Жарнама
Жаңалықтар

ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІҢ ЖЕМІСТІ ҚАДАМЫ

 

Осы бағытта жаңа басымдықтар айқындалып, тың міндеттер жүктелгендігі мәлім. Әсіресе, жергілікті мүмкіндіктерді жұмылдыра, отандық өнімдерді пайдалана отырып, жеңіл өнеркәсіпті өрістетуге айрықша назар аударылғандығы белгілі.

Бұл ретте, заманауи инновациялық технологияға негізделген мұндай жоба біздің облысымызда да алдын ала ойластырылып, қазірдің өзінде жүзеге аса бастады. Анығын айтқанда, ол толық өндірістік қуатына енген кезде жылына 1 мың тоннаға дейін шикізатты өңдеп, кәдеге жарата алатын Атырауда салынып жатқан жүн өңдеу фабрикасы болмақ. Іргетасы өткен  2014 жылғы қазан айының алғашқы күндерінде қаланған бұл нысанның жоба бастамашысы «Достан Ата» шаруа қожалығы болса, басқарушы компания «Атырау ПОШ» ЖШС болып табылады. Инновациялық жобаның қатысушылары «Достан Ата» ШҚ-ы мен «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Сонымен қатар, жобалау және құрылыс-монтаж жұмыстарын атқаруға қосалқы мердігер мекемелер де тартылған.

Жоба бойынша, бастапқы кезеңде мұнда жылына 100 тонна түйе және 350 тонна қой жүні өңделеді деп есептелінген. Яғни, арнаулы құрылғы-қондырғылардың көмегімен жуылып, тазаланып, басқа да бірнеше өндірістік процестен өткізілген малдың жүнінен жіп иіріліп, дайын өнімдер шығарыла бастайды. Келесі кезеңдерде жартылай фабрикат күйіне жеткізілген жүннен түрлі киімдер тоқып, халық тұтынуға жарамды тауарлар өндірісін жолға қою мүмкіндігі туады. Атырау қаласындағы бұрынғы химия зауытының аумағынан бой көтермекші жаңа кешеннің өзі әкімшілік ғимараты, жүнді жуып-тазалау, тығыздау, т.б.бірнеше цехтан тұрады.

Еліміздің «Индустрияландыру картасына» енгізіліп, екінші бесжылдықтың алғашқы жылдарында игілікке берілуі жоспарланған бұл кәсіпорынға қажетті құрал-жабдықтар Италия елінен әкелінеді, көп кешікпей олардың бастапқы партиясы да жеткізіледі деп күтілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары кестеге сәйкес орындалып, аяқталуға таяп қалған. Фабрика пайдалануға беріліп, толық қуатына қосылған кезде мұнда бір жылда 1000 тоннаға дейін жүн өңделеді деген болжам бар. Өндіріске керекті шикізат аудандардан және қала маңындағы ауылдардан (шаруа қожалықтары мен жеке сектордан) қабылданады.

Әлімжан БАЛЖІГІТОВ,

«Атырау ПОШ» ЖШС директоры.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button