Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа тетіктері қандай?

Atr.kz/18 қазан, 2019 жыл. Келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа тетіктері қолданысқа енгізілмек. Қазір аталмыш заң жобасы жұртшылық арасында талқыланып, ұсыныс-пікірлер қаралып жатыр.

Мұқтаждық пен масылдықтың ара жігін ажыратып, шын мәнінде қолдауды қажет ететін жандарға көмек көрсетуді мақсат еткен заңдылықтың бұрынғыдан басты ерекшелігі неде? Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Көңілқос ОРЫСБАЕВПЕН арадағы әңгіме осынау маңызды мәселе аясында өрбіді.

− Көңілқос Керейұлы, елімізде атаулы әлеуметтік көмекті төлеу тәртібін жетілдіруге өзгерістер енгізілген еді…

− Иә, биылғы 1 сәуірден бастап мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жаңа тәсілмен беріле бастады. Яғни, тағайындаған кезде қолданылатын кедейлік шегінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан 70%-ға, яғни 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін көтерілді. Сол уақыттан бері 42 мыңнан астам адам өкілетті органдарға атаулы әлеуметтік көмек туралы кеңес сұрап, хабарласқан болатын.

Соңғы мәліметке сәйкес, олардың ішінде 5874 отбасының өтініші қабылданып, сәуір-қыркүйек айларында 33 385 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Сонымен қатар, 4798 адамға қайта есептеулер жасалды. Барлығы 6729 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Сөйтіп, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 8,2 есеге өсті.

− Десек те, біраз кемшіліктер анықталып, даулы мәселелердің туындауына не себеп болды?

− Көмекті алушылар құжаттарын қайта зерделеу барысында кейбір азаматтардың табысын жасыру және бизнестен түсетін пайда көздерін көрсетпеу, жұмыс берушілердің зейнетақы аударымдарын уақытылы аудармауы, отбасы құрамының және табыс мөлшерінің өзгеруі фактілерін уәкілетті органдарға уақытылы хабарламауы салдарынан заңсыз атаулы әлеуметтік көмек төлеу фактілері анықталды. Әрине, мұндай жағдайларды біреу біліп істесе, енді бірі мүлдем хабарсыз болатын.

Тағы бірі «мемлекет берген көмектен біз де неге алып қалмасқа?» деген оймен жасады. Бірақ, қалай болғанда да бұл заңбұзушылыққа жатады. Сондықтан, заңсыз төленген қаражат мемлекеттік бюджетке кері қайтарылуы тиіс. Бүгінгі таңда заңсыз деп танылуына байланысты 694 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төлеу тоқтатылып, 6,2 млн. теңге қазына қаражаты кері қайтарылса, 628 отбасына тағайындалған көмек қайта есептелді. Ал, 243 отбасының құжаттары әлі зерделену үстінде.

− Осы орайда, Мемлекет басшысы әділдікті, ашықтықты және еңбекке ынталандыруды қамтамасыз ете отырып, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тетігін түзетуді және аз қамтылған отбасылардың балаларына қосымша кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізуді жүктеді емес пе?

– Осыған сәйкес, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәсілінің жобасы жасақталды. Жалпы, елімізде қай уақытта да халықты әлеуметтік қамту мәселесіне басым көңіл бөлініп келеді. Мемлекет тарапынан бірінші кезекте көп балалы және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдау қарастырылады. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс жасауға міндетті, мемлекет тарапынан оларды еңбекпен қамту немесе шағын бизнеспен айналысуға қажетті шаралар алынады.

− Әлеуметтік қолдау көрсету қандай бағыттарды құрайды?

Біріншіден, атаулы әлеуметтік көмек алатын балалардың 60% астамы – көп балалы отбасыларынан. Сондықтан, көп балалы отбасылар үшін республикалық бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік жәрдемақы енгізіледі. Мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына байланыссыз және барлық көп балалы, яғни төрт және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларға төленеді. Бала санына 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттер де кіреді.

− Сонда жәрдемақы мөлшері қанша болады?

– Жәрдемақы отбасындағы бала санына байланысты дифференциалды және орта есеппен әр балаға 10-11 мың теңге көлемінде болады. Нақтырақ айтсақ, төрт балаға – 42500 теңге, бес балаға – 53125 теңге, алты балаға – 63750 теңге, жеті балаға – 73375 теңге. Аталған жәрдемақы өткен жылдан бастап тоқтатылған көп балалы отбасыларға арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінен 4-7 есеге дейін артық және көп балалы отбасыларға қосымша қаржылай қолдау болады деп есептейміз.

− Атаулы әлеуметтік көмек беруге арналған тағы қандай бағыт бар?

Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы өңірдегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен отбасыларға төленеді. Көмек мөлшері қазіргідей жан басына шаққандағы орташа табыс пен кедейлік шегі арасындағы айырма ретінде төленетін болады. Бұл ретте, табысы жоқ отбасыларға төленетін көмек мөлшері биылғы жылғы мөлшерден кем болмайтынын ескерген жөн.

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудағы ең басты шарттардың бірі – отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс жасауы қажет және отбасы үшін жауапкершілігін сезінуі. Жұмысқа жарамды адамдары бар аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек шарты ақшалай көмек түрінде көрсетіледі және осы отбасылардағы жұмыссыз азаматтарды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, еңбекпен қамту шаралары алынатын болады.

Көп балалы отбасылардағы еңбекке қабілеттілерді шағын және кіші бизнеске көбірек тарту шараларын алу мақсатында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Яғни, микрокредит мерзімін ұзарту, үстеме ақының номиналды жарнасын төрт пайызға дейін төмендету.

Тұрып жатқан жеріне қарамастан берілетін шағын несие сомасы бойынша шектеулерді алып тастау. Ал, егер отбасының еңбекке қабілетті жұмыссыз мүшелері ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда атаулы әлеуметтік көмек төлеу бүкіл отбасы мүшелеріне тоқтатылады.

− Көмек алатын аз қамтылған отбасылар үшін қосымша кепілдендірілген пакетке тоқталып өтсеңіз…

− Заң жобасының үшінші бағыты осы мәселеге арналған. Пакет мектеп жасына дейінгі балалар үшін балаларға арналған тамақ, гигиеналық құралдар, білім беру қызметтерін,мектеп жасындағы балалар үшін мектепте ыстық тамақ, мектеп құрал-жабдықтары мен киім кешектері, жол ақысын өтеу шараларын қамтиды. Мемлекет тарапынан алдағы жылы енгізілгелі отырған жаңа тәсілдегі әлеуметтік көмек түрлері аз қамтылған және көп балалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етеді.

Әңгімелескен:

Айбөпе САБЫРОВА

Үкіметтік емес ұйымдар арқылы «Бақытты отбасы» орталықтары құрылды. Оның жұмысы көп балалы отбасылардағы ата-аналарға және балаларға мәдени-сауық, спорттық шараларын ұйымдастыруға, бос уақыт, коммуникацияны және мүшелерін кіші бизнесті ұйымдастыру дағдыларына оқыту үшін инфрақұрылымды құруға бағытталған. Бес ай ішінде бұл орталықтар өз жұмысының нәтижелігін көрсетіп үлгерді.

ЗАҢСЫЗ ТАҒАЙЫНДАЛҒАН АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК

Табысын жасырған отбасы – 73 мыңнан астам

Төлемдері тоқтатылды – 22,9 мың отбасы

Уақытша тоқтатылғандар – 8,9 мың отбасы

Қайта есептелгендер – 38,5 мың жанұя

Атаулы әлеуметтік көмек алатын балалардың 60%-ға жуығы көп балалы отбасылардан:

Көп балалы – 163 мың отбасы

Үш балалы – 119 мың отбасы

Екі баладан – 90,4 мың отбасы

Бір баладан – 34,5 мың отбасы

Баласы жоқ – 2,8 мың отбасы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button