Жанармай бекетінде cәби дүниеге келді
«Доссор–Атырау» тасжолындағы «ҚазМұнайГаз» жанармай құю бекетінің оператор-кассирлері кіндік шеше атанды. Жайнагүл Құрманбекова мен Тоғжан Орынбасарова өздері жас ана болғанымен, жолаушы әйелді сәтті босандырып алды.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға былай өрбіген. Кешкісін жанармай бекетіне келген такси салонында екі жүкті әйел болды. Жүргізуші оларды Құлсары кентінен Атыраудағы перзентханаға апара жатады. Қалаға жетуге бес шақырым қалғанда жолаушылардың бірі – Айгерім Сарбасова өзін жайсыз сезініп, жанармай бекетіне тоқтатуды сұрайды. Кенет оны қатты толғақ қысты.
Жанармай құю стансасы қызметкерлері босандыру үшін орын дайындап, дәрігерлер келгенге дейін Айгерімге көмектесіп үлгерді. «Жедел жәрдем» дәрігерлері жанармай құю стансасы қызметкерлерінің ширақ, әрі сауатты әрекеттерінің арқасында дені сау ұл дүниеге келгеніне таң-тамаша болды.
– Нәрестенің есімін Берекет деп қойды. Компания басшылығы баланың дүниеге келуіне орай анасына «АИ-92» бензинінің 1000 литріне жанармай картасын сыйлау туралы шешім қабылдады. Босандыру кезінде белсенді көмек көрсеткендері үшін станса қызметкерлері де марапатталды, — дейді компанияның баспасөз қызметі.
Өз тілшіміз.