
Жастар Жұмекен рухына құрмет көрсетті
Атырауда қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің авторларының бірі – Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдық мерейтойына орай тағылымды шара өтті.
«Тутұғыр» алаңында өткен бұл ерекше бастамаға өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері қатысты. Шара аясында 100-ге жуық жас ақынның бейнесін фотомозайка тәсілінде құрастырып, оны дрон арқылы жоғарыдан бейнеге түсірді. Бұл жастардың Жұмекен мұрасына деген құрметтің заманауи көрінісі болды.
Жастардың жалынды рухы мен патриоттық сезімін айшықтаған іс-шарада студенттер Мемлекеттік Гимнді орындап, әрқайсысы көк байрақты желбіретті.
Жастар ресурстық орталығының маманы Айкөркем Маратқызы шараның мән-маңызын түсіндірді.

–Жұмекен Нәжімеденов халқымыздың рухын жырлаған тұлға. Бүгінгі шара жастардың жүрегіндегі патриоттық сезімді оятып, ақын мұрасын ұлықтау жолындағы игі қадам. Ақын есімін ұлықтау арқылы біз ұлттық болмысымызды, мемлекеттік рәміздерді қадірлеуге үндейміз, — деді.
Жастар атынан сөз алған Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің II курс студенті Перизат Назарханова өз әсерімен бөлісті.

–Осындай тағылымы терең шараға қатысу біз үшін үлкен мәртебе. Жұмекен атамыздың шығармашылығы нағыз отансүйгіштіктің, рухани биіктіктің үлгісі. Бұл шара бізді ел тарихын құрметтеуге, мемлекеттік рәміздерге деген сүйіспеншілікті арттыруға ықпал етеді, — деді жас қатысушы.
Аталған іс-шара ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан қаламгердің шығармашылығын кеңінен дәріптеу, жастардың елдік құндылықтарға деген құрметін күшейту және мемлекеттік рәміздерге деген патриоттық сезімін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.
Майра ЕРҒАЛИ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ