
Жаз қызығы – көңілді демалыс
Міне, жадыраған жаз да келді. Оқу жылын аяқтаған балалар енді жазғы демалыстарын қызықты әрі тиімді өткізуді қалайды. Әсіресе, жазғы лагерьлер – олардың қуанышы мен жаңа әсерлерге толы әлеміне айналары анық. Сондықтан мұндай демалыс орындары тек көңіл көтеретін емес, сонымен қатар өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына ықпал ететін орта болуы шарт. Биыл өңіріміздегі жазғы лагерьлер қалай ұйымдастырылуда? Балалар демалысының сапасы қандай? Осы және өзге де маңызды сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Шет мемлекетте де демалады
Балалардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беретін жазғы лагерьлердің жұмысы биыл да жүйелі ұйымдастырылуда. Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Света Аманшиеваның мәліметінше, осы жылы өңір бойынша 134 мыңнан астам оқушы лагерьлерде демалады.
Оқушылар облыс аумағындағы лагерьлерде ғана емес, көршілес мемлекеттердегі сауықтыру орталықтарында да тынығуға мүмкіндік алуда. Мәселен, Ресейдің Железноводск қаласында орналасқан «Қазақстан Геологы» емдеу пансионаты арнайы санаттағы отбасылардан шыққан балалар үшін есігін айқара ашты. Сонымен қатар Индер ауданындағы «Жас Өркен» және Махамбет ауданындағы «Арай» лагерьлері де жазғы маусымда балаларды қарсы алып, шат-шадыман сәттер сыйламақ.
Өткен жылы да өңірде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға айрықша көңіл бөлінген еді. Биыл балалардың лагерьлерге қамтылу көрсеткіші жылдағыдан артып, бұл жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуге мемлекеттік қолдаумен қатар, бірқатар өндірістік компаниялардың демеушілігі үлкен септігін тигізбекші.
Білім беру ұйымдары жанынан тамақпен қамтылған және бейіндік бағыттағы бірнеше жүздеген лагерь де үш кезеңге бөлініп жұмыс жасайды. Демеушілік қолдаумен бірқатар бала Грузия мемлекетіне, «Балдәурен» оқу-сауықтыру кешеніне жазғы тынығуға жіберіледі.
Республикалық бюджет есебінен көптеген балалар еліміздің өзге өңірлеріндегі лагерьлерге жолдама алғалы отыр. Ақтөбе облысы мен Шымкент қаласындағы демалыс орындары да жоспарда бар екен. Ал елордаға жасалатын үш күндік экскурсия білім мен рухани жаңғыру бағытындағы маңызы зор шара болмақ.
Атап өтерлігі, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ауыл мектептерінде оқитын жүздеген бала Түркістан облысында орналасқан «Delve camp» ағылшын тілі лагеріне демалуға мүмкіндік алмақшы.
Соның ішінде әлеуметтік осал топтағы балалар – ерекше назарда. Жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, арнайы санаттағы отбасылардан шыққан, құқық қорғау органдарының есебінде тұрған және қолайсыз отбасылардан шыққан балалар жазғы демалыспен толықтай қамтылмақ.
– Облыстағы барлық музей арнайы санаттағы балалар үшін тегін қызмет көрсетеді. Республикалық бюджет есебінен 4 лагерьге 608 бала және 100-ден астам балаға жергілікті бюджет тарапынан еліміздің сакральды, тарихи, көрікті жерлеріне экскурсияны ұйымдастыру жоспарлануда,- дейді облыстық білім беру басқармасының өкілі Қадыржан Сапаров.
Жаңа жобалардың игілігі мол
Педагог кадрлардың кәсіби біліктілігіне де айрықша назар аударылған. Өткен жылы екі мыңға жуық мұғалім жазғы лагерьлерде тәрбиеші әрі ұйымдастырушы ретінде жұмыс істесе, биыл олардың қатары көбейіп, арнайы іріктеуден өткен 2300-ден астам педагог балаларға сапалы қызмет көрсетеді.
Білім беру басқармасы мамандарының сөзінше, оқушылардың жазғы демалысын көңілді өткізу мақсатында бірнеше жаңа жоба қолға алынуда. Мәселен, жұмысшы мамандықтарды дәріптеуді көздейтін «TECH CAMP» техникалық бағыттағы лагерінде балалар түрлі кәсіби дағдыларға машықтанады. Ал «IT camp Polytech» жобасы – жасанды интеллектіні меңгеруге құмар жасөспірімдерге арналған ерекше білім алаңы. Мұнда қатысушылар заманауи технологиялар негізінде ойлау қабілетін дамытып, инновациялық жобалармен айналысады.
Табиғатты сүюге және қорғауға баулитын «Эко-Патруль» жобасы да назардан тыс қалмаған. Ол «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында өткізіліп, жас табиғат жанашырларын экологиялық мәдениетке тәрбиелеуді мақсат етеді. Сонымен қатар, Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасымен бірлесе ұйымдастырылған «ГИД 167+» жобасы арқылы жазғы лагерьлерге экскурсия жетекшілері тартылып, балалар туған өлкенің табиғаты мен тарихи-мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік алмақ.
Жаңа нысандар бой көтермек
Балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру үшін өңірде инфрақұрылымды жаңғырту мен жаңа нысандардың құрылысын жүргізу бағытында да нақты жұмыстар қолға алынуда. Қазіргі таңда бірқатар лагерьде жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға беру үшін санитариялық-эпидемиологиялық қызметтердің қорытындылары күтілуде.
Мәселен, Индер ауданындағы «Жас өркен» балалар демалыс лагерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары 23 мамырда толық аяқталды. Қазір лагерьге санитарлық талаптарға сәйкестігін дәлелдейтін құжаттар берілгелі отыр. Ал Махамбет ауданындағы «Арай» лагері биыл уақытша басқа мекемеде орналастырылған болатын. №2 арнайы мектеп-интернатының ғимаратында болған демалушылар 25 мамырдан бастап өз орындарына оралған. Бүгінде лагерь аумағында жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
Жазғы демалыс маусымымен қатар, балалардың жыл бойы тынығып, білімін жетілдіре алатын жаңа орталықтар да бой көтеруде. Атап айтқанда, Махамбет ауданының Аққайың ауылында 200 орындық «Жас Дарын» оқу-сауықтыру лагері салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарын «БатысАльянсСтрой» ЖШС-і жүргізуде. Бұл лагерь болашақта дарынды балаларға арналған орталыққа айналуы мүмкін.
Сонымен бірге Құрманғазы ауданының Жасталап ауылында маусымдық 300 орындық балалар лагерін салуға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Бұл жұмыс облыстағы балалар демалысы нысандарының географиясын кеңейтуді көздейді. Осындай мақсатпен Атырау қаласының Бесікті ауылында жыл он екі ай жұмыс істейтін 300 орындық «Тұлпар» сауықтыру лагерінің құрылысы үшін де жобалық құжаттар дайындалуда.
Ал Жылыой ауданының Құлсары қаласында балаларға арналған 300 орындық жаңа сауықтыру лагерінің жобасы қолға алынған. Бұл жобалар іске асқан жағдайда өңірдегі балалардың демалуына арналған заманауи, қауіпсіз әрі жан-жақты дамуға бағытталған орталықтардың саны арта түспек.
Жарқын естелікке айналмақ
Психологтар мен тәрбиешілердің пікірінше, лагерьге барған бала қоғаммен араласуға, жауапкершілік алуға, тәртіпке үйренеді. Сондықтан жыл сайын лагерьлерге сұраныс артып келеді.
Рас, кейбір ата-аналар мұндай күндізгі лагерьлерді толыққанды демалыс деп қабылдай бермейді. Дегенмен бұл да баланың жазғы уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Қазіргі жастардың басым бөлігі демалыс күндерін телефон мен компьютерге телміріп өткізетіні жасырын емес. Таңнан кешке дейін смартфон экранына үңілген баланың психологиялық күйі де, денсаулығы да сыр береді. Көзі шаршайды, омыртқасы қисаяды, қозғалысы азаяды. Ең өкініштісі, бала виртуалды әлемге тәуелді бола бастайды. Ал мұндай жағдайда жазғы лагерь – баланы шынайы өмірге қайта оралтатын таптырмас мүмкіндік.
Мұнда бала телефоннан алыстап, табиғатпен тілдеседі, жаңа достар тауып, командамен жұмыс істеуді, өзін-өзі басқаруды үйренеді. Шеберлік сыныптары, спорттық жарыстар, шығармашылық кештер, мұның бәрі баланың өзін танып, жан-жақты дамуына жағдай жасайды. Бастысы, гаджетсіз өмірдің де қызықты, әсерлі болатынын өз көзімен көреді.
Мамандардың пікірінше, жазғы лагерьлер балалардың әлеуметтенуіне, белсенді демалыс арқылы денсаулығын жақсартуға және психологиялық тепе-теңдігін сақтауға үлкен әсер етеді. Экран алдындағы бос уақыттың орнына таза ауа, күн шуағы, қозғалыс пен эмоциялық сергектік келеді. Бұл – әсіресе мектепте күйзелісті көп өткеретін жасөспірімдер үшін өте маңызды екен.
Жазғы лагерьлердің жұмысы күн санап жанданып, мазмұны да байып келеді. Баланың қуанышты сәттері, шат күлкісі мен жарқын жүзінен артық қандай қуаныш болсын?! Бала күлкісі – өмірдің сәні, болашаққа сенім. Ендеше, әрбір баланың жазғы демалысы қызықты, мазмұнды әрі көңілді өтсін!
Еркеназ ҚАЛИЖАН
*Сіз не дейсіз?
Сара ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, жетекші мұғалім:
Ауыл балаларына үлкен мүмкіндік
Биыл Қызылқоға ауданынан бір топ оқушы Ресейдің Железноводск қаласындағы «Қазақстан Геологы» атты емдеу-сауықтыру пансионатына жолдама алып, 6–22 маусым аралығында ерекше демалыс күндерін өткізуде.
Ауыл балалары үшін бұл – тек демалыс емес, үлкен мүмкіндік. Жолға шығар сәттен бастап балалардың жүзінен қуаныш пен толқыныс сезілді. Әсіресе шекара асып, алғаш рет алыс сапарға шығуы олардың есінде өмір бойы сақталатыны анық. Ал пансионаттың табиғаты – бөлек әңгіме. Железноводск – шипалы ауасымен, таулы-көлді көркем табиғатымен танымал өлке. Мұндағы күн шуағына бөленген орман ішіндегі серуендер, емдік сулар мен түрлі сауықтыру шаралары балалар үшін жанға да, тәнге де қуат.
Балалар лагерьде түрлі қызықты бағдарламаларға қатысуда. Танымдық ойындар, спорттық жарыстар, шығармашылық шеберлік сағаттары, би кештері – бәрі де баланың жан-жақты дамуына бағытталған. Таңғы жаттығудан бастап, кешкі отбасылық отты жағуға дейінгі әрбір сәт көңілді, әрі мағыналы өтуде. Балалар жаңа достар тауып, өзара араласуды, сыйластық пен ұйымшылдықты үйренуде.
Бұл сапар денсаулықты нығайтып қана қоймай, балалардың ой-өрісін кеңейтіп, үлкен өмірге деген құлшынысын арттыратыны сөзсіз. Ең бастысы – ауылдағы баланың да әлемді көруге, жақсылықты сезінуге, өмірдің түрлі бояуын тануға құқығы бар екенін дәлелдейтін игі қадамның бірі болды. Шәкірттеріміз бұл сапардан шабытпен, сағынышпен және армандарға қанат біткен күйде оралары анық.
Қызылқоға ауданы
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА