Жарнама
Жаңалықтар

Жарылыстан көз ашпаған далам-ай…

Семей полигоны ардагерлері Атырауда бас қосты

Полигон

 «Қазақстан  ядролық полигонды жапқан және көлемі бойынша төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан, сонымен қатар, Орталық Азияда ядросыз аймақ қалыптастырған тарихта бірінші мемлекет болып табылады»

 Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 

Тарих парақтарын ақтарсақ, сонау 1947 жылдың тамызында КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен «№2 жаттығу полигоны» делінген атом сынақ алаңын құру туралы шешім алынғанын білеміз. Оған да, міне, биыл тура 70 жыл толады екен. Кейін ол Семей полигоны атауымен белгілі болды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен Атырау мемлекеттік университетінде «Семей» ядролық сынақ полигоны ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігі аймақтық ұйымының ұйымдастыруымен үлкен шара өткізілді. Оған облыстардағы ұйым төрағалары мен белсенділері қатысты. Олардың бәрі – полигон төңірегінде әскери міндетін өтеген, жұмыс жасаған және одан зардап шеккен жандар. Республиканың әр түкпірінен келген тағдырластар мұнайлы мекенде бас қосты.   Мақсат – күллі адамзатқа зор қасірет әкелген жарылыс салдарынан кейінгі ұрпақты хабардар ету, сынақ алаңында болғандардың түйінді проблемаларын атқарушы билікке жеткізу. Шараны жоғары оқу орны баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлфайрус Қайырғалиева жүргізді.

Жалпы, Семей полигонында алғашқы жарылыс 1949 жылдың 29 тамызында жасалды. Кеңестік кезде ол үлкен жетістік ретінде бағаланып, киноға да түсірілді.  Қазір экраннан тамашалап жүргеніміздей, дүмпу соққысынан жақын тұстағы елді мекендердің тас-талқаны шығып, жалын шарпыған жер өртке оранған. Оның қуаты Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары  Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбаларының радиациялық күшінен 2,5 мың есе көп еді. Осы полигонда ғана 40 жыл бойы сынақ жүргізілді. Барлығы бір миллион шамасында адам радиациялық сәулеге шалынды.

Тек 1989 жылғы 26 ақпанда ғана орталық телеарнада сөйлеген сөзінде атақты ақын және көрнекті қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов Қазақстанда ядролық сынақ жүргізуді тоқтату қажеттігін тура айтты. Сол жылғы сәуірде «Невада-Семей» халықаралық қозғалысы өмірге келді. Ол республика жұртшылығы тарапынан кең қолдауға ие болды. Тіпті, Жапония, Түркия, Ресей, АҚШ, Италия, т.б. мемлекеттерде филиалдары құрылып, әлем халқының назарын аударды. Дүниежүзілік дүмпудің әсері ме, әлде әлемдік саясатта жылылық сезілді ме – әйтеуір, сол жылғы 19 қазанда соңғы жарылыс жүзеге асырылды. Ал, 1991 жылғы 29 тамызда Мемлекет басшысының жарлығымен мұнда сынақ жұмыстары мүлдем тоқтатылды. Кейін бұл дата Қазақстан жағының бастамасымен, Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйғарымымен Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттің халықарлық күні болып белгіленді. Еліміздің егемендігі туралы декларацияда республиканың ядролық қарусыз аймақ екендігі айтылған.

Ал, өткен жылғы шілдеде құрылған «Семей» ядролық сынақ полигоны ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің Атырау ұйымы қысқа мерзімде біраз істің ұйытқысы болып үлгерді. Оның жетекшісі Білім Қаршегенов кезінде осында әскери борышын өтеген. Енді, міне, өзі секілді адамдардың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүр.

Іргелі оқу орнының оқытушыларымен және студенттерімен кездесу барысында сынақ салдары мен оны тоқтатудың маңызы туралы кеңінен сөз қозғалды. Жастар да байыпты пікірлерін білдіріп жатты. Келген қонақтар келелі ойларымен бөлісті. Орал мен Ақтөбе және Қызылордадағы «Семей» ядролық сынақ полигонының ардагерлері және мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары Мағжан Бисенғалиев, Болат Қамысбаев пен Анатолий Егай әсерлі әңгіме айтты. «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары  Бақберген  Қарабаев,  «Семей-Невада» халықаралық ядролық сынаққа қарсы қозғалысының республиканың батыс өңірі бойынша филиалының төрағасы Ізімғали Көбенов, ақтөбелік заңгер Асқар Бөлеков, Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Бекет Кенжеғұлов, исатайлық ардагер Мұрат Бектенов жиналғандарды келешекте мұндай қасіретке жол бермеуге шақырды.

Жалпы, ядролық сынақ алаңдары туралы сөз болғанда өзіміздегі Азғыр да ойға оралады. Мұнда 1966-1979 жылдары қуаттылығы әртүрлі 17 жарылыс жасалған. Солардың дені жетіқат жер астында жүзеге асырылғанымен, үстіне де зардабын тигізгені кәміл. Мәселен, жарылыс алаңдарындағы өсімдіктер мен топырақтағы радий және цезий мөлшері рұқсат етілген деңгейден анағұрлым көп болды. Ал, олар өз кезегінде ауаға таралып жатыр емес пе? Мамандардың тұжырымдауынша, сынақ салдарынан пайда болатын плутоний-239 изотопының ыдырау уақыты 24000 жылға жетеді екен. Бұл қаншама ұрпақтың ғұмыры?! Семей полигонында 470 рет жарылыс жасалған. Яғни, сол маңдағы жердің сау тамтығы қалмағаны ғой. Жүздеген адам көз жұмды. Қазақстандағы, Маршалл аралдарындағы, Жапония мен Алжирдегі сынақ салдарынан 15 млн. бейбіт тұрғын зардап шекті.

 

Тағдырластар тарықпасын…

Білім  Қаршегенов,

«Семей» ядролық сынақ

полигоны ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы:

– Семей полигонында әскери борышымызды өтедік. Көп нәрсенің байыбына тереңдеп бармайтын жас болсақ та, жергілікті халықтың басына түскен қасіретті сездік. Жарылыс салдарынан қайтыс боп кеткендері өз алдына ғой, айықпас ауруға шалдыққандарды көрдік. Бойымызды аяныш сезімі билегенімен, қолдан келер дәрмен жоқ.

Міне, содан бері талай жыл өтсе де атыраулық полигон ардагерлері мен мүгедектерінің басын қоса алмай жүргенбіз. Былтырғы шілдеде облыстық ұйым құрылды.  Семей полигонында әскери міндетін өтеген атыраулықтар көп екен. Бүгінде кездесіп, сол күндерді еске алуға, бір-бірімізді моральды тұрғыда қолдауға мүмкіндік бар.     

 

 

Ең ізгі мұрат

Ізімғали  Көбенов,

«Семей-Невада» халықаралық ядролық сынаққа қарсы

қозғалысының республиканың батыс өңірі бойынша

филиалының төрағасы, Ақтөбе қаласы:

– Біз көргенді бүгінгі жастардың бастан кешпегенін қалаймын. Жарылыстан көз ашпаған қазақ даласының сырын ұғып, мұңын түсіндім. Сол себепті, Елбасымыздың тәуелсіздіктің алғашқы жылы-ақ жаппай қырып-жоятын қарудан бас тартып, ядролық сынаққа тыйым салуын құп көрдім. Күллі әлемге өзіміздің бейбітшіл ел екенімізді дәлелдедік Міне, ширек ғасыр болды, Семей полигоны тыныш. Ал, мұнда 40 жыл бойы үздіксіз сынақ жүргізілді. Түгін тартсаң, майы шығатын шүйгінді жеріміз жарамсыздыққа ұшырады. Қаншама адамның ғұмыры қиылды. Жарылыстар зардабы қазір де сезіледі. Кеңестік жүйе  бәрін бүлдіріп, кетерінде орнын да жинаған жоқ. Сондықтан, кейінгі ұрпақтың аспаны ашық болуын тілеймін.

Адамзат апаттан аман болсын!

Мағжан  Бисенғалиев,

«Семей» ядролық полигоны ардагерлері мен

мүгедектері қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан

облысы филиалының төрағасы, Орал қаласы:

– Сонау кеңестік кезеңнің құйтұрқы саясаты, жаппай қарулану қазақ даласына орасан зардабын тигізді. Кімнің ойына келгенін қайдам, өзге жер жетпегендей, республикамыздың шұрайлы өңірлеріне сынақ алаңдары салынды. Қазір Семей полигоны туралы кеңінен айтылып жүр. Ал, кезінде ол құпия саналды. Ешкімге тіс жарылмады. Соның салдарынан қаншама адам зардап шекті. Жүздеген жан өмірден өтті, мыңдаған тұрғын мүгедек болды. Ендігі тілек – адамзаттың мұндай апаттан аман болуы.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button