«Жедел жәрдем» жарысы
Астана қаласында Қазақстанның барлық өңірлері мен литвалық 18 команданың қатысуымен «жедел жәрдем» бригадаларының III республикалық жарысы өтті. Ұлттық және халықаралық стандарттарды ескеріп, халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету дағдыларын жетілдіру мақсатындағы жарыста алғаш рет бағын сынаған атыраулық топ алғашқы жетіліктен орын алды.
Облыстық «жедел жәрдем» стансасының бас дәрігері Гүлнәфис Таңбаеваның айтуынша, сайысқа біздің өңірден бір дәрігер мен екі фельдшер қатысты. Барлық қатысушылар анафилактикалық шок, нәрестені реанимациялау, көп жарақат кезіндегі ситуациялық тапсырмаларды орындады. Оқиға орнында манекендер және стандартталған емделушілер пайдаланылды.
«Жарыста Израиль, АҚШ, Ресей, Малайзия мемлекеттері мамандарының қатысуымен шұғыл, төтенше жағдайларда көмек көрсету бойынша шеберлік сабақтары өтті. Бұл Қазақстанда симуляциялық оқытуда сала қызметкерлерінің тәжірибелерін шыңдауға, шеберлігі мен біліктігі арқасында дер кезінде медициналық қызметті ұйымдастыруға кеңінен мүмкіндік береді. Бұл ретте автоматтандырылған диспетчерлік ақпараттық жүйенің маңызы зор. Бүгінде Атырау қаласындағы жеті емхана осы жүйеге қосылып, мобильдік бригадалар жұмыс жасауда», — дейді Гүлнәфис Таңбаева.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА