Жарнама
Жаңалықтар

Жастардың жайы алаңдатып тұр

Жастардың махаббаты кейде дәстүр мен қоғамдық көзқараспен қайшылыққа түсіп жатады. Соның бір мысалы жуырда Атыраудағы колледж қабырғасында орын алған. Құдандалы әулеттердің ұлы мен қызының арасындағы сезім алғашында үлкендер үшін «ұят» саналып, екеуінің таңдауына қарсылық танытқан. Ал жас жүректер үшін бұл сезім – өмірлерінің мәніне айналған еді.
Қарсылық пен қысым ұл балаға ауыр тиіп, оның психологиялық күйзелісіне себеп болған. Тіпті бойынан суицидке бейімділікті аңғарған колледж ұстаздары мәселенің ушығып бара жатқанын байқап, екі жақтың ата-аналарын шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болыпты. Ақыр соңында екі әулет балалардың сезімін теріске шығармай, қолдау білдіруге келісімдерін берген.
Бұл жағдай Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия ұйымдастырған «Күш біріктіре отырып – жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын сақтаймыз» атты өңірлік семинарда сөз болды.

img 1366

Жиында мамандар мұндай оқиғалардың жастардың психологиялық саулығына, репродуктивті денсаулығына және болашақ өміріне тікелей ықпал ететінін атап өтті. Сонымен бірге ата-аналарға, ұстаздарға және жалпы қоғамға үлкен жауапкершілік жүктелетінін жеткізді.

img 1356


​Өңірлік семинарда алғаш болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев өңірдегі жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығына қатысты өзекті мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, соңғы екі күнде Жылыой, Мақат аудандарындағы және Атырау қаласындағы отбасын қолдау, дағдарыс орталығы, жастар денсаулығын қолдау орталықтарының жұмысы зерделенген. Кейбірі енді ғана ашылып, қызметін жолға қойып жатқанымен, әлеуеті зор және болашақта өңірдің әлеуметтік дамуына елеулі ықпал етпек.
– Ұлттық комиссияның мониторинг қорытындысына сәйкес, біздің облыс ерте жүктілік көрсеткіші бойынша республикада алғашқы үштікке енді. Бұл – алаңдатарлық жағдай. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, мәселені бүркемей, ашық талқылап, нақты шара қабылдауымыз қажет. Дегенмен, жүйелі жұмыстың нәтижесінде оң динамика байқалады: Бірақ босаңсуға болмайды. Мектептер, колледждер, ЖОО-лармен бірлесе жұмыс жүргізілуде. Психологтар, әлеуметтік педагогтар, медицина мамандары мен ҮЕҰ өкілдері арасында байланыс орнап, жастарға арналған түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде өтіп жатыр. Цифрлық құралдар арқылы қолжетімді ақпарат ұсынылуда, — деді Жасұлан Орақұлы.
Ол сонымен бірге семинардың тәжірибе алмасуға, тың ұсыныстар енгізуге және тиімді шешімдер қабылдауға үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. Әр өңірдің тәжірибесін жинақтап, республика бойынша қолдану – ортақ ісіміздің нәтижелілігін арттыратынын да жеткізді.


Содан соң сөз тізгінін алып модераторлық еткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі, Атырау облысының кураторы, «SAMRUK-KAZYNA TRUST» қорының бас директоры Альфия Адиева семинардың ашылуымен құттықтап, республика көлемінде жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде Ұлттық комиссияның бастамасымен алты өңірде өткізу жоспарланған шаралардың бірі екендігін айтты.
– Соның ішінде маңызды басқосулардың бірі – Атырау облысында ұйымдастырылып отыр. Өздеріңіз ақпарат құралдарынан білгендей, бұл тақырып қазіргі таңда аса өзекті болып отыр. Өкініштісі, өңіріміз осы бағытта қызыл аймақтың қатарында тұр. Дегенмен, сіздердің тараптарыңыздан бірқатар маңызды жұмыстардың жүзеге асырылып жатқанын көріп отырмыз.
Бүгінгі семинар барысында біз осы тақырыпты кеңінен талқылап, тәжірибе алмасып, әр өңірде іске асқан нақты кейстермен бөлісетін боламыз. Бұл – ортақ мақсатқа жету жолында өзара ынтымақтастықты нығайтуға үлкен мүмкіндік, — деді Альфия Дәулетқалиқызы.

img 1360


Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко Ұлттық комиссия сарапшылары уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың бірқатар өзекті мәселелер бойынша жұмыстары зерделеніп, жасөспірім қыздар арасында ерте жүктіліктің алдын алу бағытындағы жұмыстарға баға берілгендігін айтты.
– Бұл салада жағдайды талдау және тәуекелдерді бағалау бойынша мақсатты жұмыс жүргізілді. Оның қорытындылары осы жылдың маусым айында Астанада өткен Ұлттық комиссияның кеңейтілген отырысында қаралды.
Жалпы, 2016 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде 15–17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында туу көрсеткіші екі есеге жуық төмендеді. Сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы аборттар саны да тұрақты түрде азайып келеді. Дегенмен, кейбір өңірлерде жасөспірімдер арасындағы жүктілік пен аборт деңгейі әлі де жоғары болып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, елімізде жыл сайын 15-17 жас аралығындағы шамамен үш мың жасөспірім қыз жүктілік бойынша есепке алынады. Бұл көрсеткіш 2016 жылдан бері тұрақты тіркеліп келеді. Тек 2024 жылдың өзінде 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 22 босану оқиғасы, ал 15-17 жас аралығында 1455 босану жағдайы тіркелді. Әрине, біз мұндай көрсеткіштері жоғары өңірлерді ерекше атап көрсетіп, бұл мәселеге айрықша көңіл бөлуіміз қажет, — деді Елена Ивановна
Биыл алғашқы жеті айда облыстағы жасөспірімдер арасында 63 жүктілік жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда азайғанын көрсетеді. Былтыр мұндай жағдай 75 болған еді. Көбіне 17 жастағы қыздар арасында кездескен. Бұл жағдайлардың басым бөлігі Атырау қаласына тиесілі – 45 дерек, ал аудандарда – 18.
Жүктіліктің көпшілігі толық отбасынан шыққан жасөспірімдер арасында тіркеліп отыр. Олардың 84 пайызы әке-шешесі бар отбасынан болса, 16 пайызы толық емес отбасынан шыққан. Ал оқу орнына қарай бөлгенде, жартысынан көбі колледж студенттері, сондай-ақ мектеп оқушылары, оқымайтын жастар және аздаған ЖОО студенттері бар.
Қазіргі таңда 63 қыздың ішінде көбі жүктілігін жалғастырып жүр, бірқатары босанған, тағы біразы жүктілігін үзген.

img 1367


Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Әбілованың айтуынша, облыста жастардың репродуктивті және психикалық денсаулығын қолдауға бағытталған екі орталық жұмыс істейді. Олар – №7 қалалық емхана базасындағы «Сенім» және №6 емхана жанындағы «Самға» жастар денсаулық орталықтары. Бұл орталықтар ерте жүктіліктің, психоактивті заттарды қолданудың, зорлық-зомбылық пен суицидтің алдын алумен қатар, жасөспірімдерге кешенді медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетеді.
Басқарма басшысының орынбасары Алмагүл Исламқызының айтуынша, жасөспірімдер арасындағы жүктілікті төмендету үшін ата-аналармен жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды. Ол үшін жастар денсаулық орталықтарын контрацепция құралдарымен қамтамасыз ету, ата-аналарды бала тәрбиесі мен құқықтары жөнінде оқыту, сондай-ақ Жылыой мен Құрманғазы аудандарында жаңа жастар денсаулық орталықтарын ашу қажеттілігі туындап отыр. Бұдан бөлек, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға құқықтық әрі психологиялық қолдау көрсететін байланыс желісін кеңейту, тиісті ұйымдармен өзара әрекеттестікті жолға қою және проблемалық отбасыларды тәрбиеге қатысты семинарларға міндетті түрде тарту ұсынылды.
Пандемия кезінде еліміздегі барлық мектептер қашықтан оқуға көшкені белгілі. Онлайн сабақтар кезінде оқушылардың уақытты басқаруы қиындап, кейбір әлеуметтік мәселелердің күшеюіне әкелді. Соның бірі – Жылыой ауданындағы жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік.

img 1368


Аудандық білім және денсаулық сақтау салаларының деректеріне сүйенсек, 2019-2020 жылдары көрсеткіштер күрт өсіп, 45 жағдай тіркелген. Бұл аудан үшін айтарлықтай жоғары сан еді. Дегенмен кейінгі жылдары жүргізілген жүйелі түсіндіру жұмыстарының арқасында көрсеткіш біртіндеп төмендеді. Алдымен 30-ға, кейін 14-ке түсті. Соңғы үш жылда ерте жүктілік тек 16-17 жастағы жасөспірімдер арасында ғана тіркеліп отыр.
​Бұл өзгерістерге дәрігерлер, психологтар, қоғам белсенділері, ата-аналар кеңесі мен жергілікті биліктің бірлескен еңбегі ықпал етті. Жылыой аудандық ауруханасының перзентханасының меңгерушісі, аудандық мәслихат депутаты Сәуле Мамбетова сол кезде арнайы жұмыс тобы құрылып, мектептерде дәрістер мен әңгімелер өткізілгендігін жеткізді. Тек қыздармен ғана емес, ұлдармен де, тек аналармен емес, әкелермен де ашық әңгіме жүргізілген.
– Өткен жылдың алғашқы жеті айында 10 жағдай тіркелсе, биыл сол кезеңде небары 5 оқиға ғана анықталды. Бұл – біздің еңбегіміздің нәтижесі. Ерте жүктілік – халқымызға, қазақ қыздарына үлкен сын. Себебі қыздарымыз – елдің ертеңгі аналары, ұлттың болашағы. Сондықтан бұл тек мектеп пен ата-ананың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті деп ойлаймын, — дейді Сәуле Тұрдығалиқызы.
Облыстық «Аналар» кеңесінің төрағасы Злиха Дүйсекенова бүгінде қыз балалар арасында тәртіпсіздік пен жағымсыз қылықтар көбейіп бара жатқандығын жасырмайды. Соның ішінде ең сорақысы – ерте жыныстық қатынас пен оның салдарынан орын алып жатқан жасөспірімдер жүктілігі. Бұл бұрыннан бар тақырып болса да, заманына қарай жаңаша сипат алып, қауіпті жағдайға ұласуда.
– Біз қанша жерден тыяйық десек те, балалар өз бетімен «үйреніп», «тәжірибе жинақтап» жүр. Қоршаулы бақтың жемісі тәтті демекші, тыйым салған сайын қызығушылықтары артып барады. Соның салдарынан 7-сыныптың балалары жыныстық жолмен жұғатын инфекциялардан емделіп жатса, кешкі мектепке барып жүрген іші бөрткен жасөспірім қыздарымыз да бар. ҰБТ-ға дайындалудың орнына бала емізіп отырғандары кездеседі. Ақыр соңында біз тұмшалаған шындық өзімізді тұншықтырып жатқандай күй кешудеміз. Ерте жүктілікке тап болған қыз бала әлі әйел болып қалыптасып үлгермегендіктен, психологиялық дағдарысқа ұшырайды. «Күнәсіне» қысылып, әке-шешесінің, туған-туысының қас-қабағына қарап, жабырқап жасиды, қорланып қысылады. Елдің көзіне түсуден қашып, тасада өмір сүретін жағдайға жетеді. Ал мұндай қадам тек қыздың тағдырын ғана емес, бүкіл отбасының, тіпті қоғамның қасіретіне айналып барады. Ерте жыныстық қатынасқа барғандардың арасында жүкті болып, ата-анасын қайғы-мұңға батырғандары аз емес. Тіпті ар-ұяттан айырылып, жезөкшелікке бой алдырғандары да бар. Бұл – қазақ үшін ұлттық қасірет. Сондықтан ата-аналар қыздарымен ашық сөйлесіп, 7 жасынан бастап дұрыс тәрбие беріп, қате қадамнан сақтандыруы қажет, — деп атап өтті кеңес төрағасы.
Жиын соңында облыстық медициналық колледждің директоры Лаура Құбаева, Махамбет ауданы Қарабай Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінің тарих пәні мұғалімі, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Төре Паңгерей, облыстық маслихат депутаты, облыс әкімінің гендерлік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, «Атырау облысының іскер әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Фатима Төлеева, IT мектеп лицейінің математика пәнінің мұғалімі, Атырау облысы Жастар мәслихатының депутаты Мадина Еркінова секілді өзге де спикерлер барлық мектептерде қыздар кеңесінің жұмысын тұрақты жүргізу, мектеп психологтарының қыздарға арнап бірыңғай іс-шараларын пысықтау, аналардың қыз тәрбиесіне қатысты дәріс беру топтарын құру, сондай-ақ аналар көп жұмыс жасайтын мекемелерде мамандардың қатысуымен кездесу сағаттарын өткізу жұмыстарын жетілдіру керектігін айтып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button