Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыЭкономикаҚоғам

«Жас отау» жалғасын табады

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ – халықтың тұрғын үй алуға қолжетімділігін арттыруға бағытталған   «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының негізгі операторы. Бұған Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында да басымдық берілген. Оның үстіне, Мемлекет басшысының өткен жылдың тамыз айындағы Атырауға сапары барысында да бұл мәселеге баса назар аударылып, нақты тапсырма берілген болатын. Осылайша, аталған бағдарлама аясында биылғы жылдың басында 500 атыраулық банк салымшысы немесе отбасы жаңа қонысты болады деп күтілуде.

ÁleÝmet

Бұл жөнінде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Ренат Құсманов мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламаны төмендегідей үш бағытта жүзеге асыру көзделген. Біріншісі – тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы қаржыландырылатын тұрғын үй құрылысы. Екіншісі – жекеменшік құрылыс компаниялары салатын құрылыстарды ынталандыру. Үшіншісі – жеке тұрғын үй құрылысын дамыту. Осыған байланысты, банк «Жекеменшік құрылыс компаниялары салатын құрылыстарды ынталандыру» бағыты бойынша қатысатын үш кәсіпорынмен келісімге қол қойған. Олар – «АВЕ&К», «Болашақ-Т» ЖШС-тері, «Атырау ӘКК» АҚ.

Басқаларынан басты артықшылығы сол, мұнда құрылыс компаниясының екінші деңгейлі банктен алған қарызының жылдық қайтару мөлшерлемесін 7 пайызға дейін арзандатуына мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган (қала немесе аудан әкімдігі) салынып жатқан құрылыс нысанына инженерлік коммуникациялардың тартылуын қамтамасыз етеді және  аумағын абаттандырумен айналысады. Құрылыс жұмыстары аяқталысымен компания пәтерлердің 50 пайызын, яғни тең жартысын салымшыларға сату жөнінде  банкке ұсыныс жасайды. Мұның өзі, банк салымшыларының нарық бәсінен төмен бағамен бас-паналы болуына мүмкіндік береді. Егер қазір 1 шаршы метр тұрғын алаңның нарықтағы орташа бағасы 240 мың теңге болса, мемлекеттік бағдарлама бойынша 220 мың теңгеден аспайды.

Осылайша, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына қатыса отырып, банк салымшыларының 7 пайыздық жылдық үстемеден басталатын алдын ала және аралық қарыз алуына мүмкіндігі бар. Бүгінде банк аймақ басшылығымен бірлесіп, медицина қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскен. Бұл бағдарламамен денсаулық сақтау саласының 297 қызметкері 1 шаршы метрі 180 мың теңге тұратын тұрғын үйге қол жеткізбек. Нақтырақ айтқанда, бір бөлмелі пәтердің құны 8 млн.теңге болса, екі бөлмелі баспана 9,8 млн. теңгеге бағаланып отыр.

Мамандардың түсіндіруінше, мұндай пәтерді сатып алу үшін салымшының 20 пайыз мөлшерінде бастапқы жарнасы  және несие  жөніндегі жылдық мөлшерлемесі 7 па-йыз болуы тиіс. Үміткерлердің тізімі облыс әкімдігі арқылы жинақталып, сәйкесті құжаттарымен бірге банктың қарауына жолданады. Тұрғын үйлердің жоспарға сай салынуын «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қадағалап отырады.

Биылғы белестің «Жас-тар жылы» болып жариялануына орай, мемлекеттік қызметшілер ғана емес, жас отбасыларының да баспаналы болуына басымдық берілмек. Осы мақсатта банк облыс әкімдігімен бірлесіп, «Жас отау» өңірлік бағдарламасын қабылдап отыр. Көп кешікпей, аталған бағдарлама аясында жобаланған жұмыстарды бас-тау жоспарланған. Дәлірек айтқанда, Атырау қаласының Нұрсая мөлтекауданынан жас жанұялар үшін 100 пәтерлік үйдің құрылысы бой көтермек. Бұл бағдарлама бойынша бір шаршы метр тұрғын алаңның құны 179 000 теңгені құрайды. Оның өзіндік талаптары да бар. Мәселен, бағдарламаға қатысып, баспаналы болудан үміткер жұбайлардың жастары 29-дан аспаған, Атырау облысының немесе қаланың тұрғыны болуы керек. Оған қоса, атында тұрғын үйі тіркелмеуі тиіс.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button