
Жарсуат ауылында саяси белсенділік жоғары
Соңғы жылдары елімізде жүзеге асып келе жатқан маңызды саяси реформалардың бірі – ауыл әкімдерін тікелей халықтың сайлауы. Бұған дейін ауыл әкімдерін мәслихат депутаттары сайлап келсе, енді бұл құқық ауыл тұрғындарының өз қолына өтті. Бұл – тек басқару тәсілінің өзгеруі емес, ел азаматтарының саяси белсенділігін арттыруға, жауапкершілікті бөлісуге бағытталған маңызды қадам. Ауыл халқы енді өзіне сенім ұялатқан үміткерге дауыс беріп, ауылдың ертеңіне ықпал ете алады.
Осыған орай бүгін Индер ауданындағы Жарсуат ауылдық округінде де ауыл әкімін сайлау басталды. Тұрғындар таңмен таласа келіп, өз таңдауларын жасауда.
Аталған округ бойынша үш үміткер тіркелген. Сайлау Жарсуат ауылындағы №116 және Құрылыс ауылындағы №117 сайлау учаскелерінде өтіп жатыр.
№116 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Өтекеновтің айтуынша, округ бойынша 1682 азамат дауыс беру құқығына ие.
Еркеназ ҚАЛИЖАН