Жер сатылмайды! Президент заңға қол қойды
Ауылшаруашылығы жерлерін пайдалану құқығы тек Қазақстан азаматтарына беріледі.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2016 жылғы 6 мамырда ҚР Президентінің Жарлығымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік компанияларға, сондай-ақ шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға жалға беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына жеке меншікке беруге мораторий енгізілді.
Мораторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанында аяқталатынын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заңнама жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды. Президент 12 наурызда осындай заң жобасын Парламентке жібергенін мәлімдеді.
7 сәуірде Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
14 сәуірде жерді шетелдіктерге беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліс Сенатқа жолдады.
29 сәуір күні Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтарған еді.
Мәжіліс жерді шетелдіктерге сатпау туралы құжатқа Сенат енгізген өзгерістермен келісті.Аталған заң бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ, қандастарға жеке меншікке және жалға беруге тыйым салынады.
Осылайша ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану құқығы тек қана Қазақстан азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлғаларға беріледі.