Жауынды тоқтатудың жолы бар ма?

Атыраулық имамдар Алладан жауынды қырлар мен адырларға, сай-салаларға жаудыруды сұрап, дұға етіп жатыр. «Егер елді құрғақшылық басса ондайда жауын сұрау дұғасы жасалатын. Оны ата-бабаларымыз «тасаттық» деп атайды. Тасаттық беру кезінде ел жиналып құрбандық шалады, намаз оқып, Алладан жауын сұрайды. Және жауыннан кейін пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Аллам, бұл жауынның берекетін бере гөр» деп дұға еткен. Ал, егер жауын тоқтамай жауатын болса, мұндай жағдайда шариғатымызда қандай іс-амалдар бар? Дәл осы мәселені біз қазіргі кезде ескеруге тиіспіз» дейді орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров.

Адамдардың тұрмысына қиындық туғызатындай, әбігерге салатындай жағдайда пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Ұлы Жаратқан Алла Тағала, біздің үстімізге емес, жан-жағымызға жаудыра көр. Ұлы Жаратқан Алла Тағала, бұл жаңбырды қыр мен адырларға, сай-салаларға, ағаш өсетін, өсімдік өсетін жерлерге жаудыра көр» деп дұға жасаған екен. «Сондықтан, халқымыз дұғаны осылай жасайтын болса, біз Жаратқан жіберген жауынға қарсы болмай, керісінше дұғамызбен Аллаға жалбарынған боламыз» деген облыстың бас имамы дүйсенбі күннен бастап имамдар, жамағатпен бірігіп, жауынға байланысты дұға жасауды қолға алғандарын айтты.

Апталап жауған нөсер өткен жылы да атыраулықтарды әбігерге салған болатын. Мемлекеттік құрылымдардан бөлек, ол кезде де жауыннан зардап шеккен халыққа орталық «Иманғали» мешіті тарапынан қолдау көрсетіліп, су сорғыш көліктермен бірге, мұқтаж үйлерге қол көмегі де ұйымдастырылған еді. «Қазіргі жағдайда мешіт тарапынан ел болып бір-бірімізге көмектесуді, қол ұшын беруді насихаттап, жамағатты игі іске жұмылдырып отырмыз. Мешіттің есігі мұқтаж жандарға қашан да ашық» деген облыстың бас имамы Батыржан Мансұров жауын салдарынан зардап шеккен отбасыларды Аллаға тіл тигізуден сақ болуға, керісінше дұға етіп, сабырлы болуға шақырды.

 

Жауынды тоқтатуға жасалынатын қайырлы дұға:

«Ұлы Жаратқан Алла Тағала, біздің үстімізге емес, жан-жағымызға жаудыра көр. Ұлы Жаратқан Алла Тағала, бұл жаңбырды қыр мен адырларға, сай-салаларға, ағаш өсетін, өсімдік өсетін жерлерге жаудыра көр».

 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз