Жергілікті тұрғындар коронавируспен күреске кері әсерін тигізбеуі керек
Аtr.kz/18 сәуір, 2020 жыл. Атырау облысы Мақат ауданында Covid-19 індетін жұқтырған науқастармен байланысушыларға арналған 120 карантиндік және провизорлық орын дайындалды, деп хабарлайды Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі Жедел штабы.
Жергілікті билік Атырау облысында коронавирустық инфекцияның өршуі жағдайында стационарлық орындар санын көбейту жөнінде шаралар қабылдауға шешім қабылдады. Алайда, оңалту орындарының ашылуына Мақат ауданының кейбір тұрғындары наразылық білдірді.
Жедел штабтың ақпаратына сәйкес, Доссор кентіндегі С.Шарипов мектеп-интернатының үш қабатты ғимаратында 110 карантин орны дайындалған. Стационарда байланысушы тұлғалардың күтімі үшін барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, Мақат ауданының орталық ауруханасында ЖРВИ белгілері бар адамдарды оқшаулауға тағы 10 провизорлық кереует дайын.
Бүгінде Атырау облысының Жедел штабы коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмауға бағытталған ауқымды шараларды жүзеге асыруда. Қауіпті індеттің таралуы кезінде оңалту орындарының (инфекциялық, провизорлық және карантиндік стационар) көбеюі сол жұмыстардың нәтижелілігін аңғартады.
Қосымша стационарлық орындардың ашылуына байланысты білдірілген Доссор және Мақат тұрғындарының наразылығына Жедел Штаб төмендегідей пікір білдірді:
— Атырау облысының барлық аудандарында стационарлық кереуеттер жасақталған. Өңірдегі азаматтардың денсаулығында мәселе туындаған жағдайда, штаб басшылығы санитарлық ережелер мен нормаларды ескере отырып, сол аймақтағы халықтың келісімінсіз шешім қабылдауға құқылы. Атырау облысы тұрғындарына қойылатын басты талап — оқшаулану арқылы өздерін және жақындарын қорғау, сондай-ақ адам көп шоғырланатын орындарда жүрмеу.
Ал, санитарлық дәрігерлердің айтуынша, коронавирустық инфекцияның таралмауына бағытталған жергілікті билік органдарының жұмысына кедергі келтіруге тұрғындар құқысыз.
— Біз бір елде және бір өңірде тұрамыз. Сол себепті, облыстың басқа аудандарынан орналастырылатын ықтимал байланысушыларға қарсы болып жатқан жергілікті тұрғындардың әрекеті орынсыз. Барлық стационарлар қатаң тәртіпте болады, оқшауланғандардың барлығы тиісті санитарлық шараларды сақтайды. Сондықтан, жергілікті азаматтарға коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупі жоқ, — дейді Атырау облысы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі Департаментінің бас маманы Алмагүл Кушкинбаева.