«Жасыл елге» онлайн тіркеу басталды
Atr.kz / 15 шілде, 2020 жыл. Елдегі жастарды жұмыспен қамту мақсатында жыл сайын «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жобасы жүзеге асырылып келеді. Биыл облыс бойынша еңбек маусымы 14 шілдеде басталды.
Атырау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба аясында 1000-ға жуық жас сарбаз жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Олар қаланы көгалдандыру, абаттандыру және құрылыс жұмыстарына тартылмақ. Аптасына бес күн жұмыс жасайтын сарбаздардың айлық еңбекақысы 65 000 теңге. Облыстық басқарманың бас маманы Айгерім Құрманберлиеваның айтуынша, кәмелет жасына жетпеген жастар сағат 9:00-ден 17:20-ға дейін, 18 жасқа жеткендер 9:00-18:00 дейн жұмыс жасайды. Сарбаздар арнайы киімдермен қамтамасыз етілмек.
«Жасыл ел» жасағының құрамына оқушылар, студенттер, пробациялық қызмет есебінде тұрған жастар, жұмыссыздар және NEХT санатындағы жастар қабылданады. Биыл жасылелдіктер қатарына қабылдау сайт арқылы, яғни онлайн түрде жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, құрылыс жасағының 100 сарбазы «НефтеСтройСервис ЛТД», «Орлан», «Жалынды құрылыс», «Техника-Рем-Строй», «Батыс-Строй-Сервис», «Ас Құрылыс», «Бекболатовтар құрылыс компаниясы», «Болат-Д», «Дан-Строй-База-ЛТД», «Сұңқар Құрылыс» сияқты компаниялардың қолдауымен еңбекпен қамтылатын болады.
Бұдан бөлек, еңбек маусымы шеңберінде #TrushtagAtyrau, #Tazameken, #UpgradeAtyrau, #PloggingAtyrau имидждік жобалары мен кеңкөлемді акциялары ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Өңірде орын алып отырған эпидемиологиялық ахуалға байланысты, еңбек жасақтары жұмыс барысында барлық санитарлық нормалар мен ережелерді және әлеуметтік ара-қашықтықты сақтайтын болады.
Даурен МАҚЫМ