Жарнама
Жаңалықтар

«Жас маман» бағдарламасының 40 түлегі Атырау мұнай өңдеу зауытына жұмысқа орналасты

Атырау мұнай өңдеу зауытында «Жас маман» бағдарламасы табысты жалғасып жатыр. Бүгінде 52 түлек оқуын аяқтап, олардың 40-ы зауытта тұрақты жұмыспен қамтылды. 5 студент кәсіпорын есебінен оқуын жалғастыруда. Жоба қатысушылары жыл сайын өтетін конкурстық таңдау нәтижесінде іріктеледі.

Аталған зауыттың баспасөз қызметі өкілінің хабарлауынша, кәсіпорын түлектерді өз қаражаты есебінен Қазақстан, Қытай және ТМД мемлекеттеріндегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында өндіріс үшін қажетті техникалық мамандықтар бойынша оқытады. Жобаға қатысатын білім ордаларының қатарында Қазақ-Британ техникалық университеті, Satbayev University, Astana IT Univеrsity, Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті, Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университеті, Мәскеу мемлекеттік университеті және Тяньцзинь технологиялық университеті бар. 

Үлгерімі жақсы студенттерге зауыт стипендия төлейді. Өндірістік тәжірибе және тұрақты жұмыспен қамту міндеттерін де зауыт өз мойнына алған.  

Атырау мұнай өңдеу зауыты бәсекеге қабілетті жұмысшы мамандар даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөліп келеді. Кәсіпорында 2016 жылдан бері дуалды оқыту бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Соңғы екі жылда 19 студент зауытқа жұмысқа орналасты. Өндіріске жас мамандарды тарту мақсатында АМӨЗ және Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. 

Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «ҚазМұнайГаз» еңбеккерлердің біліктілігін арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлуде. 

Халықаралық бағдарламалар орталығымен арадағы меморандум негізінде зауыт мамандары шетелде ғылыми тағылымдамадан өтіп, әлемнің үздік университеттері мен алпауыт кәсіпорындарында біліктілігін арттыруға мүмкіндік алды. «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында Атырау мұнай өңдеу зауыты аймақтағы оқу орындарымен байланысты одан әрі күшейтіп, мұнай өңдеуші мамандығын кеңінен насихаттауды жоспарлап отыр.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button