«Жас ұлан» – жарқын болашақ бастауы
Атырауда «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдердің республикалық бесінші форумы өтті. Ел егемендігінің 25 жылдығына арналған шараға мұрындық болған – Атырау облыстық білім беру басқармасы мен «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының көшбасшысылары.
Форумның пленарлық бөлімінде республикалық ұйым төрайымы Д.Сәдуақасованың «Еліміздегі «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының қызметін дамытудың перспективалық жоспарлары», облыстық ұйымның атқарушы хатшысы Мартагүл Қанатованың «Жас ұлан» бірыңғай балалар қозғалысын мектеп бастауыш ұйымдарында дамытудың тиімді жолдары» баяндамалары тыңдалды. Форум қонақтары Ақмола облысы «Жас ұлан» бірыңғай балалар ұйымы қоғамдық бірлестігінің атқарушы хатшысы М.Зәкіров, Батыс Қазақстан облысының ұланбасы Өтегенов Жарқын және Атырау өңіріндегі ұйымның белсенді көшбасшысы, 2016 жылғы облыстық «Үздік ұланбасы» жүлдесінің иегері Атырау қаласындағы №22 мектебінің 9 сынып оқушысы Нұрсәт Сиғуатовтар сөз сөйлеп, ұйымдағы атқарылып жатқан істері мен ұсыныстарын айтып өтті. Берілген ұсыныстар негізінде форум резолюциясы қабылданды.
Шарада «Жас ұлан» ұйымының жұмысын жандандыруға сүбелі үлес қосып жүрген Атырау өңірінде бес жыл бойы нәтижелі еңбек еткен тәлімгерлер, ұйым жұмысын аудан, қала шеңберінде жүргізген үйлестіруші-атқарушы хатшылар және білім бөлімдерінің тәрбие әдіскерлері республикалық ұйымның атынан Алғыс хаттармен марапатталды.
Шара соңында «Жас ұлан» туы сахна төріне шығарылып, жас өнерпаздардың орындауындағы ән-билермен жалғасты.
Абай Ақмұрзиев
Суреттерді түсірген:
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.