ЖЕРЛЕСІМІЗГЕ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МАРАПАТ

«Каспиймұнайгаз» ғылыми-зерттеу және жобалау институты акционерлік қоғамының ұйымдық-құқықтық және корпоративтік жұмыстар бойынша атқарушы директоры Дәреже Балапан «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Айта кетсек, 28 мемлекетпен тығыз байланыс орнатқан аталмыш бірлестіктің бұл марапатына бес жыл ішінде дүние жүзі бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымынан 140 адам ие болған екен. Жерлесіміз Дәреже Нәбиқызы – солардың қатарында.

 

Дәреже Балапан Сыр бойында дүниеге келгенімен, бар ғұмырын Атырау өңірінің дамуына арнады. Университетті бітіре салысымен Қызылқоға ауданында еңбек жолын бастады. Содан бері 35 жылдан астам уақыт бойы құқық саласының дамуына тер төгіп, еңбек етті. Облыстың экономикасы мен әлеуетін және руханиятын дамытуға үлес қосты. «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында халықаралық дәрежедегі орден иегерін салтанатты түрде марапаттау шарасы өтті.

– Бүгін Атырау өлкесіне Дәреже Нәбиқызының мерейін асырып, елге еткен үлкен еңбегінің жемісі ретінде халықаралық «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне тағу мақсатында арнайы келіп отырмыз. Жиырма жеті карат бриллиантпен қапталған бұл орден Франция мен Ресейден арнайы алынған, – деді «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің өкілі Гүлсара Иманова.  Сонымен қатар, Дәреже Нәбиқызының кеудесіне орденді тағып және адам құқығын қорғау саласы жолында адал қызмет етіп, ерен еңбегі жоғары бағаланғаны және қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін бірлестік президенті Қазақстан және Еуразия Жазушылар Одағының мүшесі Әбен Нұрмановтың Алғыс хатын ұсынды.

Бұған қоса, аталмыш бірлестік өкілі Гаухарбек Құлқожаев, Дәреже Балапанның жұмыстастары, достары да өзінің құттықтау тілегін жеткізді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз