Жарнама
ЖаңалықтарФОТОГАЛЕРЕЯҚоғам

«ТҰРАҚТЫ ДАМУ МАҚСАТТАРЫ-2030» – 25 ЖЫЛ: Жарқын бастама – жаңа баспана! (+ФОТО)

Atr.kz/3 тамыз, 2020 жыл. Жыл басында Жылыой ауданының бір топ жасы жағдайы жоқ отбасыларға арнап өз күштерімен баспана салуды бастады. Жағымды жаңалық көп күттірмей, бүгінде оның құрылысы аяқтала келді. Жуырда төрт қыз (оның екеуі сал ауруы­на шалдыққан) және екі жиенімен ескі лашықта тұрып жатқан жалғызбасты ана жаңа баспананың табалдырығын аттады. Осы орайда, біз жақсылық жасауға жаны құмар жастарды іздеп тауып, әңгімеге тартқан едік.

БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЛАРЫ

Сонымен, бүгінгінің батыр­лары кімдер? Олар – Жылыой ауданындағы сегізінші ауылдың Диас Ибатаев пен Абылай Төлепов бастаған қырық тұрғыны. Бәрі де Тәуелсіздіктің түйдей құрдастары екен. Олардың айтуларынша, ешқайсысы ерікті боламыз деп ойламаған. Өйткені, әркімнің өз жұмысы мен отбасылық шаруалары бар.

– Өзім «Теңізшевройл» мекемесінде ауысыммен еңбек етемін. Яғни, ауылда көп бола бермеймін. Ал, жақсылық жасау жөніндегі ой аяқ асты­нан келді. Өзіміздің туған ауылымызға бір жақсылық жасайық деген ниетпен өткен жылдың соңында құрдастар бо­лып бас қостық. Мақсатымыз – өте ескі, адам төзгісіз жағдайда тұрып жатқан көп балалы анаға көмектесу еді. Осы оймен шағын лашықты арнайы барып көрдік. Содан менің есепшотым арқылы халықтан қаражат жинауға кірістік. Міне, жарқын бастама осылай басталды, — дейді Диас бізбен әңгімесінде.

zhyloizhas 2
zhyloizhas 1

Бүгінде жаңа қонысқа қолы жеткен Бақтыгүл Сейітқалиеваның қуанышында шек жоқ. Ол өзінің бұған дейін орталық базардың қасындағы құлағалы тұрған ескі лашықта тұрғанын айтады.

«Менің үйімді көрген кез­де жастар қатты таңданды, әрі қапаланды. Өйткені, олар мұнайлы шаһардың қақ ортасында мұндай тұрғын жайлар болады деп ойлама­са керек. Жұбайым осыдан тоғыз жыл бұрын дүниеден өткен. Ал, өзім қант диабетіне шалдыққандықтан, жұмыс жасай алмаймын. Мені бүгінгі жастардың жомарттығы м е н е ң б е к қ о р л ы ғ ы қуантады. Қиындықта жалғыз қалдырмай, қол ұ ш ы н б е р г е н б а р ш а жылыойлық тұрғындарға аналық алғысымды айтамын» деді қуаныштан көз жасына ерік берген ана.

БҰЛ ЖАЙ БАСПАНА ЕМЕС…

Иә , жақсылық жа с ау адамның жасына, қызметтік дәрежесіне байланысты емес. Бұл әр адамның қолынан келеді. Бір қызығы, әуел баста жастар жалғызбасты анаға жаңа пәтер алып беруді ұсыныпты. Бірақ, отбасылық құндылықтарды қатты құрметтейтін Бақтыгүл бұдан бас тартып, қара шаңырағын сақтап қалғысы келетінін айтқан. Осының өзінен, жастардың мақсаты жай ғана баспана салу емес, мұқтаж жанның көңілі қалаған үйді тұрғызып беру екенін айқын аңғаруға болады.

«Көп түкірсе – көл» демей ме, қайырымды шараға барша аудан мен аймақ тұрғындары қаржылай қолдау көрсетті. Сондай-ақ, көптеген жас кәсіпкерлер мен іскер азамат­тар үй құрылысына тікелей атсалысты. Бастамашыл жастар жұмысшы жалдамай-ақ, өз қолдарымен үйдің іргетасын құйып, кірпішін қалады. Құрылысқа қажетті цемент, қиыршықтас, топырақ, басқа да заттарды аудандағы алыстан ауыр жүк таситын «Камаз» жүргізушілері жеткізіп берді. Міне, «ел ішінде жігіт көп, азаматы бір бөлек» деген осы шығар, сірә!

Мұның бәрі бір адамның қолынан келмейді. Тек «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанда» ғана осындай нәтижелі іске қол жеткізуге болады. Демек, бірлескен істің берекесі бар. Осындай атпал азаматтардан үлгі алған жастардың бірі үйдің төбесін жапса, енді бірі ішін майлап, сыртын сайлады. Тағы бірі көздің жауын алар көркем тастармен аула ішін сәндеді. Басқалары жарық пен жылу, газ бен су желілерін жүргізді. Ал, қыз-келіншектер болса, тере­зеге арналған әдемі жапқыштар мен басқа да бұйымдарды тігіп, баспананың ішін жайнатып жіберді. Жомарт жандар үй ішін жиһаздармен толтырып берді.

zhyloizhas 3
zhyloizhas 6

ЖАСАМПАЗ ЖАСТАР ЖАНЫМЫЗДА ЖҮР

Өткен жылы еріктілердің көмегімен оннан астам әйел қысқамерзімді кәсіптік курстан өтіп, тігіншілік және мани­кюр мамандықтарын меңгерді. Мүмкінді гіне қарай бірі жұмысқа орналасса, енді бірі тапсырысты үйден қабылдап отыр. Ал, еріктілер ұйымдары аз қамтылған отбасыларға қажетті азық-түлік тағамдарын сатып алуға қаражат жинауды әдетке айналдырған. Тіпті, бұрын пайдаланылған киім- кешек, жиһаз, төсек-орын, ыдыс-аяқ тәрізді тұрмыстық бұйымдар жиналатын арнайы орын да белгіленген. Олар мұқият жуылып, тазаланады және үтіктеледі. Кейін керегін мұқтаж жандар өздері таңдап алады. Қайырымдылық шара­лары арқылы жиналған азық- түлік тауарлары ай сайын тиісті тізімге сәйкес үлестіріледі.

Дәл осылай былтыр «Аты­рау көмек» еріктілер ұйымы демеушілерді тарту жолымен бес отбасының баспаналы болуына мүмкіндік жасаған болатын. Бұлардың екеуінде кішкентайынан мүгедек ба­лалар тәрбиеленсе, үшеуі – көпбалалы жанұя. Қаржылай көмектескен жандар қатарында жеке кәсіпкерлер мен жергілікті құрылыс компания­лары бар. Қазіргі кезде көліксіз шаруа бітпейтінін ескерген еріктілер кімді, қайда жеткізу керектігін айтып, әлеуметтік желілерге хабарлама таратуды да жолға қойған. Оны оқыған көлікті азаматтар көрсетілген мекен-жайға дереу келеді.

Тағы бірде атыраулық еріктілерге кішкентай балалары бар жас отбасы хабарласып, екі күн бойы теміржол вокзалына түнегенін жеткізіпті. Оларға қол ұшын беру мақсатында арнайы хабарландыру жарияланды. Оған үн қосу арқылы бір күнде 100 мың теңге ақша жиналды. Осылайша, бұл қаржы екі айға баспана жалдауға жұмсалды.

P.S.

Бұдан да басқа жалын жігерлі жастар өте көп. Олар жөнінде газетімізде тұрақты түрде жазылып келеді. Ендеше, жақсылық жасауға жаны құмар жастар қатары көбейе берсін деп тілейік!

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Жылыой ауданы

zhyloizhas 5

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button