Жарнамаңыз қай тілде?
«Покупка и продажа сотовых телефонов. Духи на разлив. Снимки и съемки свадебные. Модная женская одежда. Солнцезащитные очки. Требуются мастер…» Мұның бәрі Атырау қаласындағы «Дина» сауда орталығындағы дүңгіршектердің маңдайшасындағы «менмұндалаған» жарнамалар. Өз тілімізде емес, өзге тілде сайрап тұрған бұл көрнекіліктер еліміздегі «Тіл туралы» Заңды бұзуда. Мемлекеттік тілге деген құрметті арттыру мақсатында Атырау қалалық ономастикалық кеңесі аталған сауда орталығына зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Сауда орнының екінші қабатындағы дүңгіршектердің бірқатары аталған заң талаптарын өрескел бұзып отыр. Сатушылар болса «көрнекі ақпараттардың барлығы мемлекеттік тілде жазылу қажеттігін білмейміз» деп немқұрайлылық танытты. Beeline, Kcell, Activ абоненттерінің ғана жарнамалары талапқа сай. Белгіленген заңдылықтарға сәйкес, бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпараттар мемлекеттік және орыс тілдерінде, ал қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылуы тиіс. Бұл ретте Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары мен тіл жанашырлары көрнекі ақпарат мәтінінің жазылу үлгісін түсіндірді.
«Ең алдымен ақпарат мемлекеттік тілде – сол немесе жоғарғы жағына, ал, орыс тілінде оң немесе төменгі жағына орналасады. Сондай-ақ, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылуы керек. Қажеттігіне қарай ақпарат мәтіндері қосымша басқа тілдерге аударылуы мүмкін. Бұл жағдайда қаріп өлшемі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауға тиіс. Ең бастысы екі тілдегі мәтін бірдей болғанда ғана дұрыс болып есептеледі. Түсінбеушілік болса, біздің бөлім қызметкерлері қашан да кеңес беруге дайын», — дейді Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақылбек Рысқалиев.
Оның айтуынша, аталған ережелер сақталмаса заң талабын бұзушылық болып есептеледі. Еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жаза қолданылады. Ономастикалық кеңес мүшелері орын алған олқылықты жою үшін сауда орталығының басшылығына ескерту берді. Бір ай уақыт ішінде жарнамалар мен маңдайшалардың жазу үлгісін заң талаптарына сәйкестендіру қажеттігі тапсырылды. Осы орайда, дүңгіршектерді жалға беруде кәсіпкерлермен жасалатын келісім-шартқа осы заң талаптарын сақтау туралы тармақ енгізу қажеттігі тапсырылды. «Бізге белгіленген бір ай мерзімде бұл тапсырманы орындауға сенім білдіреміз. Кәсіп иелерімен қоян-қолтық жұмыс жасап, тілдік нормалардың сақталуын қатаң қадағалайтын боламыз» деді сауда орталығының аға әкімгері Бақтылы Сұлтанқызы.
Тіл нормаларын сақтаудағы мұндай тәсіл бұған дейін «Baizaar» сауда ойын-сауық орталығында жүргізіліп, орын алған олқылықтар белгіленген уақытта оң шешімін тапты.
Сіз не дейсіз?
Әділбек ШӘКІРОВ, тіл жанашыры:
– Жарнама – қоғамдағы тыныс-тіршілік пен қаланың бет-бейнесін қалыптастыратын маңызды құрал. Сондықтан, мұндағы тіл тазалығын сақтау – біздің міндетіміз. Бұған әрбір азамат бейжай қарамаса екен. Бүгінде облыс орталығында көз сүрінетін аудармалар мен қазақ тілінде қате жазылған жарнамаларға жиі кездесеміз. Сауда орталықтарын айтпағанда, кейбір мейрамханалар мен дүкендердің қазақ тіліндегі атауы немесе баламасы мүлдем жоқ. Орыс немесе ағылшын, болмаса тіпті өзге тілде де жазылып тұрады. Осынау жайларды көріп, қынжылатынымыз рас. Бұдан ана тілімізге деген құрмет қайдан қалыптасады? Ендеше, маңдайшалар мен жарнамалардағы тілдік нормаға жауапсыз қарамай, ұсақтан ірі бастау алатынын ұмытпасақ игі.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА