Жас суретшілер сынға түсті
Бүгінде дүниежүзі нашақорлық дертінің алдын алу мақсатында түрлі шаралар қолданып, мәселені шешудің жолын іздеуде. Өкініштісі сол, бұл түтіннің тозағына буыны бекіп үлгермеген жасөспірімдердің түсіп бара жатқаны…
Осыдан 1-2 жыл бұрын жерлес жасөспірімнің синтетикалық затты жеткіземін деп тәртіп сақшыларының құрығына түскен еді. Иә, дер кезінде қимылдаған құқық қорғаушылардың қырағы әрекеті бозбаланың болашағын есірткінің тырнағынан арашалап алып үлгерді. … Әйтпегенде ше… Сорақысы сол, бұл әрекетке соңының жақсылыққа апармайтынын біле – тұра қылмысқа ерікті түрде барған. Ақша таппақ ниетте болғанын айтып, ақталады. Одан кейін жұртшылықтың жанайқайынан соң аталған дүниені сатып жүрген «ханшайым» да алысқа ұзамай, қамалды. Облыс спортын шет елдерде танытып жүрген спортшы замандасымыз трамадолдың тұсауынан шыға алмай, өз-өзіне қол салды.
Сол себепті, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, жас желектей жайқалып өсіп келе жатқан жас жеткіншектердің санасына ішімдік, темекінің адам баласын аздыратынын, одан аулақ болу жолдарын мысалдармен дәлелдеп түсіндіру, салауатты өмір салтына тәрбиелеуді маңызы зор. Жуырда облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Тағдырың өз қолыңда!» тақырыбында мектеп оқушыларының облыстық байқау көрмесі өтті. Онда жас суретшілер қоғам дертін қылқалам ұшымен бейнеледі. Мақсаты – оқушыларға зиянды заттардың денсаулыққа аса қауіпті екендігін ескерту, темекі шегуден аулақ болуға шақыру, нашақорлықтың алдын алу,балалалар мен жасөспірімдердің патриоттық, жалпы мәдени және рухани құндылықтарын қалыптастыру, салауатты өмір салтын ұстану. Сонымен қатар, сурет салуға икемі бар, талабы мен шеберлігі жоғары, қылқалам иесі болуға үміткер жас дарынды балалардың талабын ұштау, көркемдік шығармашылыққа баулу және дарынды балаларға қолдау көрсетуді діттеген шараға облыстың түкпір-түкпірінен 176 жұмыс тапсырылды.
Көрмені Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы салтанатты түрде ашып берді.
– Нашақорлық – есірткі заттарға патологиялық дағдыланудың нәтижесінде пайда болатын созылмалы ауру. Адамның әрекеттерінде, ой-сезімдерінде өзгерістер тудыратын табиғи немесе синтетикалық заттарды «есірткі» деп атаймыз.
Бұл дегеніміз – табиғи немесе жасанды түзілген, адамның сана-сезіміне өзгерістер әкелетін химиялық қоспалар, яғни психикалық белсенді заттар. Бұлар мидың қажетті нерв жүйесіне химиялық қозғау салу арқылы жауап ретінде психоэмоциялық рахат, ләззат сезімін тудырады немесе әлдебір қалыпсыз ауытқулар алып келеді. Бұл қоспалардың адам ағзасын өзіне тәуелді ету мүмкіндігі өте жоғары. Есірткінің кейбір түрлерін бір рет қолданған кісі оған өмір бойы тәуелді болады. Әсіресе, жүйке жүйесі әлі толық қалыптасып бітпеген жасөспірімдерге өте зиян, деді музей басшысы. Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Марьяна Жанғалиева да нашақорлық, одан жапа шеккендер туралы кеңінен айтып берді.
Қылқаламды жанына серік еткен жас суретшілердің еңбектерін ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, облыстық, республикалық көрмелердің қатысушысы, белгілі қылқалам шебері Исім Арыстанов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессордың міндетін атқарушы, Еуразия Дизайнерлер Одағының мүшесі Еркін Қоянғалиев, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінің “Өнер және мәдениет” бөлімінің меңгерушісі, педагог сарапшы, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісінің иегері Дәулет Салимовтер сынды кіл мықтылар сарапқа салып, бағалады.
Байқау болған соң жеңімпаздар мен жеңіліс тапқандар болары хақ. Бағы мен бабы шапқандар топ жарып, алға озды.
Рита ӨТЕУҒАЛИ