Жарнама
Жаңалықтар

Жас дарындар инновациялық идеяларын ұсынды

Бүгін Атырау қаласындағы Абай атындағы оқушылар орталығында облыстың жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары арасында «Инновациялық идеялар» атты әлеуметтік жобалар байқауы өтті.

Байқаудың басты мақсаты – талантты, ойы озық жастарды анықтап, олардың шығармашылығын, ғылыми-зерттеу қабілетін, инновациялық бастамаларын қолдау. Сонымен қатар оқушылардың өзекті әлеуметтік және қоғамдық мәселелерді шешуге бағытталған жобалар дайындауына мүмкіндік беру.
–«Инновациялық идеялар» байқауы – жас буынның шығармашылығын, зерттеушілік қабілетін, технологияға деген ынтасын дамытуға арналған тиімді алаң болды. Осындай жобалар оқушыларды жаңашыл ойлауға, қоғамға пайдасы тиетін нақты жобалар жасауға бағыттап, олардың кәсіби бағдарлануына үлкен серпін береді. Ең бастысы – бұл байқау балалардың өздеріне деген сенімін арттырып, болашақта үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашады, — дейді Абай орталығының директоры Мақаш Ілиясов.

Байқауға облыс бойынша жүздеген оқушы қатысып, тың идеяларын көпшілікке ұсынды. Олар ғылыми зерттеу, технологиялық жаңалық, робототехника, экология және кәсіпкерлік салаларын қамтыған жобаларын қорғап, қазылар мен көрермендерге таныстырды.
Байқау төрт бөлімнен тұрды. «Жас өнертапқыш» бөлімінде техно-шеберханасы бағыты бойынша оқушылар өздері құрастырған электронды оқулықтар, компьютерлік және мобильді ойындар, білім беру платформалары мен мобильдік қосымшаларын таныстырды. Жас өнертапқыштар IT-технологияны білім мен ғылымға ұтымды пайдалана отырып, жаңашылдыққа бағытталған жобаларын ұсынды. Ал «ROBO WORLD» роботтар турнирі аясында қатысушылар тұрмыстық өмірді жеңілдетуге арналған ақылды құрылғылар мен роботтарды ұсынды. Олар жасанды интеллект пен автоматтандыру жүйелерін қолдана отырып, адам өмірін жеңілдететін инновациялық құрылғылар жасап шықты. Бұл бағыт балалардың инженерлік қабілеттері мен техникалық дағдыларын дамытуға бағытталған бірегей алаң болды. «ECO-LIFE» облыстық тәжірибелік алаңы аясында оқушылар экологиялық мәселелерді шешуге арналған жобаларын таныстырып, салауатты өмір салты мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы зерттеу жұмыстары мен қысқаметражды Stop-motion бейнероликтерін ұсынды. «БИЗНЕС-TIME» бизнес идеялар жәрмеңкесінде қатысушылар өздерінің кәсіпкерлік жобаларын қорғап, өндіріс, қызмет көрсету, медиа, сауда, қоғамдық тамақтану, инновация және ойын-сауық салаларындағы идеяларын ұсынды. Сонымен қатар олар Instagram әлеуметтік желісінде #byznestimedarynatyrau-2025 хештегімен өз жобаларына арналған бейнемазмұндарын жариялап, цифрлық коммуникация құралдарын пайдалану дағдыларын көрсетті.
Байқауға қатысқан әрбір оқушы өзіндік жаңашыл идеямен ерекшеленді. Кейбір жобалар болашақта іске қосылуға дайын кәсіби деңгейде ұсынылды. Бұл – Атырау облысында білім берудің сапалы дамып, ғылым мен инновацияны меңгеруге деген оқушылардың қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Жеңімпаздар мен үздік жобалар байқау соңында арнайы марапаттармен, Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Тоғжан ЕРМЕК

Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button