«Жантөре» туғызған толғаныс
Арыстанбек Кенженің «Жантөре» әңгімесін «Қазақ әдебиеті» газетінен (№28-саны, 19 шілде, 2024 ж.) оқып таң қалдым. Таң қалдым да риза болдым. Таң қалғаным – «Хабар» арнасының белгілі журналисі ретінде танымал жігіттің проза жанрында қалам тартқанын бірінші рет көруім болса, риза болғаным – әңгімесінің соншалықты шебер жазылғаны, төселген жазушы жазғаны еді. Бір қарағанда, әңгіме тақырыбы – екінші дүниежүзілік соғыстың тақсыретін тартқан қазақ халқының белгілі трагедиясы, жазылып жүрген тақырып туралы болғанымен, жазушының тақырыпты ашуда тың образдар жасағаны, ол образдар бояуының қанықтығы, баяндау тәсілінің өзгешелігін көргенімде өзім білмей жүрген талантты жазушы барына қуандым.
Трудармияға алынып, тылда окоп қазып, қара жұмыс істеген отағасы – Шопанғалидың соғыс біткелі он жеті жыл өткенде барып елге оралуы, оралғанда да басына қызыл шарқат тағып, етегі қысқалау көйлек киген «мәтүшкені» жетектеп келуі – қазақ болсын, басқа ұлт болсын оғаш оқиға. Осы жерден бастап әңгіме арқауы ширайды, шиеленіседі. Автор басты геройы – Жантөреге қиын таңдау ұсынады. Соғыстың бес жылы, соғыс біткен соң он жеті жыл, ұзын ырғасы жиырма екі жыл дегенде Шопанғали елге оралады. Жазушы Шопанғалиды дік еткізіп ауылға жеткізе салмайды, әуелі «…қасында қатқанский қатыны бар, өзі орыс па, естек пе, көзі тұздай екен. Бірақ сылқыған сұлу…» деген оғаш жаңалығын алдымен жеткізеді. Осы арқылы қазаққа мүлдем жат ситуация «ойналады». Оқырман алда не боларын күтеді, басты кейіпкер Жантөренің бейнесі осы жерден бастап сомдалады, «сыналады». Әрқашан жақын-жуығының сүрінгенінен «спектакль» қойғысы келіп тұратын, өзгенің қасіретін күлкі қылуға, өсек-аяңды желдей ескізіп, өз жанынан қосып «көркемдеп» тыңдарманға жеткізуге асық ағайынның осы кезде құдайы беріп-ақ қалады…
Жазушы: «… – Қайырымен болғай да. Тек менің ғана емес ауылдың қуанышы ғой, азамат отанына оралса одан артық не тілеуші ек, — деп күйбең тірлігін атқара береді» — деп суреттейді көкірегінде ит ұлып жатса да, ашуын ақылға жеңгізе білген және көңілі басқа әйелге ауған күйеуінің абыройын, тауы шағылмауын ойлайтын, ел алдында ар-намысына тигісі келмеген Жантөре образы арқылы әр пендені бұ дүниеге келген бір сәттік қонақ деп түсініп, өзгенің мәртебесін өз бедел-абыройынан биік қоя білген қазақтың, қазақ әйелдерінің қоладан құйылғандай тұтас бейнесін сомдайды (ондай абзал аналар бүгінгі күні де бар – өзге әйелге ғашық болып, басқа бөлмеге барып, түнімен пианино пернесін термелеп ондалаған күйеуінің жан қиналысын, ғашықтық сезімін өзінің әйелдік намысынан жоғары қоя біліп, әніне сөз жазып беретін Ханбибі ақын апамыздың ер-азаматын сыйлауы Ханапамызды Баян, Жібектердің биігіне көтереді).
Арыстанбектің Жантөресінің күндесі туралы ойлағанда «Анаусы қыз-қырқынның арасына тығылған екен…» дейтіні еріксіз езу тартқызады – текті қазақ әйелдері жаратпаған адамын тілдеп, қарғап-сілемей «Анауыңа айта бар…» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеп, адамшылық биігінде қала берді емес пе… Араға ондаған жыл салып елге оралған, «мәтүшкесін» жетектей оралған Шопанғалиды көруге келген, өздері өмірі көрмеген жағдайға тап болғандарына мәз, «енді не болар екен» деп әлдебір сойқанды күткен көпшіліктің арасынан әулеттің үлкені Қожамсейіт қарияның, Шопанғалидың жеңгесі, «ауылнайдың қатыны» деген атағы бар Сұлуманның шығып, сөз толғауларында Арыстанбек шаршы топ алдында дау-дамайға түсіп, қызыл тілдің, қазақтың қанына сіңген шешендік өнердің, қарсыласын мақтамен бауыздар шеберлігің ұшығын шығарады. Сөзін бағыштаған адамының психологиялық көңіл-күйін, абырой, беделін, көп алдында сағы сынбауын ойлаған екеуі де дала даналары, қазақ Демосфендері – тілдері бай, ойы терең, ұлттық әдепке адал.
Бір қойдың басын мүжіп, терлеп-тепшіп шәй ішіп аттанған қонақтар сахнасы атмосферасы да қазақи шынайы, қазақи болмыс шеңберінде өтеді. Қонақтар кеткен соң Жантөренің мари қызы, қазақ пен татар сөзін араластырып сөйлейтін, қазақ арасына сіңіп кетуге «құқы бар» Марияға: «– Шырағым, баламнан сәл ересек, қызымдай екенсің. Күндесім деуге аузым бармас. Бұл да бір сынақ шығар. Табалдырықтан аттап жатсың, құтты қадамың болғай да! Біздің ауылдың келіндері желек ішінен шығысымен басына жаулық салады. Ана басыңдағы қызарғаныңды тастап, орамал тарт. Сосын бұл шаңырақ – Адай ішіндегі аса сыйлы, қасиетті қара орман. Қос тізеңді көститпей, жөндем көйлек киіп алғайсың, — деді де, орнынан созыла тұрып, әбдіреден ақ орамал алып күндесінің басына салды…» — деген аталы сөздерде күйеуіне деген ренішін, күндесіне деген қызғанышын, әйелдік сезімін тұншықтыра білген Жантөре образы тұр. Пенделіктен жоғары, өз тағдырын әулеттің берекесіне құрбан қыла білген қазақ әйелінің асқақ образы тұр. Құдай қосқан қосағы бақыр басты болса, алтын басты болуын ойлаған дана қазақ әйелі бейнесі тұр. Жантөренің жүрген-тұрғанын, түтінінің қалай ұшқанын аңдып, ыдыс-аяқ сылдырламады ма екен деп кимешектен бір құлағын шығарып қоятын қатын-қалаштың, «бір шал екі қатынның» көк көрпесіне үңілудің ретін келтіре алмай пұшайман болып, «үшеудің одағынан» қашан ши шығарын күтіп жүретін ауылдастарының қанша сабырлы болса да Жантөренің шамына тиіп, өсекшілердің бір елі аузына екі елі қақпақ қоюды ұйғаруды суреттейтін тұстарын да автор қаламын еркін тербей отырып, қазақтың әдеп, ибасын сақтай отырып көсіле жазған екен.
«… – «Ауруда шаншу, сөзде қаңқу жаман» деген, біздің үйдің кісісі келгелі сендердің араларыңа әрекет кіре бастағандай. Оны бастап жүрген сенсің, — деп үлкен інісі Қосмағамбетке шүйлікті. Бұл – Жантөренің ағайындарына айтқаны…
– Ау, айналайындар, Шөкемді бөлек шығарам деп тыраштаныпсыңдар. О ненің жосығы, отағасымыз ол үйге не деп көшеді. О заман да бұ заман, баласы әкесіне енші беріп, отау етіп шығарды дегенді естідіңдер ме? Намыс дейсіңдер, о ненің намысы? Үстіме қатын алдырған қысастық үшін өртенетін менің жаным болса керек-ті. Басқаңа не жорық? Бәрі де «соғыс» деген сұрапылдың салғаны емес пе?..» — деп бір қуырып алып, одан әрі қарай: – …Ал егер де, Керман асып, тұқымың құрығыр Китлердің ұрқынан шыққан бір төмен етектіні өңгеріп келгенде қайтетін едік?.. Соны білгендей Шөкемді «орыс орманынан» асырмай кері қайтарған өкіметке рахмет! Әйтпесе отырар едік, осы арада керманша шүлдірлесіп, — деп жұртты бір күлдіріп» алады да, «…Қысқасы, айналайындар, енді көлденең сөзді тиялық. Бізге жанашыр ниеттеріңе Алла разы болсын! Үй болып кеңескенде, қосағымыздың шешкені: біз Көшкенжанмен қырға, малға көшеміз. Қыстауда Шөкем Мәриямен екеуі балаларды оқытып қалады. Сөз осы, ағалар осы бәтуаны құп десеңіздер бата қылайық…» — деп түйдек-түйдегімен төгіп сөйлейді Жантөре.
Жантөре осы монологында қос-қостан әйел алу ата-баба салтында бар екенін, ел қорғаған ерлердің жауды түре қуғанда олжаға алып келген қыз-қырқындарынан өрбіген ұрпақтың бүгінде ел ағасы болып отырғандарын алға сала отырып керауыздарға сөйлейтін сөз қалдырмайды. «Әу…» дер уәж татырмайды. Оқып отырып нанасың, оқиғаның ішінде өзің отырғандай сен де құлағыңды түре түсесің. «Бар оқиға осымен тәмам, әңгіме біте келді» дегенде автор қазақ дәстүріне, мәдениет, әдебіне қатысты тағы бір маңызды мәселені ортаға тастайды.
Жантөрені баласымен қырға бір отар қой бағуға аттандырудың қамын қылған інісі Қосмағамбет ақбас атанға үстіне қызыл терме алаша жауып жүк тиеп, үстіне шаңырақ қондырады ғой. Автор бұл жерде ұлттық символдардың мән-мағынасы, қадыр-қасиетінің қазақ үшін қаншалықты қасиетті екенін көрсетеді. Жүздеген, мыңдаған жылдық дүниетаным қалыптастырған ұлттық символдарды қалай болса солай қолдануға, орындарын ауыстыруға болмайтынын шегелейді. Жантөренің даналығының төркіні – сол ұлттық дүниетанымда жатқанын дәріптейді. Семиотикалық жүйедегі қазақ белгілерінің (знак) салмағын таразылайды.
«Қасиетті қара шаңырақ» ұғымының түпқазығы – киіз үйдің шаңырағының әйел баласымен бірге көшпейтінін, ол – иесі өліп, шаңырақтың ортаға түсуі сияқты қаралы түсінікпен бара-бар екенін; енесінің көзі – «дұшпанкөз» жалғыз мүлік – қызыл терме алашаның өз жолы бар екенін – шалы бар кемпірдің емес, ұзатылған қыздың жүгіне салынар мүлік екенін көркем тілмен орынды оқиға барысында тәптіштейді. Бір ғана шағын әңгімеде этнографиялық маңызды біраз мәселе көтеріледі. Бұл – жартылай көшпелі дәуірдің мәдени-материалдық құндылықтарын жадымыздан өшірмеуге қызмет ететін деталь. Бұдан басқа көлік үстінен бұйда, тізгін жалғасу – айырылысу нышаны, жеті қазына санатындағы мақұлық – үйдің итін ерте кету – «адал иттің езуінде табалдырықтың құты болады» — деп, итті өз итаяғын жалап, үйренген босағасында қалдыру арқылы автор ерінің ырыс-берекетінің шүйке басты әйелге ауыспауына дейін ойлайтын Жантөренің ақыл-парасатының қаншалықты биік жан екенін көрсетеді.
Бұдан да басқа құт, кие ұғымдарының, ырым-нанымның өз орны барын да автор жиып-теріп жаза кетеді: көшкен түйенің тартынбай, бірден алға ұмсынуын – алдағы жолы – ақ жол болуының белгісі екенін Жантөренің іштей түйсінуі сияқты құнды түсініктер бар.
Әңгіме авторы, белгілі журналист Арыстанбек Кенженің тілі шұрайлы, әр сөзді орнымен қолдана біледі. Басты қаһарман – Жантөре Адай руынан болғандықтан әңгіме барысында сол рудың жік-жаппары тәптіштеліп, ру аралық, ағайын-туыстық қарым-қатынастар көнекөз қариялар ауызынан шыққандай әдемі әдіптеліп отырады.
Жазушылық – аса күрделі өнер. Әртүрлі әдеби үлгілерге алаңдап, өз жазу машығын таба алмағандар да кездеседі. Олардың талантының деңгейі алғашқы сөйлемін оқығаннан-ақ білініп қалады. Арыстанбекте жазу стихиясы бар екен. Жазу стихиясы – туабітті қасиет. Жазу стихиясы жоқ адам қиналып, зорланып жазады.
Сөз соңында жаңалықтар журналисі Арыстанбек ініме «жаңалықтар ағынында, тасқынында кете бермей, жазушылықтың құлағынан мықтап ұста!» дегім келеді.
Асылбек ЫҚСАН,
жазушы, драматург, режиссер Алматы