп біледі. Және сол бір жеңістері жігерлерін жандырып, алдағы жеңістерге желіктіріп отырады екен.                     

– Қазіргі уақытта жергілікті командамызда 6-ақ қыз қалды. Оның біреуі жаңадан келіп жатыр. Енді, өмір болған соң түрлі жағдай болады. Бірінің ата-анасы рұқсатын бермей қалады, бірінің күйеуі үйде отырғанын қалайды дегендей. Осылайша, сиреп қалдық. Көпшілігі, өңірімізде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған осындай спорт түрі бар екенін де білмей жатады, сол себепті, волейболмен айналысуға ниет білдіруші қыздарды командамызға шақырамыз. Егер қыз баланың спорттық мамандығы болса клуб тарапынан берілетін жалақы да қарастырылған, — деді Бағытжан Бейісқалиев.

Бір айтарлығы, командадағы қазіргі қыздардың жартысы үйлі-баранды екен. Сонымен қоса, көпшілігінің спорттан бөлек атқаратын қызметтері де бар. Мысалы, Күміс Жұмағалиева мен Ажаргүл Ахметниязовалар қаламыздағы жұмыспен қамту орталығында қызмет атқарса, Эльмира Балманова мен Бақытханым Өтешовалардың жеке кәсіптері бар.

IMG 20190323 WA0050

Ал, командаға жаңадан қосылып, доп соғуға дағдыланып жүрген Жанаргүл Төремұрат  төрт айлық баланы тербетіп отырған жас ана екен.

 Соған қарамастан,  осы қыздар былтыр Астана қаласында жаңадан ашылған паралимпиадалық орталықта өткен он бес күндік оқу-жаттығу жиынында болып, одан әрі  Қытайда ұйымдастырылған жарысқа қатысып бір айдай  бала-шағасынан жырақта жүрді. Қазіргі таңда олар сәуір айында Тайланд елінде өтетін лицензиялық жарысқа баруға қызу дайындық үстінде.

Иә, елімізде тұңғыш жасақталған, әрі әлі күнге дейін кең байтақ еліміздің намысын бір өзі қорғап жүрген командамыздың ендігі мақсаты – 2020 жылы Жапонияда өтетін Паралимпиадалық ойындарына бару.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Эльмира БАЛМАНОВА, қыздар параволейбол командасының капитаны:

— Жалпы осы спорт кешеніне алғаш рет 2012 жылы келіп, төрт жылдай үстел теннисімен айналыстым. Ол спорт түрінен түрлі жарыстарда жақсы көрсеткіштерге жетіп, «Қазақстанның спорт шебері» атандым.  Қыздардан волейбол командасы жасақтала бастады дегенді естіп, жүрек қалауымен осы спорт түріне ауыстым. Бұйырса, қыздар болып осы спорттан да  жақсы жетістіктерге жетеміз деп ниеттеніп отырмыз. Аллаға шүкір, осы спортпен айналысқалы бері менің де, командалас қыздардың да денсаулықтары біраз жақсарып қалды. Осындай ортаға келгенде көп нәрсе оңына қарай өзгереді екен.

Жанаргүл ТӨРЕМҰРАТ, команда мүшесі:

— Команда сапына жақында қосылдым. Аида есімді төрт айлық қызымды мен жаттығуда болғанда апам бағып, жәрдемдесіп отыр. Әзірге Бағытжан және Тұрлан ағайлардың дәрістерін алудамын. Жаттығуларға қатысқалы бері өзімді жақсы сезініп, өмірге деген көзқарасым түбегейлі өзгерді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button