Жас ұрпақтың қуаты – Қазақстанның қуаты
Кеше Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өзгеше сипаттағы жиын – республикалық жастар форумы өтті. Бұл шараға Қазақстанның барлық өңірінен 1000-нан астам адам, соның ішінде кәсіпкерлер, өндірістің түрлі саласының еңбеккерлері, ғалымдар, студенттер, танымал спортшылар мен жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.
«Қазақстан жастары бақытты болсын! Қазақстанымыз, еліміз мәңгілік болсын!». Тәуелсіздік сарайында ұйымдастырылған форумға қатысуға арнайы келген Елбасы алғашқы сөзін осылай бастады. Мемлекет басшысы бұдан кейін Қазақстандағы 15-тен 29 жасқа дейінгі 5 миллионға тарта жасты форумның ашылуымен құттықтап, үлкен бақыт, зор денсаулық тіледі. «Бұл басқосуға еліміздің әр түкпірінен сан түрлі мамандықты игерген жастар жиналып отыр. Жас ұрпақтың қуаты – Тәуелсіз Қазақстанның қуаты. Бүгін – Тұңғыш Президент күні. Бұл – қазақ қазақ болғалы, Тұңғыш Президентін бүкіл халық болып, дербес түрде сайлаған елдің қуанышты күні.
Екінші қуаныш – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Бұл – ата-баба арманының орындалғанының айғағы. Біз барлық қиыншылықты көтеріп, елімізді әлем картасында белгіледік, сол арқылы оның дәрежесін көтердік. Ал еліміз мерейінің үстем болуы – барша халқымыздың еңбегінің арқасы. Біз бүгінгі күнге дейін жүзеге асырылған шаруалардың барлығын айтып жүрміз. Уақыт зымырап өтіп жатыр. Барлығы өте тез. Сондықтан, жастарымыз бүгінгі ахуалды, төңіректегі жағдайды осылай болуы тиіс деп ойлайды. Ол да дұрыс. Себебі, біз де солай ойлағанбыз. Бірақ та, аға буынның, ата-әжелеріңнің, әкелерің мен аналарыңның істеген қыруар жұмысының арқасында ғана біз Қазақстанымызды осындай жағдайға жеткіздік. Бұрын біз Кеңес Одағының бір бөлшегі едік. Ешкімге белгісіз. Сол бөлшектен ел жасау, жұрт жасау, оның барлық қажетті рәміздерін қабылдау, дүние жүзіне паш ету оңай болған жоқ. Түрлі қиындықтан өттік. Бүгін әл-ауқаты орта деңгейден жоғары мемлекеттердің ішіне кірдік. Бұл – барлығымыздың еңбегіміздің арқасы. Әрине, бүгінгі заман оңай емес. Сондықтан, болашаққа қарау керек», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Елбасы: «Сіздер Тәуелсіздікпен құрдассыздар. Сіздер Отанымыздың кеңестік тарихы, әке-шешелеріміз өмір сүрген жүйе, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қиындықтары туралы білмейтін алғашқы буынсыздар. Сіздерге басқа өмір таныс емес. Алайда, Тәуелсіздіктің бізге ғана емес, барлық халықтарға үлкен қиындықпен келетінін білулеріңіз қажет, – деді жиын аясында сөйлеген сөзінде. – Еліміз қиын жолды бастан өткерді. Мәселен, гиперинфляция, жаппай жұмыссыздық, өнеркәсіп орындарының жабылуы, жалақы мен зейнетақының жоқтығы. Сондай кезде бізге жұмыс істеу керек болды, Қазақстанның аяғынан тұрып кете алатынын дәлелдеу қажет болды. Бұл ретте түрлі жорамалдар айтылды. «Көп ұлтты, ішкі тұрақсыздығы, әлсіз экономикасы бар Қазақстан мемлекет бола алмайды» деген пікірлер болды. 90-жылдардың басындағы ешкім білмейтін, тұрмыс деңгейі өте төмен елдегі жағдай осындай еді. Алайда, біз бәрі керісінше екенін дәлелдедік».
Елбасы, сонымен қатар, Парламентті неліктен бірнеше рет таратуға тура келгеніне де тоқталды. «Ескі жүйе бойынша сайланған Парламент жаңа реформаларды жасауға қарсылық көрсетті. Сондықтан, жауапкершілікті көтеруге тура келді. Бір жағынан оларды да кінәлауға болмайды. Себебі, олар басқа формацияның адамдары еді. Жекешелендіру, нарық, еркін экономика, еркін саясат сияқты ұғымдар оларға түсініксіз болатын. Осылайша, сол дүрбелең жылдары биліктегі қатаң конфронтация жағдайында бірнеше рет Парламентті таратып, жауапкершілікті өз мойныма алуға тура келді. Сөйтіп, бес айда заңдық күші бар 147 Жарлықты дайындап, жарияладық. Ал бұл шешімдер Қазақстанның өзге посткеңестік елдермен салыстырғанда әлдеқайда алға озуына мүмкіндік берді», деді Елбасы.
Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміз тәуелсіздік алған бастапқы уақыттағы мемлекеттілікті қалыптастырудың қиын кезеңі туралы әңгімелеп, республикамызда жастардың өмірден өз орнын табуына бірегей мүмкіндіктер жасалғанына, жедел өзгеру үстіндегі қазіргі әлемнің заманауи талаптарына сай келетін, сын-қатерлеріне лайықты төтеп беретін сапалы білім алудың маңыздылығына назар аударды. Еліміздің жеткен табысының тарихы – ең алдымен оның жастары қол жеткізген табыстың тарихы екенін атап өтті. «Жас ұрпаққа, өткеніміз бен келешегімізге қамқорлықпен қарау әрқашан менің саясатымның басты мән-маңызы болып келеді. Әрбір жас қазақстандықтың білім алуына, жұмыс істеуіне, отбасын құруына, баспана алуына мүмкіндігі бар», деді Елбасы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Баршаға – кәсіби білім» бағдарламасының енгізіліп жатқанын айтты. «Мемлекет баршаның өндірістен жұмыс орнын табуына кепілдік беретін өмірдегі алғашқы жұмысшы мамандығын тегін алуға мүмкіндік туғызып отыр», деді Қазақстан Президенті. Осылай дей келе, Президент жұмысшы жастарды құрметтеуге шақырды. «Әлемде барлық нәрсе жұмысшы қолымен жасалады. Біз компьютер алдында отырамыз. Алайда, дәнді-дақылды себетін, жинайтын, нан пісіретін, темір қорытатын – жұмысшылар. Олар машина жүргізеді, үйлер салады, жөндейді, зауыттар тұрғызады. Бұл жерде менің айтпағым мынау: кез келген экономика жұмысшылардың арқасында дамиды. Сондықтан, жұмысшы жастарға құрмет көрсетейік», деді бұл орайда Елбасы.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жеті жыл бұрын басталған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына да тоқталды. «Бәрі ауылдан қалаға жаппай қоныс аударған кездер болды. Бұл – бүкіл әлемде бар процесс. Яғни, үлкен қалалар әрқашан адамдарды өзіне тартады. Алайда, біздегі жағдай өзгеше. Құнарлы жерлері, 40 миллион гектар егіс алқабы, 290 миллион гектар жайылымдық жерлері бар еліміз бүкіл әлемді органикалық өнімдермен қамти алады. Бүгінде тұрғындар саны өсіп келеді, ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс та бір орнында тұрмай, өскен үстіне өсе береді. Ауыл шаруашылығына сұраныс та ұлғая бермек. Өйткені, қалай болғанда да, адамға әрқашан күніне үш мезгіл тамақ ішу керек. Сол себепті біздегі ауыл шаруашылығы саласының болашағы үлкен», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жиын барысында Мемлекет басшысы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету ісіне зор мән беріліп отырғанын айтты. «Тек 2016 жылғы бірінші жартыжылдықта жас бизнесмендердің 55 жобасына банк несиелерінің пайыздық төлемдерін мемлекет тарапынан субсидиялау түріндегі қаржылық қолдау көрсетілді. Біздің мақсатымыз – еліміздің шағын және орта бизнесінің Қазақстан өнімінің жартысынан астамын өндіруіне қол жеткізу», – деді Елбасы. Сонымен бірге, Президент қазір Қазақстанда бизнес ашу үшін таптырмайтын кезең екенін жеткізе келе: «Жаңа индустриялық жобалар көптеп ашылып жатыр, бүгінде индустриялық бағдарламаны іске асырудамыз. Желтоқсанның 6-сы күні оның қорытындысын шығарамыз. Алғашқы бес жыл ішінде 1000-нан аса кәсіпорын ашылды. Келесі бес жылда тағы 300-400 кәсіпорын ашылмақ. Бұған қоса, ірі кәсіпорындардың айналасында шағын кәсіпорындар да пайда болуда. Бұл кәсіпорындар ауқымды компанияларға сервистік қызмет көрсетеді», – деді.
Мемлекет басшысы қазіргі таңда жекешелендірудің жүріп жатқанын, сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, жұмыс істеу керектігін, ал жастардың бұл процеске қатысуы үшін оларға көмектесулері қажеттігін де жеткізді.
Қазақстан Президенті «Жасыл ел» студент және жастар жасақтары жұмысына қатысушыларға айрықша ризашылығын білдірді. «Еңбек жасақтарының жұмысына 250 мыңнан астам жас атсалысты. Олар 150 мың гектар жерге 50 миллионға жуық ағаш отырғызды. Еңбек жасақтарының ізгі мақсаты – елімізді көгалдандыру және оның экологиялық тұрғыдан таза болуын қамтамасыз ету», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарында жас зерттеушілер мен ғалымдар санының артқанын айтты. «Жастарымыздың әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университетте білім алуына мүмкіндіктері бар. Бүгін жастар алдында бар әлемнің есігі ашық. Сіздер жақсы уақытта өмір сүріп, болашаққа нық қадам басып бара жатқан елмен бірге өсіп келесіздер. Ел ішінде де, әлемде де, соның ішінде мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас саласында да жұмыс жасайтын бір ғана қағида бар, ол – бәсекеліктің мәңгілік механизмі», – деді Елбасы. Президенттің айтуынша, соңғы 5 жылда жас ғалымдар саны 60 пайызға артқан екен. «Бізде Қазақстанның атын әлемге танытатын ғалымдар жетерлік. Талантты жастар бар, олардың ниеттері де, ойлары да бар. Мен Қазақстанның барлық жас ғалымдарына зор табыстар тілеймін. Сіздер біздің тарапымыздан үлкен қолдауды сезініп отырсыздар. Мәселен, біз Білім туралы арнайы заң қабылдадық. Егер сіздердің нақты жобаларыңыз, стартаптарыңыз болса, онда комиссия оның қаншалықты өміршең екенін анықтап, соған сай қаржы бөледі», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ғылыми қамтымды экономикаға көшу оның өсімінің икемділігін, қарқындылығын және орнықтылығын қамтамасыз ететінін атап өтті. «Сондықтан Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуы ғылыми қамтымды экономикаға негізделуге тиіс. Әлем жаңа технологиялық дәуірге аяқ басты. Оның үрдістері таңғалдырады, тәнті етеді және тамсандырады, сонымен бірге, ол елдің келешегіне қатысты мәселеге орай қатаң талап қояды. Болашақ біздің алдымызға мынадай үзілді-кесілді шарт қойып отыр: бар бол, жетіл немесе жоқ бол!» – деді Мемлекет басшысы.
Форум аясында Нұрсұлтан Назарбаев жаңа технологиялар заманында қоғам үшін сын-қатер болып саналатын құбылыстарға айрықша тоқталды. «Бұл инновациялардың артында тұрған негізгі әлеуметтік сын-қатер, ол – көптеген кәсіп түрінің жойылуы, жұмыс орындарының жаппай қысқаруы, яғни жаһан бойынша жұмыспен қамту аясының тарылуы. Бұған дейін менің бастамаммен әзірленген инновациялық индустрияландыру, «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламаларымен тығыз байланысты Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының өзектілігі ерекше артып келеді», – деді Елбасы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті дамыған елдердің университеттерінде қарқын алып келе жатқан жастар инновациясына баса назар аударды. «Қазақстан студенттері ортасында да стартап санының артуы үшін осындай қолайлы жағдай жасау қажет деп санаймын. Қазір еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында да алғашқы табысты жобалар пайда бола бастады. Осы тәжірибені өрістете түсу керек. Бұл – Білім және ғылым министрлігі басшылығының, жоғары оқу орындары мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшыларының міндеті», – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті туризм, құрылыс, халыққа қызмет көрсету салаларында, жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында еңбекпен қамтуға және кәсіпкерлікті дамытуға мол мүмкіндіктер бар екенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, сонымен қатар, спортшылар мен шығармашыл жастарға, барлық жас өнер қайраткерлеріне ыстық ықыласын білдірді. Бұл ретте, Елбасы мәдени бағдарлама аясында және «Болашақтың энергиясы» атты тақырыппен өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіндегі волонтерлер жұмысы барысында Қазақстанды лайықты деңгейде танытуларына тілектестігін жеткізді.
Сөзінің соңында Қазақстан Президенті баршаға денсаулық, бақыт және игілік тілеп, мемлекеттің барлық табысына еліміздегі тұрақтылықтың, тыныштықтың және 100-ден астам этнос өкілдері достығының арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.
«Егемен Қазақстан»,
2 желтоқсан, 2016 жыл.
Делегаттар сөз алады
Жаңа жетістіктерге бастады
Менің жасым 25-те. Тәуелсіздігімізге де 25 жыл. Яғни, республикалық жастар форумы «осы ширек ғасыр аралығында егемендік үшін не жасалды, жастардың дамуына, біліміне жұмсалған күш-қуат қандай нәтиже берді, бүгінгі таңда жастарымыз ертеңгі күнге сеніммен қарай ала ма?» деген сан сауалдарға жауаптар берген шара болды деп ойлаймын. Себебі, бүкіл Қазақстаннан мыңнан аса белсенді жас бір аудиторияға жиналды.
Биыл жазда Атырау қаласында заманауи концептуалды сауда, ойын-сауық орталығын, одан кейін «Төмен баға – жоғары сапа» форматындағы гипермаркет ашып, жерлестерімізді 1 мыңнан астам жұмыс орнымен қамтамасыз еттік. Өткен аптада ғана атыраулықтар көптен күткен балалар ойын алаңының тұсауы кесілді.
Біздің мақсатымыз – өңірдегі сауда жүйесін заманауи стандарттарға сәйкестендіру. Өзіміз қолға алған жобаларға жалпы сомасы 10 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарттық. Олардың басым бөлігі – несиелік қаржы. Алайда, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында біршама жеңілдіктерге қол жеткіздік.
Президентпен жүздесуде осы бастамаларымызды айтып, жаңа жеңістерге сенім берер күш-жігер алғаныма қуаныштымын.
Медет БАЙКЕН,
«BAIZAAR» сауда
орталығының басшысы.
Болашаққа – нық сеніммен!
Қазақ елінің Көшбасшысымен кездесу – мен үшін үлкен мәртебе, ұмытылмас сәт болды. Себебі, сан мыңдаған жастардың арасынан таңдалып шақырту алу – мен үшін жетістік.
Мемлекет басшысымен кездесу өмірімде қойған мақсаттарымды айқындауға, бағдарлауға жол ашады деп сенемін. Тәуелсіз Қазақстанның жалынды жастарымен жүздесуге жағдай жасаған Елбасыға үлкен алғысымды білдіремін.
Әлемдік державада ойып тұрып орын алатын, экономикасы дамыған, жастары білімді, кез келген елмен бәсекелесе алатын, рухы биік, мақсаты айқын Қазақ елінде туғанымды мақтан тұтамын. Бабалар сан мың жыл аңсаған айшықты мереке Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Тұңғыш Президент күні Ұлт Көшбасшысымен кездесу шалғай ауылдағы мен секілді жасқа үлкен міндет, жауапкершілік жүктеді. Сондықтан, осы форумда айтылған міндеттерді өз жерлестеріме жеткізбекпін.
Нұрбол БИЖАНОВ,
Қызылқоға аудандық мәслихатының депутаты.
Ел қорғаны – біз!
Форумда Елбасымен жүздесу жастарға жаңа леп, жалынды жігер берді. Бұлай деп айтуға үлкен себеп бар. Өйткені, Мемлекет басшысының ел игілігіне жасап жатқан еңбегі ерен. Сондықтан, әрбір жас Ұлт Көшбасшысынан үлгі алуы тиіс.
Қартына қадірлі, жасына қорған бола білген Елбасымен кездесу мен сияқты қазақтың қарапайым баласы үшін ғұмырымдағы үлкен жетістік болды деп айта аламын.
Мақсатымыз бір — Мәңгілік ел. Оның алғашқы іргетасы қаланды, енді қабырғасын қайыстырып алмай, еліміздің бірлігін бұзбай, берекесін сақтап, қорғанысымызды мықтап, бұдан да қуатты Қазақстан қоғамын дамыту –басты міндет.
Жасұлан САТЫБАЛДИЕВ,
Атырау облысы қорғаныс департаментінің
әскерден тыс дайындық бөлімінің басшысы.
Отан оттан да ыстық
Форумды ұйымдастырушылардың мақсаттарының бірі – жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру болса, ол ниет көздегеніне жетті деп ойлаймын.
Патриоттық сезімдері бойларын кернеген азат елдің ұландары бірінен соң бірі сөз алып, тәуелсіздіктің арқасында жеткен жетістіктерімен бөлісті.
Біз – тәуелсіз елдің патриотымыз. Сондықтан, туған Қазақстанымыздың биіктерге көтеріліп, экономикасының дамуы үшін білімімізді шыңдап, өзге елдер жастарының алдына шықсақ, Қазақстан әлем халқы қызығатындай болатындығына сенемін.
Дәурен СЕЙТҚАЛИЕВ,
«Жастар таңдауы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.
Өмірімдегі ерекше сәт
Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған тарихи форумда мемлекетіміздің әр аймағынан әр салада қызмет ететін өз ісінің майталман жастарымен бірге мен де Қазақстанды әлемге танытып, Алаш жұртының абыройын асқақтатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге мүмкіндік алдым. Бұл – менің өмірімдегі ерекше сәт.
форумның пленарлық отырысына қатысқан ҚР Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов жастарға табысқа жету үшін талапты болумен қатар, білімді болу қажеттігін, білім, ғылым саласы мемлекет назарынан еш уақытта тыс қалмайтынын баса айтты. Міне, осы қамқорлықты біз дұрыс пайдаланып, алға қарай ұмтылуымыз қажет.
Әйгерім ҚҰСПАНОВА,
Индер аудандық
жастар ресурстық
орталығының жетекшісі.