Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Жайық бойындағы жарқын істер

Screenshot_5

Егіндіктің еншісі мол

Аумағы 3774 гектарды құрайтын егістік алқабының 1300 гектарына тамшылатып суару тәсілі қолданылады. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға жоғары болып отыр. Тиімді технологияны қолданудың арқасында егістіктен алынған өнім көлемі 13 пайызға осы көбейді. Жалпы облыс бойынша егістіктен алынған картоп пен көкөністің 33, бақшаның 38 пайызы осы ауданның үлесіне тиіп отыр.

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру, тұрғындарға делдалсыз егіс өнімдерін жеткізу мақсатында 65 жәрмеңке ұйымдастырылып, 33,8 млн. теңгенің өнімдері қолжетімді, нарықтық бағадан 15-20%-ға төмен бағамен сатылды. Осы мақсатта ауданның 8 шаруашылығында сиымдылығы 12050 тонналық қоймалар мен 12 шаруашылықтағы 4 гектар жылыжайлар пайдаланылуда. «АтырауАгроӨнімдері» серіктестігі тың жаңа жобаны қолға алып, 1 га жылыжайға лимон жемісін өсіруді, «Гюнеш» шаруа қожалығы интенсивті әдіспен алма бағын өсіруді бастады. Ауданда «АгроАймақ» құру мақсатында Сарытоғай ауылынан 80 гектар жер учаскесі белгіленді.

Атакәсіппен келген нәсіп

Мал шаруашылығында да өндірілген өнім көлемі ұлғайып, үлес салмағы өсті. «Сыбаға» бағдарламасымен 300 мүйізді ірі қара, екі шаруашылықтың жеке қаражатына 34 жыл жылқы сатып алынды. Асыл тұқымды түлік өсірумен ауданда 3 шаруашылық айналысады. Олардағы асыл тұқымды малдың үлесі барлық шартты мал санының 10 пайызын құрайды. Биыл 2401 мүйізді ірі қараға, 140 қойға түрлендіру жұмыстары жүргізілді.

Жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өткен жылы 662 млн. теңге, осы жылдың 10 айында 428 млн. теңге сомасында субсидия төленді. Бұдан бөлек, 2 шаруашылық лизингіге 3 «МТЗ-82» тракторын және 2 «КУН» шөп тиегіш техникасын иеленді. Ауданда 54476 тонна мал азығы әзірленіп, меже толықтай орындалды.

Игерілмеген жер – мемлекет меншігіне

Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешені саласына жаңа технологияларды тарту және цифрландыруға көшу жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауданда 3718 гектар егістік, 70000 гектар жайылымдық және шабындық жер электронды картаға енгізілді.

Жүргізілген түгендеу жұмыстарының барысында жалпы көлемі 49736 гектарды құрайтын 442 шаруашылықтың жерді мақсатты пайдаланбай отырғандығы анықталды. Алынған шаралардың нәтижесінде 261 жер учаскесі (36 567 га) мемлекетке кері қайтарылды. Қалған 180 жер пайдаланушыдан 13 169 га жерді қайтарып алу жұмыстары жалғасуда. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін пайдалануға беру жөнінде конкурс ұйымдастырылып, 44 шаруашылыққа 10 560 гектар жер табысталды.

Су арналары жөнделуде

Жалпы аудан аумағында ұзындығы 488 шақырым 8 канал бар. Бұл каналдар арқылы биыл 10,7 млрд. текше метр су беріліп, су пайдаланушы 51 шаруашылыққа облыстық бюджеттен 60 млн. теңге субсидия төленді. Тереңөзек каналына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Алға-Егіз, Сары-Өзек каналдарын күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, сараптамадан өтті. Жөндеу жұмыстарына қажетті қаржыға сұраныс берілді.

Ветеринариялық шаралар жоспарға сай жүргізілуде. Ауылдық округтер типтік үлгідегі мал өлекселерін салатын биотермиялық шұңқырлармен, ветеринария мекемелері арнайы автокөліктермен толық қамтылған.

Кәсіпкерлікке – кең өріс

Ауданда 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 3 кәсіпкер мемлекеттік грантқа ие болды. Жергілікті бюджет есебінен 7 кәсіпкер нысанына қажетті инженерлік инфрақұрылым (электр, газ желілері, жол) жүргізіліп, пайдалануға берілсе, екеуіне күн сәулесінен қуат алатын жел генераторлары орнатылды. Индустрияландыру картасы аясында құны 6,4 млрд. теңгенің 5 жобасы іске қосылып, олардың бәрі де жоспарлы өндірістік қуатына шығып отыр. Енді 2019 жылы жобалық құны 4832 млн. теңгені құрайтын, жылына 2600 тонна құс етін өндіретін ферманы іске қосу жоспарланған. Онда 80 адам жұмыспен қамтылады.

«Бастау–бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 131 адам оқытылып (жоспар 155), олардың 29-ы 273,3 млн. теңге несие алды. «Бизнес кеңесші» оқу бағдарламасымен 44 адам оқуға тартылып, оның 13-і 58,3 млн. теңгеге несиеге қол жеткізді. Махамбет ауылындағы «Нарын» базары коммуналдық меншікке алынып, оны жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Cол жерден «Бизнес инкубатор», кәсіпкерлерді қолдау орталығы және коммуналдық базар ашу жоспарлануда.

Әлеуметтің ахуалы жақсарды

Әкім Жәрдемғали Ахметовтің айтуынша, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ауданында мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдарда, қазыналық кәсіпорындарда 1214 адамның жылдық жалақы қоры 232 млн. теңгеге ұлғаяды. Ал, 8 кәсіпкер 24 адамның еңбекақысын көтеруді жоспарлап отыр.
Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 3 елді мекенде (Сарайшық, Жалғансай, Таңдай) көшелерді жарықтандыру, 1 ауылда (Ақтоғай) саябақты абаттандыру, 1 ауылда (Алмалы) жаяу жүргіншілер жолын, 1 ауылда (Махамбет) жазғы су желісін ағымдағы жөндеу, 3 ауылда (Есбол, Сарытоғай, Ақжайық) балаларға ойын алаңын орнату жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Махамбет ауылында былтыр 60 пәтерлік 3 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, қазір осындай 1 үйдің құрылысы жалғасуда. Әлеуметтік осал топтағы 10 отбасына бюджет есебінен 10 тұрғын үй сатып алынып берілді.

Қазір ауданда тұрғын үй алу кезегінде 731 адам, ал, тұрғын үй құрылысын жүргізуге 4660 адам кезекте тұр. Жеке тұрғын үй құрылысы алаңдарын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында 11 елді мекенге электр, газ желілерін тартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптама қорытындысы күтілуде.

Мұғалім мен дәрігер керек

Аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов шешімін күткен проблемаларды да айтып берді. Білім беру саласында жекелеген пән мұғалімдерінің тапшылығы әлі де сезілуде. Жалпы білім беретін мектептерде 24 мұғалім жетіспейді, соның ішінде орыс сыныптарына (физика, химия, тарих, география, орыс тілі, математика, музыка пәндерінен) дәріс беретін мұғалім жоқ. Сонымен бірге, биыл ауданға 7 жоғары білімді медицина маманы қызметке келгеніне қарамастан, әлі де 9 дәрігердің жетіспейтіндігі байқалып отыр.

Ауыл шаруашылығы саласында кәсіп ашуға бет бұрған адамдарды қолдау мақсатында Бақсай ауылдық округіне қарасты Есмахан, Көздіқара елді мекендеріне табиғи газ тартып, су тазарту қондырғыларын қайта жарақтандыру, ауыл ішіне жол салуды жалғастыру жоспарланып отыр.
Махамбет ауданында 10 айда

Жұмыс жасайтын ауыл шаруашылығы құрылымдары :
Серіктестік – 9
Ауыл шаруашылығы кооперативі – 2
Шаруа қожалығы – 214
Өндірілген өнім көлемі – 9 млрд. 16 млн. теңге
Нақты көлем индексі – 102%
Жыл басынан салаға тартылған инвестиция көлемі – 611 млн. теңге
Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18,6 есе артық.
Егістік алқаптың көлемі – 3774 га
Оның ішінде тамшылатып суарылатын алқап – 1300 га
Ауданның үлесінде облыс бойынша алынған картоп пен көкөніс – 33%
Бақша өнімдері – 38%

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button