Жем өзені мен Құрсай каналында түп тереңдету жұмыстары жүргізілуде
Құлсары қаласында Жем өзені мен Құрсай каналында ауқымды түп тереңдету жұмыстары қолға алынды. Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың мәлімдеуінше, бұл жұмыстар көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында жүргізілуде.
— Жалпы ұзындығы 95 шақырымды құрайтын жоба аясында Құрсай каналы – 46,1 шақырым, Жем өзені – 48,9 шақырым, сондай-ақ 61 шақырымдық бөгет салу жоспарланған. Қазір 35 шақырым жердегі түп тереңдету жұмыстары аяқталды: оның 4 шақырымы Жем өзенінде, 31 шақырымы Құрсай каналында орындалған. Сонымен қатар, бөгет тұрғызу жұмыстары да басталып кетті, — дейді Ж.Қаражанов.
Құрылыс алаңында 107 арнайы техника жұмылдырылған. Оның ішінде экскаваторлар, амфибиялар, жер сорғыш снарядтар, бульдозерлер, катоктар және басқа да заманауи құрал-жабдықтар бар. Жоспарға сәйкес, барлық жұмыс 2025 жылдың көктемгі маусымына дейін аяқталуға тиіс.
Бұл жоба аймақтағы су тасқыны қаупін азайтып қана қоймай, гидрологиялық жағдайды жақсартып, өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етеді деп күтілуде. Аудан басшысы бұл жұмыстардың жүйелі әрі сапалы орындалуын қадағалайтынын атап өтті.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА