Жайылымдық жер көбейеді
Атырау аумағында 7,6 мың гектар ауыл шаруашылығы жері игерілмей қалған. Биыл оның 5,7 мың гектары мемлекетке қайтарылып отыр. Ал, 131 жер телімі кәсіпкерлік мақсатта аукцион арқылы сатылды. Өңірде тұрғын үй салуға жер алу үшін кезекке 108 384 адам тіркелген, соның 85 пайызын Атырау қаласынан сұраушылар құрайды. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқали аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай деректерді жария етті.
Биылғы мамыр айында Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл заң құрамында Парламент депутаттары, қоғамдық қайраткерлер, белсенділер бар жер реформасы жөніндегі комиссия қызметінің қорытындылары бойынша әзірленген болатын. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқали осы құжаттың басты ерекшеліктерін айтып берді.
– Еліміздің ұстанған саясатының басты бағыты – қолданыстағы жер ресурстарын сақтау мен дамыту. Өңірде осы бағытта жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Атырау облысының жер қоры 11 млн. 863 мың гектарды құрайды. Оның денін ауыл шаруашылығы, елді мекендер жері құрайды, — деді ол.
Заңдағы жаңалықтың бірі – мемлекеттің жайылымдық жерді жекеден кері сатып алатындығы жөнінде. Облыстағы жайылымдық жердің көлемі –9 млн. 620 мың гектар. Дегенмен, ел ішінде иелігіне атшаптырым жер алғандар көп. Олар меншігін қоршап, ешкімді кіргізбейді. Осы себептен кейбір ауылдардың айналасына мал жаю мұңға айналды.
– Осыған орай, алдымен әрбір елді мекеннің шекарасын бекіту қажеттілігі туындап отыр. Қазір облыста 72 округ, 167 елді мекен бар. Кейбір аумақтардың қосылуы, өзгертілуіне байланысты 126 елді мекеннің шекарасын бекіту жұмыстары қолға алынуда. Іс-шаралар аяқталған соң сол ауылдағы мал санына қарай жайылымдық жерлер анықталады. Бұл жұмыстар алдағы екі жылда аяқталуы тиіс. Заң талаптарына сәйкес, жекеменшік жер иелеріне елді мекеннен тыс аумақтан жер ұсынылады. Қазірдің өзінде «игере алмадым» деп жерін кері тапсырып жатқандар кездеседі, — деді басқарма басшысы Әлібек Ермекқали.
Облыста тұрғын үй салу үшін жер сұраушылардың саны 108 384 адамға жетті. Соның 87 153-і Атырау қаласынан болып отыр. Бүгінгі талап бойынша жер телімі инфрақұрылымы жүргізілгеннен соң алушыға ұсынылады. Биыл 2003-2004 жылдары арызданғандарға 600 жер телімі беріледі. Сұраныстың бәрін бір сәтте қамту мүмкін емес. Алмалы, Береке ауылдарының аумағын Атырау қаласына қосу мәселесі осы мақсаттан туындапты. Тағы бір жаңалық, жер сұраушылардың тізімі қайтадан жасақталып, жер ресурстары бойынша геопорталға енгізіледі.
Азамат Базарбаев