Жарнама
Жаңалықтар

«Жер сілкініп, аяғы сынды»

Екі күндік іс-шараның екінші – негізгі кезеңінде «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының шеңберінде төтенше жағдайларға жедел ден қоюға бағытталған бірқатар практикалық іс-шаралар пысықталды. Облыс орталығының Элеватор маңындағы айналма жолы бойындағы көпір маңында оқу-жаттығу шараларын үйлестіру штабы, тұрғындарды тіркеу пункттері, уақытша орналастыру лагері, далалық госпиталь, асхана, дала асханасы, ауыз су, әжетхана, жуыну орындары жайғастырылды.

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев төтенше жағдайлар мен күштік құрылымдардың оқу-жаттығуға дайындығын көзімен көріп, жоғары бағалады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Рәтбек Демеубергеннің айтуынша, мұнда «Алтын сағат» қағидатын ұтымды пайдаланудың маңызы зор. Яғни, жер сілкінісі болғаны туралы хабар келіп жеткен алғашқы сәттен-ақ жедел қимыл танытып, уақытты зая жібермей адамдарды құтқаруға жұмыстану шарт. Осы қағидатты қатаң ұстанып, жіті қимылдаған құтқарушылар мен оқу-жаттығуға қатысушы құрылымдар тапсырманы берілген нұсқамалар бойынша дер кезінде және қатесіз орындап шықты.

– Техникалар теміржол платформалары арқылы тиеліп-түсірілді. Атырау қаласы, Индер кенті, Махамбет және Аққыстау ауылдары шартты түрде шкала бойынша 5-6 балдық жер сілкінісі тіркелген аймақтар ретінде анықталды, — деді департаменттің төтенше жағдайларды жою жөніндегі басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Жантөре Демешев.

Құтқарушылар L-410 тікұшағы арқылы жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуге бағытталды. Басқа облыстан пойызбен жеткізілген, баспанасыз қалған азаматтарды қабылдау және орналастыру жұмыстары ұйымдастырылды. Тұрғындарға қажетті азық-түлік, ауыз су, медициналық көмек және психологиялық қолдау көрсетілді.

Республикалық іс-шараға барлығы 280 адам, 29 техника, 15 азаматтық қорғау қызметі құрылымы қатысты. Бірінің қолы, екіншісінің аяғы сынған екі ер адамға мейірбике Мейрамгүл Алагөзова дәрігерлік көмек көрсеткен. Ал, психолог дәрігер Аружан Әбужайтова да мұндай жағдайда науқастардың тезірек сауығып кетуі үшін не істеу керектігін, қандай кеңестерге жүгіну қажеттігін маман ретінде түсіндірді.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button