Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

ЖЕДЕЛ СҰХБАТ: Атыраулық маман 42 500 теңге төңірегіндегі тың деректермен бөлісті

Atr.kz/10 сәуір, 2020 жыл.ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен жұмыссыз қалған тұрғындарды әлеуметтік қолдауға берілетін 42 500 теңге төлем қалай беріледі? Осыған орай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлеғариеваға хабарласқан едік.

– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің арнайы сайтында 42500 теңге көлеміндегі төлемді тағайындау жөнінде толық ақпарат бар. Жұмыссыз қалған адамдарды қолдауға бағытталған 42 500 теңге әлеуметтік төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінуде. Елдегі жағдай ескеріліп, оны алушылар категориясы да ұлғайтылды. Қазір ел бойынша оны алуға 351 мыңнан астам өтініш түссе, жетпіс мыңға жуық адамға аталған төлем тағайындалған. Біздің облыс бойынша 21 144 өтініш түссе, соның 5 972-сі мекеме ұйымдардан. Мемлекеттік корпорацияға 3 570 адамның өтініші жолданды.

– Бірыңғай жиынтық төлемдері (БЖТ) жоқ адамдарға 42 500 теңге төлем берілмейді дейді. Бұл рас па?

– Бұл рас. Өйткені, көптеген жұмысшы ресми емес жұмыста істейді. Олардың көбінде еңбек келісім-шарттары болмайды. Сөйтіп, олар салықты та, түрлі аударымдарды да төлемейді. Бірақ, соған қарамастан, олар да жұмыссыз қалғандықтан, 42 500 теңгені алуға үміткер. Осы орайда олар өздерінің мәртебесін өздері ресімдеп, міндетті түрде БЖТны төлеуі керек. Бұл қалалықтар үшін – 2 651, ал, ауылдық жерде тұратындар үшін – 1 325 теңге. Осы соманы бір рет төлейді де, белгіленген әлеуметтік төлемді айлар бойы ала береді.

– Бірыңғай жиынтық төлемдерді қалай және қайда төлейді?

– Халық банк, Форте банк, Сбербанк, Жусан банк, БанкЦентрКредит, Каспий банктердің филиалдарының мобильдік қосымшаларына немесе ұялы телефондарынан «SMS» жолдау арқылы төлейді. Мәселен, 5505 нөміріне хабарлама жіберіп, қалалықтар – «GORODESP ЖСН», ауылдық жердің тұрғындары «SELOESP ЖСН» деп көрсетеді.

– Альфия Байғанинқызы, егер біреудің банкіге берешегі болса, сол үшін банктің 42 500 теңгені ұстап қалуы мүмкін бе?

– Жоқ, бұл әлеуметтік төлем болғандықтан, одан ештеңе ұсталмайды. Банк бөлімшелеріне бұлай жасауға рұқсат етілмейді. Қазір керісінше көптеген банк клиенттеріне жеңілдіктер берілуде. Тек сәуірдің 4-6 аралығында мемлекеттік кірістер органдары жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалардың 320 мыңнан астам банктік шоттарына қойылған шектеулерді алып тастады. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінен мәлім еткендей, мұндай қадам 42 500 теңге өтемді алуға мүмкіндік беру үшін жасалып отыр. Осылайша, банк шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатылып, инкассалық өкімдер кері қайтарылуда. Бұл – әлеуметтік төлем алушы жандарға үлкен жеңілдік.

– Жұмыссыз қалғандардың белгілі бір кәсіппен айналысуы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жасақталуда екен. Бұл қалай іске асады?

– Қазіргі төтенше жағдай кезінде осындай игі шара қолға алынып жатыр. Оны жүзеге асыруға 1 трлн. теңге қарастырылып отыр. Бағдарлама бойынша жеті мыңнан аса жоба қамтылады деп күтілуде. Оның 300-ден астамы – өнімді, перспективалы жобалар. Сөйтіп, тұрақты жұмыс орындарын құруға жол ашылады деп ойлаймыз. Олар – әлеуметтік, инженерлік-көлік инфрақұрылымдар, тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, елді мекендерді абаттандыру және басқалары. Ал, біздің облыста осындай жобаларға 35 млрд. теңге қаржы қаралған. Осы қаржыға 7 113 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның ішінде 3 557-сі жұмыспен қамту орталықтары арқылы қамтылатын болады.

– Ел арасында «42 500 теңгені бала күтімімен отырған (сәбилері бір жастан асқан, жәрдемақы алмайтын) ана алатын болса, жұмыс орны сақталмайды екен» деген әңгіме бар. Осы рас па?

– ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, үш жасқа дейінгі баланың күтімімен отырған әйел-аналардың, бұл әлеуметтік төлемді алу-алмауына қарамастан, жұмыс орындары сақталатын болады.

Әңгімелескен: Лиза СЕЙТІМОВА

http://atr.kz/bez-rubriki/pandemiya-9-%d2%9baza%d2%9bstandy%d2%9bty%d2%a3-%d3%a9mirin-alyp-ketti/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button