ЖАСТАР ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ!
Әлемнің сыбайлас жемқорлыққа қарсы білек сыбана күресуі бекер емес. Сарапшылардың айтуынша, кейбір елдерде бұл келеңсіздік қоғамның тұрақсыздығына себепші болып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының бастамасымен қолға алынған халықаралық шарт осынау қауіптің алдын алуды, болдырмауды, сонымен қатар жемқорлардың жазасыз қалмауын көздейді. Бүгінде конвенцияға 140 мемлекет қол қойған, 80-і шартты бекітіпті. Қазақ елі де – жемқорлықты бұғаулауға шындап кіріскен мемлекеттердің қатарында.
— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты басымдылығы болып табылады. Бұл саясат – сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық қоғам институттары мен мемлекет органдары қолданатын шаралар мен әдістердің біртұтас жүйесі, — деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Марат Ахметжанов.
Форумның басты ерекшелігі, жемқорлық зардабының ашық айтылуында болды. «Жас Отан» Жастар қанаты Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Бопылдықовтың сөзін осы орайда мысалға келтіруге болады. Оның пікірінше, биыл еліміз бойынша 62 жоғары, арнаулы оқу орындарында жүргізілген «Парасыз сессия» акциясы талай келеңсіздіктің бетін ашқан. Студенттер жүргізілген сауалнамаға оқытушыларының (әрине, бәрі емес) қандай емтиханға қанша ақша алатынын көрсетіпті. Сонымен қатар, студент ақылы оқудан грантқа ауыспақ болса, ортадағы делдалдарға 500 мың теңге төлейді екен. Немесе «оқу орнында жұмыс жасап жатыр» деген жалған анықтама алғаны, жатақханаға орналасқаны үшін белгілі бір сомада қаражат шығарады. Ең сорақысы, сұрау салынған жастардың дені сессия, емтиханнан пара беріп өтуді үйреншікті дағды ретінде қабылдай бастаған.
Алқалы жиынға қатынаса отырып, бүгінгі жастардың бәрі мұндай тұжырыммен келісе қоймайтынын байқадық. Қадірлі Ерназар деген студент Атырау мұнай және газ институтының 3-курсында оқиды екен.
— 1-курста сабағымның күрделілігінен қатты қиналып жүрдім. Дегенмен, күнбе-күн оқып, емтихандарды өз күшіммен тапсырдым. Бүгінде институттың 3-курсында оқимын, осы күнге дейін ешкімге ешқандай пара беріп көрмеппін. Айтқым келетіні, оқимын деген адамға қашан да жол ашық, — деді ол.
Форум кезінде орындарынан көтеріліп, өзінің пікірін ашық, батыл, әрі шынайы жеткізген жастардың көбі жең ұшынан жалғасқан келеңсіздікке төзбейтіндігін аңғартты. Алқалы жиынның басты мақсаты да осы болса керек.
Азамат БАЗАРБАЕВ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.