Жас өлкетанушылар жолға шықты
Atr.kz/1 тамыз, 2019 жыл. Жуырда Қызылқоға ауданының Қарабау орта мектебінің жас өлкетанушылары өңірдің киелі жерлеріне саяхатқа шықты. Ең алдымен, дауылпаз ақын, батыр Махамбет Өтемісұлының мәңгілік тыныстаған Қарой елді мекеніне барды.
Туристік сапар «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында киелі орындар мен тарихи тұлғалардың өмір жолдарын, ерліктерін, елге сіңірген еңбектерін тереңірек білу, оны келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылды.
Саяхат Қаройдағы Махамбет баба мазарында батыр рухына дұға етуден басталды. Жас өлкетанушылар ақынның отты жырларымен, 1836-1838 жылдардағы шаруалар көтерілісінің тарихымен, зерттеуші-ғалымдардың еңбектерімен танысты. Мазардағы естелік кітапқа қолтаңбаларын қалдырды.
Сондай-ақ, жас саяхатшылар Ұлы Жібек жолының ортағасырлық қаласы Сарайшық музей-қорығына ат басын тіреді. Мешітте құран оқылып, жеті хан кесенесіне тағзым етілді. Одан әрі Сарайшық музей-қорығының қызметкері Назерке Қартанбай әрбір жәдігерлердің шежіресімен таныстырды.
Әсіресе, өлкетанушыларға Секер көл аңызы мен ортағасырлық және болашақ Сарайшық қалаларының макеттері ұнады. Жас саяхатшылар Жайық өзенінің жағасындағы көне Сарайшықтың орнында да болып бірқатар мәлімет алды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА