Жергілікті полицияның жұмысы жұртшылықты қанағаттандыра ма?
Жергілікті полицияның жыл басынан бергі жұмысы туралы оның басшысы Нұрым Оразбаев есеп берді. Жаңа қызметке тағайындалғалы журналистермен бірінші рет жүздескен жетекшінің айтары аз емес екен.
– Халықтың тыныштығын сақтауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге баса назар аударылып отыр. Кешенді шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде облыста қылмыс саны төмендеп келеді. Мәселен, қоғамдық орында жасалатын қылмыс – 23, көшедегі бұзақылық 15 пайызға азайды, — деді облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Нұрым Оразбаев.
Полиция полковнигі учаскелік полицейлердің қызметіне көбірек тоқталды. Оның себебі де бар. Бұрын тұрғындар аумағына жауапты инспекторларды танымайтын. Қазір олар тоқсан сайын есеп береді. Қылмыстың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Оларды материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етуде айтарлықтай істер жетерлік. Былтыр жергілікті полицияға жаңа 100 автокөлік берілсе, оның біразы инспекторлар үлесіне тиді.
– Атырау қаласы мен оның іргесінде жаңа мөлтекаудандар пайда болуда. Осыған байланысты 20 учаскелік полиция бекетінің құрылысы басталғалы отыр. Кейбір аудан орталықтары мен селолық округтерде қосымша 14 учаскелік полиция бекетінің құрылыс жобалары жүзеге асуда, — деді Нұрым Кенжебайұлы.
Жаңа бекеттердің өзіндік ерекшелігі бар. Жоба бойынша учаскелік полицейдің жұмыс орны тұрғын үйімен қоса салынады. Бұл екі жаққа да тиімді. Жұртшылық полицейді аяқ талдырып іздеп жүрмей, бір жерден табады. Учаскелік инспектордың да аумағындағы ахуалды қадағалап отыруына мүмкіндігі бар. Айтпақшы, биыл жергілікті полицияның 20 қызметкері баспанамен қамтамасыз етіліпті. Жыл соңына дейін әкімдік қосымша 100 қызметтік пәтер бөлуді жоспарлап отыр.
Азамат БАЗАРБАЕВ.
Суреттерді түсірген:Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.