Жарнама
Жаңалықтар

Каспий кубогына 43 миллион теңге тігілді

18-19 қазан күндері Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында Махамбет ауданы Алмалы ауылында көкпар, аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, аламан, топ және ұшқыр бәйге, жорға жарысы, құмай тазыдан жарыстар өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз брифингінде белгілі болды.  

sdr

Естеріңізде болса, былтыр облыс әкімінің тікелей қолдауымен,  елімізде, соның ішінде батыс өңірінде ұлттық спортты дамыту мақсатында бүркітшілер арасында республикалық «Қансонар» және «Дарабоз» сайыстары  ұйымдастырылған болатын. Биылғы шара – сол игі дәстүрдің заңды жалғасы деуге болады. Бұл жолғы жарыстың ерекшелігі сол, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия мемлекеттерінен қатысуға ниет білдіруші үміткерлер қатары көп. Тек бір ескеретін жағдай, өтініш белгілі бір мемлекеттің не клубтың атынан берілуі тиіс.

– Турнирдің тағы бір ерекшелігі, ұлттық спорт түрлерінің саны артты, — дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов. – Өйткені, халықтың оған құлшынысы да, қызығушылығы да жоғары. Атыраудың намысын екі команда қорғайтын болады. Нақты кімдер екені өтініш түскенде ғана белгілі болады.

Жерлестеріміздің жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар танылуы үшін оларға рух беріп, қолдау танытатын жанкүйерлер қатары көп болады деп сенеміз. Бұл үшін барлық жағдай жасалады. Атап айтқанда, «АйсТрансХолдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен тұрғындар үшін Авангард, Вокзал маңы мөлтекауданындағы «Дина» базарының жанынан және Махамбет ауданына шыға беріс айналма жолдарында орналасқан соңғы аялдамалардан турнир алаңына дейін (19 қазанда сағат 9.30-да) автобустар жүреді.

 

Еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұркен Байбөриевтің айтуынша, басты сайыс – көкпардың өту барысына кейбір өзгерістер енгізілген. Бірақ, бұрынғыша көп салым салған шабандоз «Алтын қамшы» иегері атанады. Ал, тазы иттердің жарысында тек қазақтың құмай тазысы ғана сынға түсе алады.

«Ұлттық спорт түрлері» федерациясының облыстағы президенті Асланбек Жанбалаев жүлде қоры қомақты екенін қаперге берді. Жалпы қоры 43 миллион теңгені құрап отыр. Ауа райына қатысты қолайсыздық туған жағдайда, 300 адамдық палатка мен мың адамға арналған жабық трибуналар болады. Сонымен бірге, отыз киіз үй тігіліп, ыстық тағам ұйымдастырылады. Айтпақшы, өңіріміз былтыр «ЭКСПО» халықаралық көрмесінде ұлттық спортты ұтымды ұйымдастыра білген аймақ ретінде танылған болатын.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Аламан бәйге – 31 шақырым:

1 орын – 5 млн., 2 орын – 3 млн., 3 орын – 2 млн, 4 орын – 1 млн., 5 орын – 500 мың теңге;

Топ бәйге – 15 шақырым:

1 орын  – 3 млн., 2 орын – 2 млн., 3 орын – 1 млн., 4 орын – 500 мың, 5 орын – 200 мың теңге;

Жорға жарысы – 6 шақырым:

1 орын – 3 млн., 2 орын – 2 млн., 3 орын – 1 млн., 4 орын – 500 мың, 5 орын – 200 мың теңге;

Ұшқыр бәйге – 3 шақырым:

1 орын – 3 млн., 2 орын – 2 млн., 3 орын – 1 млн., 4 орын – 500 мың, 5 орын – 200 мың теңге;

Көкпар:

1 орын – 3 млн., 2 орын – 2 млн., 3 орын – 1 млн. теңге;

Теңге ілу:

1 орын – 500 мың, 2 орын – 300 мың, 3 орын – 200 мың теңге.

Аударыспақ:

1 орын – 800 мың, 2 орын – 500 мың, 3 орын – 300 мың теңге;

Жамбы ату:

1 орын – 750 мың, 2 орын – 500 мың, 3 орын – 250 мың теңге;

Құмай тазы:

1 орын – 500 мың, 2 орын – 300 мың, 3 орын – 200 мың теңге;

Қыз қуу:

1 орын – 300 мың, 2 орын – 200 мың, 3 орын – 100 мың теңге.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button