Жарнама
Жаңалықтар

ЖАЗ ЖАЙНАТЫП, КҮН КҮЛДІРІП…

Соның ішінде 4500-дей шәкірт жаз айларындағы демалыс мезгілдерін облыстағы «Тұлпар», «Арай», «Жас өркен», «Қазақстан геологі» пансионаты тәрізді мемлекет қазынасынан қаржыландырылатын тынығу лагерьлерінде өткізеді. Осындай мүмкіндік оқушылардың бір бөлігіне отандық және бірлескен компаниялардың демеушілігімен жүзеге асады. Бұларға негізінен әлеуметтік осал топқа кіретін, аз қамтылған отбасыларының балаларын қамту көзделген. Мұның сыртында қалыптасқан дәстүр бойынша қала мен аудан орталықтарындағы білім беру мекемелерінің жанынан жазғы демалыс лагерьлері ұйымдастырылып, жұмыс жасауда.

Маусым айының алғашқы күндерінде Атырау қаласына қарасты Бесікті елді мекенінде орналасқан «Тұлпар» тынығу лагері жазғы демалыстың бірінші кезеңіне келушілерді қабылдады. Мұнда бес кезеңде (әрқайсысы 15 күннен, 250 оқушыдан) барлығы 1250 бала жазғы демалысын өткізеді деп жоспарланған. Жоғарыда айтылып кеткендей, лагерьге қабылданатын балалар да ең алдымен әлеуметтік жағдайына қарай іріктелінген.
Кеше, аталған демалыс орнының салтанатты ашылу рәсімі болды. Онда алдымен осындағы «Күншуақ», «Жасұлан», «Өркен», «Болашақ», «Жас қыран», «Сұңқар» және «Ақ желкен» атты жеті топқа немесе отрядқа топтастырылған жас ұландар сап түзеді. Атырау қаласы мен аудандардан жинақталған өрендер өз отрядтарының атаулары мен ұрандарын мүдірмей жатқа айтып, тәнті қылды. Еліміздің мемлекеттік Әнұраны шырқалып, Туы аспанға көтерілді.
Жиында облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев рәсімге қатысушыларды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан құттықтады. Лагерьде балалардың алаңсыз демалып, жазғы каникулдарын көңілді өткізуіне қажетті барлық жағдайлар туғызылып, тиісінше қаражат бөлініп отырғандығын жеткізген салалық құрылым жетекшісі тынығу орнының кезекті кезеңінің де сәтті өтуіне тілеулестігін білдіріп, ұстаз-тәлімгерлердің еңбегіне табыс тіледі. Бұдан кейінгі кұттықтау сөз кезегін Атырау қалалық білім бөлімінің өкілі Жұмазия Жолмұханова, лагерь басшысы Шолпан Есқалиева және мектептен тыс жұмыстарды ұйымдастыру орталығының директоры Айзада Түсіпқалиева, т.б. жалғастырды. Соңынан өнерлі өрендер салтанатты сәтті ән-жырларымен өрнектеп, әрледі.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button