Жаңа кітаптың тұсаукесері өтті
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ел басқару ісіне араласқан ауызы дуалы Бопай ханымды насихаттауға арналған «Бопай ханым: өнегеге толы өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі» атты конференция өтіп, Ислам қажы Мырзабекұлының «Әбілхайыр хан және Бопай ханым» кітабының тұсауы кесілді.
Басқосуда Әбілхайыр хан мен Бопай ханымдардың өмір тарихына зерттеу жүргізіп жүрген тарихшы-ғалымдар мен өлкетанушылар – Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Лесқали Бердіғожин, «Сарайшық» республикалық музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтар, өлкетанушы, Атырау облысының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев, «Ақпарат» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Елешовалар тақырыптық баяндамалар жасады.
Мұнан кейін «Әбілхайыр хан және Бопай ханым» кітабының авторы Ислам қажы Мырзабекұлы меноблыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзина Әбілқайыр ханның көмекші-кеңесшісі бола жүріп, ел басқару ісіне атсалысқан Бопай ханымның кісілік келбеті мен адамгершілік қасиеттері туралы өз ойларын ортаға салды.
Конференция офлайн және онлайн форматта жүргізілгендіктен, оған Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Түркістан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан зерттеушілер мен Бопай Сүйіндікқызының ұрпақтары, өлкетанушылар, облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж студенттері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиынды Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармония әншілері әнмен әрлесе, белгілі күйші Шәміл Әбілтай өзінің «Бопай ана» арнауын көпшілікке онлайн тарту етті.
Лиза СЕЙТІМОВА