Жарнама
Жаңалықтар

Жер телімі – электронды кезекпен

Өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен жүздескен Атырау қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Хакім Шалтановтың айтуынша, тиісті телімдерін сұрап шаһар бойынша – 56669, оның төңірегіндегі елді мекендердегі 23458 адамнан өтініш түскен. Бүгінде 1999-2003 жылдары қабылданған арыздарға орай жер учаскелері берілуде.

жер телімі

Жалпы, бекітілген бас жоспарға сәйкес, алдағы уақытта облыс орталығының айналасындағы елді мекендерден жылына үш мың жер телімін бөлу көзделген. Әзірге Атырау ауылдық округіне қарасты Зарослый және Қайыршақтыдағы Талғайраң маңынан берілмекші. Бұрын жер инфрақұрылымсыз таратылса, енді оған мүлдем тыйым салынды. Ал, бұрын электр желісі, ауыз су мен табиғи газ құбыры тартылмаған, тас жол салынбаған учаскелерге осындай жұмыстар жүргізілуде.

Әйтсе де, осы орайда кейбір түйткілді мәселе де бар. Жоғарыда айтқанымыздай, қазір 1999-2003 жылдары өтініш берген азаматтар жер теліміне ие болуда. Дегенмен, солардың кейбірінің қайда екенін анықтау қиынға соғуда. Содан бері көбінің мекені өзгерген, байланыс телефондары ауысқан. Әрине, олар кезегі бойынша жер телімін алу құқығын сақтайды. Алайда, белгіленген уақытта хабарласпаса, онда кейін шегеріледі. Сондықтан, жергілікті ақпарат құралдарында жарияланған әр хабарландыруды мұқият қадағалағаны жөн. Оның үстіне, келешекте жер телімін электронды кезекпен жүзеге асыру жоспарланған.

Сонымен қатар, шағын сауда нысандары үшін жер телімдерін аукцион арқылы сату жүзеге асырылуда. Есепті мерзімде осындай үш шара ұйымдастырылды. Сатылымға қойылған 97 учаскенің 85-і  38 млн. 394 мыңға сатылды. Сондай-ақ, 2003-2016 жылдары бау-бақша және қосалқы шаруашылық жүргізу үшін азаматтардан жеті мың шамасында арыз түскен. Өкінішке орай, құрылыс жоспары дайын болмағандықтан, олардың өтініштерін қанағаттандыруға әзірге мүмкіндік жоқ. Бүгінде бұл мақсатта Ақсай, Мелиоратор, Бухарка, Сарыөзек, Жолшылар учаскелері және Атырау мұнай құбырлары басқармасы маңындағы жерлер таңдалып отыр. Осы алаңдарда топогеодезиялық жұмыстар мен жерге орналастыру жобасын дайындау үшін қаражат іздестірілуде. Ал, инженерлік жүйелер жүргізу үшін қаржы бюджетте қарастырылмаған. Демек, ауыз су, электр энергиясы мен табиғи газды бау-бақша иелері бағбандық қоғамдар арқылы өздері тартуы тиіс.

Әрі, Сарыөзек аумағынан ауыл шаруашылығы мақсатында жалпы көлемі 9,96 гектарлық бес учаскені конкурсқа шығару жөнінде құзырлы орындармен келісілді. Оның уақыты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Атырау қаласы әкімінің өкіміне сәйкес құрылған жұмысшы тобы шаһар маңындағы жерлерді анықтау үшін тексеру шараларын жүргізуде. Соның нәтижесінде мүлдем игерілмеген 289 учаске анықталып, шара қолдануға облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына жолданды. Осы орайда Құрманғазы атындағы өндірістік кооперативі жалпы көлемі 2163 гектарлық төрт жер телімін өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарды. Ал, 15 тұлғаға қатысты жалға алу шартын біржақты бұзу шаралары алынуда. Сондай-ақ, 30 шаруа қожалығына ауыл шаруашылығы құжаты табысталды.

Әйтсе де, Атырау қалалық жер қатынастары бөлімі қызметіне жеке және заңды тұлғалар тарапынан реніш те аз емес. Бұл туралы түрлі деңгейдегі басқосуларда жиі сөз де болады. Әсіресе, «Атамекен» палатасына кәсіпкерлерден түсіп жатқан шағым жеткілікті. Рас, қазір бөлім басшылығы ауысты. Мұндай кадрлық өзгерістен жұртшылық жұмыстың жүйеленуін күтеді. Дегенмен, журналистермен жүздесуде штаттың аздығы, қағаз айналымының көптігі көлденең тартылды. Бірақ, еш-қандай ақталу халыққа қызмет көрсету сапасына селкеу түсірмеуі тиіс.

 

2016 жылы бөлімге түскен құжат айналымы – 19915 дана.

Жалға алу және меншік құқын беру туралы келісім-шартты тіркеу – 3670 жер учаскесі иесі.

Биылғы қаңтар айында өткен комиссия отырысы – 113 рет.

2016 жылы жер телімі берілген жеке тұлғалар саны – 654 адам.

Меңдібай Cүмесінов

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button