Жасөспірімнің анасы жауапкершілікке тартылды
Басты тәрбиенiң отбасында берiлетiнiн ескерсек, көп жағдайларда ата-аналардың баланың оғаш әрекетке баруына себепшi болатынын байқаймыз. Яғни қадағалаусыз қалған бала өзiн еркiн сезiнiп, соның әсерiнен теріс жолға түскенiн байқамай да қалады. Мысалы, жуырда баласының білім алуына немқұрайлылық танытқан ата-ана жауапкершілікке тартылды.
– Сотта Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігімен Ж.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. Анықталғандай, құқық бұзушы Ж.-ның ұлы – 3 сынып оқушысы 20 күн бойы дәлелсіз сабаққа қатыспаған. Яғни, ата-ана кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және оған білім беру, сондай-ақ күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттерiн орындамаған. Сот отырысында анасы өз кінәсін мойындап, әрекетіне өкінді, — деді ювеналдық сот төрағасы.
Нәтижесінде жауапкершілікке тартылған жасөспірімнің анасына ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін айыппұл салынғаны белгілі болды.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА