Жастарға арналған «Жол картасы»: оның жаңалығы неде?
Атаулы жылға орай облыс жастарының жан-жақты дамуына және өзін-өзі дамытуға жағдай жасауға бағытталған «Атырау облысының жастарын қолдаудың 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы» жобасы жасақталуда. Бойында қажыр-қайраты мен білім-білігі бар қоғамның қозғаушы күшінен биыл ел нендей жаңалық күтеді? Олар қандай жобаларды қолға алмақ?
Жол картасы жайында жуырда «АпекПетроТехник» колледжінде өткен «Saraishyq Upgrade 2018» облыстық жастар форумында айтылды. Өңірдегі жастармен жұмысты жетілдіру, әлеуметтік өзін-өзі дамуына жәрдемдесу, әртүрлі жастар жобаларын құру және насихаттау бойынша оқытуды, бәсекеге қабілеттілікті арттыруды көздейтін форумға 150-ден аса жас қатысты. Мәдениет және шығармашылық, салауатты өмір салтын ұстану, бос уақытты тиімді өткізу, білім беру және кәсіптік бағдар беру бағыттары бойынша секциялық жұмысқа қатысқан аймақтың белсенді мүшелері атаулы жыл қарсаңында ұсынылған жобаларды талқылады.
Аталмыш жол картасы Мемлекет басшысының Жолдауына, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары мен «Бес әлеуметтік бастама» сынды мемлекеттік маңызы бар стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға негізделген. Жол картасы «Білімді ұрпақ», «Жастардың құзыреттілігін арттыру», «Жастар ресурстық орталықтарының жұмысын жандандыру», «Кәсіби бағдар беру», «Жастар үшін қолайлы орта», «Ақпарат толқыны» сынды негізгі алты бағытты қамтиды. Аталған бағыттар аясында жастардың барлық санатын қолдауға арналған шаралар, әлеуметтік сатының ауқымды платформасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақшы.
Сондай-ақ, жол картасын жүзеге асыру барысында қаржылық ресурстар жұмылдырылатын болады. Бюджеттік қаражаттар негізінен әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға, жастардың сапалы білім алып, кәсіби бағдар беруге, олардың бос уақытын тиімді өткізу инфрақұрылымын дамытуға, жастар ресурстық орталықтарының жұмысын жүйелендіру мен жұмысқа орналасуға жағдай жасау бағыттарына жұмсау көзделуде.
Жол картасының негізгі міндеттері – жастардың рухани, азаматтық, әскери-патриоттық тәрбиесіне ықпал жасау, бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау. Сонымен қатар, жастарды бұқаралық спортқа жұмылдыру, қолжетімді және сапалы білім алуына ықпалдасу мен жастардың бастамаларын қолдау және өзекті мәселелерді шешуге азаматтық сектор мен бизнес құрылымдарын жұмылдыру болып табылады.