Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыЭкономикаҚоғам

«Жер жүрегімен сырласқан…»

Atr.kz/21 қазан, 2019 жыл. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде құрметті геолог, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, ғалым Қасым Тұхфатовты еске алуға арналған шара өтті.

Белгілі геологтың Атырау өлкесіне жасаған түрлі барлау, геологиялық экспедиция жұмыстарына, еңбек жолына үңіліп, бүгінгі жас ұрпаққа оның тұжырымды еңбектерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шарада алдымен «Жер жүрегімен сырласқан…» тақырыбында деректі фильм көрсетілді.

Жиынға Қасым Тұхфатұлының көзін көрген ел ағалары, өзі қызмет атқарған  Индер ауданының азаматтары, ардагерлер, колледж студенттері, жұбайы Қанзиба Өтеулиева, туыстары, ұрпақтары және музей қызметкерлері қатысты. Қатысушылар Отан игілігі үшін өз иірімін қалдырған Қасым Тұхфатұлының өмір-деректерінен арнайы жасақталған көрмені тамашалады.

img 20191018 wa0078

Қасым Тұхфатұлы Қазақ тау-кен институтының геологиялық барлау факультетін тәмамдаған соң, Индер геологиялық барлау экспедициясына қызметке тұрады. Еңбек жолында 1964-1982 жылдары экспедицияның бас геологы, 1983 жылдан 1988 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Индер геологиялық-барлау экспедициясының басшысы қызметін абыройлы атқарды.

Осы уақыт ішінде бар байлықты бауырына басқан Индер күмбезін ашып қана қоймай, кеннің соншалықты маңызын, халық шаруашылығына тигізер пайдасын зерттеп, 1987 жылы Алматыда өзінің ұзақ жылғы зерттеулерінің нәтижесі бойынша геология-минералогия ғылымдарының кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.

20191018 125844 1

Алайда, осы ғылыми атақтың  куәлігін алып келуге жұмысбастылықпен бара алмаған. Ол жаңалыққа жаны құмар іскер басшы, шебер ұйымдастырушы, жас мамандарға ақыл-кеңесін беруден жалықпайтын адам бола білді. Ғылыми атақтарынан басқа, есімі республиканың Алтын кітабына жазылған, Индер ауданының «Құрметті азаматы» атанды.

Жиын барысында Ұлттық ғылым академиясының академигі, геология-минералогия ғылымының докторы, профессор Мұфтах Диаров, Қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Мәдина Ғәбдісәлімқызы ғалым туралы өз естеліктерімен бөлісті.

Өзінің саналы ғұмырын туған өлкесінің жерасты қазба байлығын іздестіріп, зерттеумен өткізген, жеті қат жер қабатымен тілдескен геолог-ғалым, абзал азамат өмірден өтсе де, есімі кейінгі ұрпақтар жадында сақталады. Бұл ретте музейде атқарылып  жатқан жұмыстармен музей директорының орынбасары Сая Ғазимова таныстырды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

img 20191018 wa0067 1

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button