Жаңа жылдан не күтесіз?..
Міне, көптен күткен жаңа 2021 жыл да келіп жетті. Шығыс күнтізбесі бойынша – ақ ме-талл, Сиыр жылынан жұртшылық не күтеді? Бүгін біз бір топ атыраулықтың осы тұрғыдағы ой-ларын білгенді жөн көрдік.
«Ауру ауыздықталғай»
Аталарымыздың от пен суды тілсіз жау деп атағанындай, коронавирус індеті де ай-тып келмейтін апаттың біріне айналып тұр. Ауру шет мемлекеттерді жайлап, халқын сұлатып жатқанда, біз қаннен қаперсіз жүрдік. Бұл індет бізге де келеді, жаппай ауырамыз деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмепті-ау. Атырау халқының біразы қауіпті індетпен ауырды. Өкініштісі сол, өмірімен қоштасқандар да бар. Ал, бүгінде елде коронавирусқа қарсы күрес күшейді. Теміржол вокзалдары мен аэропорттарда адамдардың көп шоғырлануына жол берілмеуде. «Қызыл аймақтан» келетін жолаушыларды жедел тестілеу жолға қойылып, ауру жедел анықталып жатыр. Ұлт келешегі – ұрпағымыздың амандығын ойлайық, халайық, жұқпалы дертті ушықтырмау үшін жиын-той мен садақаны қоя тұралық. Менің аналық аппақ тілегім – Сиыр жылы осы-нау кесапат ауыздықталып, Жаратушымыз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған күнге жеткізгей!
Қалиса ЕЛЕЖАНҚЫЗЫ, «Күміс алқа» иесі, Атырау қаласы
«Саяси сыннан сүрінбей өтейік»
Санаулы күндерден кейін Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл әрине, өте маңызды шара. Орталық басылымдардан оқығанымыздай, егер сіз Австралия мен Жаңа Зеландияның тұрақты тұрғыны болғанмен, саяси науқанға қатыспасаңыз, онда сізге белгілі бір мөлшерде айыппұл салынады. Бұл елдерде саяси додаға қатысу мәдениеті мықты қалыптасқан. Ал, бізде көзқарас біркелкі емес.Менің ойымша, ең алдымен, халықтың сайлауға деген сенімі қалыптасуы керек. Ол үшін халықтың әл-ауқатын көтеріп, экономикалық тұрғыдан ынталандырған дұрыс. Қарапайым ғана мысал: сауда орындары мен базарларда тағам бағасы біртіндеп жоғарылап барады. Айталық, басқа тағамдарды сөз етпегеннің өзінде күнделікті тұтынатын нан да, қант та, шемішкі май да, жұмыртқа мен сары май да қымбаттады. Соған сәйкес, еңбеккерлердің айлық жалақысы жаппай көтерілді ме, жоқ па, міне, әңгіме сонда. Сөзімнің соңында барша атыраулықты сайлауға бір кісідей қатысуға, қаңтардың 10-ы күні өз таңдауларын жасауға шақырамын!
Жаннат ЕСЖАНОВА, Сағыз ауылының тұрғыны,Қызылқоға ауданы
«Мектеп-ана құшағын айқара ашса…»
Елдегі қалыптасқан жағдайға бай-ланысты барлық жерде қашықтан білім беру ісі қолға алынды. Біздің Махамбет атындағы орта мектепте 391 оқушы, 56 тәрбиеленуші болса, оларға 71 педагог-қызметкер дәріс береді. Біраз шәкірт пандемия салдарынан алтын ұяларынан жырақтап, «Онлайн-мектеп» платформасы арқылы білім алып жатса, кезекші сыныптардағы оқушылар ғана мектепке қатынап оқып жүр. Оқу орнында 1 шебер-педагог, 19 зерттеуші-педагог, 17 педагог-сарапшы, 19 педагог-модератор жұмыс істейді. Қуанарлығы, білім сапасы жылдан-жылға жақсарып келеді. Ал, 2020-2021 оқу жылынан бастап облыстық педагогикалық шеберлік орталығының ұсынысымен аудандағы үш жетекші мектеп қатарына ендік. Жетекші мектеп ретінде білім сапасын, оқушы белсенділігін арттыруға, қабілет-қарымын дамытуға бағытталған іс-шаралар аудандағы 4 серіктес мектептің мұғалімдерімен бірлескен түрде апта сайын түрлі форматта жоспарланып, уақытылы өткізіліп тұрады. Жаңа жылымыз жаңа серпін, тың күш әкелсе, сөйтіп, мектеп-ана өз шәкірттеріне құшағын айқара ашса екен деп тілейміз. Оқушылар – мектебін, мектебі оқушыларын сағынды…
Гүлфара НОҒАЙБАЕВА, Махамбет атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, Жарсуат ауылы, Индер ауданы
«Атырау» – елу жылдан бергі серігім!»
Кімнің де көңіліне жақын басылымы болады. Мен үшін «Атырау» – сондай газет. Сонау 1970 жылдан бері осынау мерзімдік басылымды жаздырып алып келемін, әрі ара-тұра қалам тербеймін. Соның нәтижесінде газет беттерінде мақалаларым мен өлеңдерім жарияланып тұрады. Рас, әрбір жаңа жылдан біз ерек-ше жаңалық күтеміз. Өткен жылғыдай қиындық орын алмаса деп тілейміз. Мен де облыс айнасының шынайы жанашыры ретінде оның таралымының мол болуын қалаймын. Газетіміз қолымызға уақытында тисе дейміз.Осындай ізгі тілектеріме қоса менің сүйікті газетіміздің бетінен «Атырау сонасы», «Сүзеген сөз» секілді сатиралық айдарлар ашылса, онда көп көкейіндегі мәселелер орын алса, басқа да қоғамдық ой-пікірлер тоғысатын «Тарақ» деген ар-найы бет берілсе деген ұсынысым бар. Бір сөзбен, оқырманның қандай ойы да газет бетінен ойып тұрып орын алса, құба-құп. Осының бәрін мен 2021 жылғы «Атыраудың» бетінен көрсек деп армандаймын…
Аманқұл ТІЛЕУҒАЛИҰЛЫ, қаржы қызметінің үздігі
Жедел сұхбатты жүргізген Лиза СЕЙТІМОВА