Жарнама
ЖаңалықтарСаясат

«Жер — пайданың емес, табыстың көзі» дейді кооператив жетекшісі Сабыржан Сұлтанов

«Оған осындай көзқарас қажет. Шаруа баққан жан бұл сөздің қадірін терең түсінеді. Жерге ерекше күтім қажет. Бос жатқан топырақтың құнарсыздыққа ұшырайтыны да – ғылыми дәлелденген аксиома» дейді «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Сабыржан СҰЛТАНОВ.

«Бұл орайда ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатты пайдалану қажеттілігіне байланысты Жер Кодексіне бірқатар өзгерістер енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауда осы мәселеге кеңірек тоқталып, «жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз» деді. Расында да, жер ресурстарын тиімсіз пайдалану – қазіргі өткір тұрған проблемалардың бірі.

Төскейіне төрт түлікті түгел өргізген біздің өңір үшін жер құнарлылығы – аса маңызды. Қыстық мал азықтық қордың негізгі бөлігін беретін «Қызыл оба» алқабына салынған орақ нәтижесіз емес. Жоспарымыздағы 1300 тонна қажетті өнімнің басым үлесі ауылдастардың қажетіне жұмсалады. Күн көзінде, жел өтінде жұмыс істеп жүрген шаруагерлердің еңбекақысын төлеуде де кідіріс жоқ. Жан бағу қамымен асыраған азын-аулақ  малына екі тіркеме жемшөп береміз. Еңбекақысы тағы бар. Сондықтан, еңбек етсең, жерді мақсатты пайдалана білсең – пайдасы шаш-етектен.

Жалпы, жер мәселесі – қазақ үшін қашан да қымбат. «Қарыс жерді қарсы тарапқа бермейміз» деген бабалар ұстанымына әркез адалдық танытқан жұртшылықты толғандырып жүрген тағы бір жайт – жер мәселесі. Бүгінгі Жолдауда да ел үшін маңызды мәселеге тоқталған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек» деген кесімді уәжін айтты. Ел ішіне алаңдаушылық туғызған былтыр арнайы құрылған комиссия құрамында болып, пікірлер тоғысын аңдадық. Ендігі кезекте мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығын иеленгендер де ерте тұрып, кеш жататын шаруагерлер қатарынан табылса игі. Өйткені, жер – өндірістің басты факторы» дейді спикер.

Гүлжан ӘМІРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button