Әр балаға – 21 мың теңге: бұл қаржы кімдерге беріледі?
Atr.kz/27-ақпан, 2019 жыл. 21 мың теңге көлеміндегі жәрдемақыны төрт және одан көп баласы бар отбасылар алады.
Бұл туралы «atr.kz» — ге Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Көңілқос ОРЫСПАЕВ хабарлады.
– Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал, атаулы көмек алып отырған көп балалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет. Әйтпесе, соның бәрін санағанда көп балалы отбасылар бай азаматтар болып шыға келеді, -деді Мемлекет басшысы.
Иә, бұл шынымен де күнкөріс қамы үшін күндіз-түні еңбек етіп, бір айдан келесі айға дейін айлығы шайлығына жетпей жүрген жанұяларға үлкен қолдау болды. Жалпы, бұған дейін мұнайлы өлкеде аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қорғау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, облыс бойынша жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен 2035 отбасындағы 10949 азаматқа жаңа нұсқадағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұл үшін 516,8 млн. теңге қаралды. Атаулы әлеуметтік көмектің айлық орташа мөлшері 3933,6 теңгені құрады. Жаңа нұсқадағы атаулы әлеуметтік көмек 1713 адамнан тұратын 376 отбасына шартсыз, 9236 мүшесі бар 1659 отбасына шартты түрде берілді. Осындай қолдауға ие болған отбасылар құрамындағы еңбекке қабілетті азаматтардың үлесі 21,3 пайызға жетті.
Ал, аз қамтылған отбасылардың коммуналдық шығындарын өтеу мақсатында облыс бойынша 797 отбасына жалпы құны 32,9 млн.теңгеге тұрғын үй көмегі тағайындалды. Үйде тәрбиеленетін және оқитын 409 мүгедек балаға 16,8 млн. теңге материалдық көмек төленді. Ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін әлеуметтік саланың 6270 қызметкеріне 31,3 млн. теңге мөлшерінде отын сатып алу үшін біржолғы көмек берілді. Жергілікті өкілетті органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген топтарына жататын 25409 отбасына 952,5 млн. теңге әлеуметтік көмек көрсетілді.
Әрине, тұрғындардан жаңадан ұсынылатын мемлекеттік қолдаудың қалай жүзеге асырылатыны жайында сұрақ туындауы даусыз. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары — Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың түсіндіріп өткеніндей, көп балалы отбасының табысы есептеледі. Ал, жаңа жәрдемақы табысы төмен отбасыларға ғана төленеді. Бұл – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған көмек. Президент айтқандай, кедейшіліктің деңгейі күнкөріс минимумының 50 процентінен 70 процентке дейін көтеріледі. Отбасының әрбір мүшесіне шаққанда осы межеден төмен тұрғандарға атаулы көмектің жаңа түрі беріледі. Сосын мұндай отбасылардың жалпы табысын есептегенде басқа әлеуметтік төлемдер ескерілмейді. Бұдан бөлек, әлеуметтік көмекті алу шаралары жеңілдейді. Демек, әлеуметтік жағынан аз қамтылған көп балалы отбасыларда әрбір балаға 21 мың теңгеге жуық жәрдемақы төленеді. Нақты айтсақ, бұл – 20 789 мың теңге. Ондай көмекті төрт және одан көп баласы бар отбасылар алады.
Елімізде асыраушысынан айырылған отбасыларға бюджеттен 25 541 теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған. Сондай-ақ, екі бірдей ата-анасынан айырылған әр балаға – 35 044, жұмысқа жарамсыз болып танылатын отбасы мүшелеріне 16 037 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді, бірақ, еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне арналған жәрдемақы мөлшері 72 027 теңгеден аспауы тиіс. Асыраушысынан айырылған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем қатысушының жұмыс өтіліне, соңғы екі жылдағы орташа айлық табысына, асыраушылардың санымен табысты ауыстыру коэффициентімен байланысты анықталады. Бұл бағыттағы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамту мақсатында, өткен жылдан бері қызметтің 4 түрі бойынша проактивті режим енгізілді. Жаңа туған баланы тіркеу, балабақшаға кезекке қою, бала туғанда берілетін жәрдемақы және 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша берілетін төлемді рәсімдеу бір проактивті режимде жүргізіледі.
Соңғы екі жылдың ішінде әлеуметтік салаға республикалық бюджеттен бөлінген қаржының көлемі 34 проценттен 45 процентке дейін артты. Алдағы үш жылда аталған көрсеткішті 49 процентке дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Елбасы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде жүктеген тапсырымалар жедел түрле жүзеге асатынына сенімдімін.
Көңілқос ОРЫСПАЕВ,
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары.