ЖАРЫҚТАН ЖАРЛЫҚ БОЛМАЙДЫ
Аталған мекеменің тете-президенті Серік Тұрдалиевтың мәлімдеуінше, бағдарлама шеңберінде мұнда ағымдағы жыл басынан бері де ауыз толтырып айтарлықтай шаралар жүзеге асырылыпты.
Сонымен, алғаш маңдай тірегеніміз қаланың «Маслопром» мөлтекауданындағы (М.Әуезов көшесі, 63 мекен-жайында орналасқан) трансформатор бекеті болды. Энергетиктердің тілінде «2/3-ТП» деп аталатын бұл нысанның алғаш рет салынып, пайдалануға берілгеніне қырық бес жылдан асқан. Содан бергі мезгілде осы бекеттен электр қуатын тұтынушы заңды және жеке тұлғалардың, тұрғын үйлер мен ғимараттардың қатары бірнеше еселеп өскен. Соған байланысты оны күрделі жөндеуден өткізіп, қайта жаңғырту қажеттілігі туындаған.
Білгеніміздей, бас-аяғы екі ай уақыттың ішінде тозығы жетіп, ескірген трансформатор бекетінің орнына заманауи үлгідегі, барлық техникалық-нормативтік талаптарға сай келетін нысан бой көтерген.
Келесі кезекте Балықшы кенті аумағындағы, бұрын Водников және Ширина елді мекендерінің аралығында орналасқан №8 қосалқы стансасында да жоспарланған іс-шаралардың бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқандығын байқадық. Техникалық тілмен айтқанда «Ашық тарату қондырғысы» деп аталынатын бұл нысан қайта жарақтандыру, жаңғырту жұмыстарымен толықтай қамтылған. Жоғары кернеулі электр тогын қабылдап, тарататын бұл орында алдымен оның адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағы ескеріліп, бұрынғы тор көзді шарбақтар бөгде тұлғалардың кіруіне мүмкіндік бермейтін темір бетонды қоршаулармен алмастырылған. Қосалқы стансаның нөлдік белгісі 0,5 метрден аса биіктікке көтеріліп, нысанды жауын-шашынның ылғалынан, іргесіне еріген қар суының жинақталып қалуынан сақтайтын болады. Осындағы 35/6 кВ-тық қосалқы аласарту стансасы да қайта жаңғыртылып, жабдықтары мен іргетасы толығымен, сондай-ақ желілерді қоректендіретін қабылдау порталдары ауыстырылған. Бұдан бөлек, әбден тозығы жеткен майлы жабдықтар үдемелі технология әдісімен дайындалған, экологиялық тұрғыдан таза электрогазды ажыратқыштармен алмастырылып, жинақталған.
Көршілес орналасқан Көкарна елді мекеніндегі 1962 жылдан бері жұмыс жасап келген №196/7-180/6 кВ стансасы да тұтыну нүктелерінің көбейіп, қамту мүмкіндіктерінің азаюымен байланысты қуаттылығы жоғары кешенді трансформатор бекетіне (250 кВА-тық) ауыстырылып, қондырғының электр тогын өткізу қабілеттілігі арттырылған. Дәлірек айтқанда, ол бұрынғысынан 70 кВА-ге дейін көбейтілген.
Бұлардан басқа баспасөз туры барысында қаланың Қ.Сәтбаев даңғылы мен Абай алаңының тоғысқан тұсына таяу орналасқан 41/5 трансформатор бекетінде де күрделі жөндеу, қызмет көрсету аясын кеңейту жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын аңғардық.
Дәулетқали АРУЕВ.