Жігерді жаныған жекпе-жек
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» мәдени-спорт кешенінде аралас жекпе-жек ММА спортынан Батыс Қазақстан аймағының ашық кубогы өтті.
Жарысқа Атырау, Маңғыстау, Астана, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының спортшылары қатысты.
Жарыс қатысушыларына сәттілік тілеген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет мұндай турнирлердің облыс орталықтарында өтуі жергілікті жастардың спортқа деген ынта-жігерінің артуына зор септігін тигізетіндігін атап өтті.
Дүбірлі доданың ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы ММА Федерациясының президенті Анатолий Ким: «Атырау облысында бірнеше рет болдым. Әр келген сайын әуесқойлар мен кәсіпқойлар арасында да үлкен сайыстардың куәсі болып жүрмін. Атыраудағы аралас жекпе-жек спортының қарқынды дамығаны қуантады. Бүгін де соның дәлелі ретінде атыраулық спортшыларға халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы беріліп отыр. ММА спортында танымал Исатай Теміров, Жасұлан Хасимов және Жалғас Жұмагелді сынды спортшылар өздеріне лайықты құрметті иеленіп отыр. Бір облыста мұнша Халықаралық дәрежедегі спортшылардың шығуы – тамаша жетістік. Мұнымен тоқтап қалмай жаңа буын да осындай дәрежеге жетеді деп сенемін. Себебі, бүгінгі жарысқа шыққан жас балалар өздерін жоғары дәрежеде көрсете алды», — деді.
Дүбірлі додада 61 келі салмақ дәрежесінде атыраулық Самат Жақпаров пен маңғыстаулық Бердібек Әмірханов бірінші болып өнер көрсетті. Алғашқы секундтардан-ақ басымдығын байқатқан атыраулық спортшы Самат Жақпаров бірінші раундта талассыз жеңіске жетті.
Екінші болып рингке көтерілген атыраулық Абылай Төлеш мен маңғыстаулық Еділ Рамазановты бірінші раундта-ақ нокаутпен жеңді. Айта кетерлігі, Абылайдың аралас жекпе-жекпен айналысқанына небары екі жылдай ғана болған екен.
Жанкүйерлер үшін қызықты ойын көрсеткендердің қатарынан 77 келі салмақ дәрежесіндегі екі атыраулық Исатай Теміров пен спортшы Архат Мыңбаевтың кездесуін айтуға болады. Небары бір раундқа созылған жекпе-жекте Исатай қарсыласын оңдырмай соғып тастады.
«Спортта намыс пен рухтың биік болуы маңызды. Берілген уақытта қарсыласыңның бар психологиясын зерттеп білу — кәсіби маман ретіндегі ең алғашқы міндет», — дейді Исатай Теміров.
Екі сағатқа созылған жекпе-жекте атыраулық Санат Нагимов пен кездескен маңғыстаулық Руслан Жұмағазиевтың, атыраулық Руслан Ескендіровпен қолғап түйістірген оралдық Андрей Смирновтың айқасы да өте сәтті болды.
Жалпыкомандалық есепте бес алтын медаль иеленген Атырау облысы командасы кубоктың иесі атанып, ақшалай сыйлыққа ие болды.
Абай АҚМҰРЗИЕВ.
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.