Жеңіл атлетика ардагерімен еркін әңгіме: Желаяқтар неге жүгірмейді?

izobrazhenie 2021 02 19 150420 Жаңалықтар

Манаш (бұрынғы Теңіз) қыстағынан жыл сайын жазғытұрым Нарынқұмның бойына жайлауға көшіп шығатын олардың ауласында мал атаулыдан бірер бас сиыр мен он бес шақты ешкі ғана бар еді.

Олардың жайын баптауды бала кезден игерген бала Нұролланың ысқырығына ешкілер де көніп, «әйт-шуінен» ығысып тұратын. Өйткені, ұзынсирақ қара бала үшін әр түп жусанның басын бір шалып, бір орында байыз тауып жайылмайтын Сексек ата тұқымын қайырып алу аса қиын да шаруа емес. Егер ол орнынан қозғалса, шашау шығармай бір бағытқа иіріле қалатынын шыбыштар да сезетін секілді…

Құмда біткен мінез

Даладағы осындай жабайы спортпен шынығып, əбден шыңдалған Нұролла қайыңқаптал қара жігіт болып өсті, ержеткен сайын спорттан қол үзген жоқ. Баяғы заманда Грек еліндегі дала жарысында қарапайым бақташының жеңіске жетуіне ешкілер сеп болыпты дегенді естуші едік. Сөйтсек, ол жел сөз емес, ақиқат екен. Ақтылы қой отарының ық жағынан қаша жүріп, желдің бағытына қарай жылжи жайылатын ешкі деген түлікті бағу адамды табандылық пен ептілікке, шапшаңдық пен айлакерлікке əбден үйрететінін ауылдың қаратаяқтары жақсы біледі.

Жасы жетпіске келсе де, Нұролла Мəмбетовтің спортқа деген сүйіспеншілігі, ынтасының артуына бала күнгі сол тəрбие зор əсер еткені анық. Сонау 70-інші жылдары Алматыдағы дене шынықтыру институтында (қазіргі Қазақ спорт жəне туризм академиясы) «жеңіл атлетика» мамандығы бойынша білім алды. Жеңіл атлетикаға əуестігінің себебі əлгіндей болған Нұролла кейін облыс түгілі, республика көлеміндегі жеңіл атлетшілер сайысының үнемі басы-қасынан табылатын.

Атыраудағы жоғары оқу орнында ұзақ жыл бойы «алғашқы əскери даярлық» кафедрасының меңгерушісі болған Мəмбетов жастардан бір елі қалған жоқ, өзі де жарыстарға қатысып, спартакиадалар мен чемпионаттар, республикалық жəне халықаралық сайыстардың төрешісі болды. Ғылыми мақалалар мен əдістемелік оқу құралдарының да авторы. Бірнеше ондаған шəкірт тəрбиелеген ұстаз əлі күнге дейін білгенінен жаңылған емес.

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жарты ғасырға жуық тынбай еңбек еткен ол облыс аумағында спортқа, əсіресе жеңіл атлетикаға деген талаптың төмендігіне налиды. Абырой болғанда, жеңіл атлетика федерациясын құру туралы талай жыл жыр болып, ақыры ашылған. Оның мүшелігіне мұны да қосып, жарғысын бекітіпті.

  • – Жерлес атлетшілердің басын қосқан сол жиында марафон өткізу туралы əңгіме қозғалды. Сонда марафон ұйымдастыру арқылы қомақты қаражат түсіргенмен, жеңіл атлетиканы дамыта алмайтынымызды айттым. Жеңіл атлетика жарыстарын облыстық, қалалық деңгейде оқушылар мен студенттер арасында, жалпы бұқаралық спорт етіп өткізу тиімді болатынын айтып мəселе көтердім. Бірақ ешкім қолдаған жоқ. Керісінше, «жеңіл атлеттер болмаса қалай өткіземіз?!» деп, мəселені жылы жауып қойды.
  • Сосын спорт мектептерінде жеңіл атлетика бөлімін ашып, оған сырттан мамандар шақыртуды ұсындым. Оған қоса, жеңіл атлетика федерациясының жылдық күнтізбесін бекітіп, жыл аяғында есеп беріп тұру жөнінде ұсыныс жасадым. Соңында өзіме «сіз келсеңіз, əңгімені басқа жаққа бұрып, сөз таластыра бересіз» деп, маған реніш білдірді, – дейді ардагер спортшы.

Жеңіл атлетшілер арасында өтіп тұратын республикалық марафон жөнінде 2018 жылдан бері мүлде ұмытылған. Ара-тұра облыстық, қалалық деңгейде өткізілетін жарыстардың тоқтап қалғанына да үш жылдың жүзі болыпты. Спортшы ұстаздың пікірінше, жеңіл атлетика федерациясын қала əкімдігі қолға алуы тиіс. Өйткені, студенттерді, тіпті мұндай іспен бұрын-соңды машықтанып көрмеген өрендерді де тəрбиелеуге қалада мол мүмкіндік бар. Бар ғұмырын осы салаға арнаған Нұрекең кез-келген адамды бұл іске баулуда қыстың суығы мен жаздың аптабына қарамайтын бірбеткей азамат екенін шəкірттері де растайды.

Нұролла Мəмбетұлы Қытай елінен келген шəкірті Айдын Шалқарды тəрбиелеп, топқа қосты. Нəтижесі жаман емес. 2018 жылы марафонға қатысып, ІІІ орынға ие болды. Əлі күнге дейін ұстазының ұлағатынан айныған жоқ. Кəсіби спортта кəнігі жеңіл атлет «спорт шебері» минимумын қорғау үшін кем дегенде 9-10 жыл дайындалуы керек. Оның өзі 5 сатыдан тұрады: 1. Алдын-ала дайындық сатысы (12- 13 жас); 2. Жеңіл атлетикадағы бастапқы мамандану сатысы (13-15 жас); 3. Тереңдетілген машықтану (16-20 жас); 4. Спорттық жетілдіру (27-30 жас); 5. Ұзақ жылдар бойы дайындық деңгейін сақтай білу сатысы.

Ұстаздың айтуынша, спорт мектебінен арнайы дайындықтан өтпестен, қазіргі кредиттік білім бағдарламасы негізінде небəрі 4 жылда жоғары класты жеңіл атлет дайындау мүмкін емес. Теория жүзінде спортқа аяқ басқан адамның жетістікке жету деңгейін үш кезеңге бөлсек, 19-21 жас – үлкен жетістіктер кезеңі, 21-25 жас – жоғары мүмкіндіктерге жету деңгейі, 25-28 жас – ең жоғары жетістіктер деңгейі деп қарастырған жөн. Егер жеңіл атлет осы талаптарды толық меңгерген жағдайда ғана «спорт шебері» деген дəрежеге қол жеткізеді. Сондықтан, «есіктен кіріп, төр менікі» деу адамгершілікке де, кəсіби талаптарға да сай емес.

Федерация неге құлықсыз?

  • – Бұдан үш жыл бұрын «облыста жеңіл атлетика кешені (манеж) салынады» деген əңгіме көтерілді. Амал не, ол үшін жер телімі əлі бөлінген жоқ. Негізі, федерация ашылмастан бұрын салаға белгілі бір дəрежеде көмек болғанын мойындау керек. Жарыстар өткізіп, басқа өңірлердегі жарыстарға баруға қаржылай қолдаулар жасалды. Федерация ашылған соң жеңіл атлетиканың басынан бағы тайды. Бұл ұйым марафон ұйымдастырудан басқаға бас ауыртпайды. Мұндай құлықсыздықтың себебін ешқашан түсіне алмадым, – деп, спортшы ренішін де жасырған жоқ.

Ардагер-жаттықтырушы университеттің студенттері мен түлектерінен басқа, облыста кəсіби жеңіл атлетикамен айналысатындар жоқ екенін айтты. Өзен жағасында жүгіріп жүргендердің бəрі – жеңіл атлеттер емес, деннің саулығы үшін, салмақ қуу үшін немесе бос уақытында ермек қылып жүргендер ғана.

  • – Жеңіл атлетика – аптасына үзбестен кем дегенде 7 рет немесе 15-16 рет жаттығу жасап, разряд нормаларын орындау, ол көрсеткіштерді тек кростық жарыстармен емес, стадионда көрсету шеберлігі. Өйткені, ол тек жүгірумен шектелмейді ғой, жеңіл атлетикаға қашықтықта жүру, ұзындық пен биіктікке секіру, спорттық снарядтарды лақтыру, жеңіл атлетикалық көпсайыс түрлері де кіреді. Осындай мамандарды шақырып, оларға жағдай жасауымыз керек. Сонда ғана жеңіл атлетиканы көтеруге болады. Кеңес Одағы кезінде ел құрама командасының сапына алыну үшін 100 метрлік көрсеткіш 11,20 секунд болатын. Қазір менің студенттерім бұл нəтижені екінші курста-ақ көрсетіп тастайды. Енді оларды үлкен жарыстарға қатыстыру мəселесіне көңіл бөлген жөн. Айталық, тегін оқу, жарыс шығындарын төлеу, тамақпен қамтамасыз ету, дəрі-дəрмек, сол секілді басқа да қажеттіліктерін өтеу керек, – дейді Нұролла ұстаз.

2018 жылы Каспий маңы елдері студенттерінің жарысына қатысу үшін ұстаз студенттерді жаз бойы ауылдарына жібермей, дайындық жүргізді. Күніне екі рет жаттығу жасау, тамақтандыру шығындарын өз мойнына алған. Еңбек ақталып, атыраулық студенттер командалық есепте жүлдемен оралды.

Сөз соңы

Задында, жеңіл атлетика 10-12 жастан бастап шұғылданғанды қалайды. Тек жүйелі жасалып тұратын дене шынықтыру және сауықтыру шаралары ғана жақсы нәтижеге жеткізеді. Ертеңгілік жүгірген адамның көңіл-күйі көтеріліп, жұмысқа деген ықыласы жоғарыласа, кешкі жүгіріс күні бойы жоғалтқан күшжігерді қалпына келтіреді екен.  лбетте, балаларға арналған жеңіл атлетика мектебін ашып, бапкерлердің ынта-ықыласын арттырса, Атыраудан да желаяқтар шығатынына сенім кәміл. Ол үшін ниет болса жетіп жатыр. Ұстаздың асқақ арманы мен тілегі де осы емес пе?!

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз