ЖАҢА КІТАП: «Парасат биігіндегі тұлға»
Atr.kz/18 қараша, 2019 жыл. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әбіш Кекілбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай «Парасат биігіндегі тұлға» атты 20 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері және ақындармен кездесу кеші өтті. Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған шараға зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер, жазушының жұбайы Клара Жұмабайқызы мен ұрпақтары қатысты.
Шараның ашылуында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы Үмітхан Мұңалбаева заңғар жазушының есімі қазақ әдебиеті мен руханиятында ешқашан өшпейтінін баса айтты. «Кітап болса жазушылар мен ақындардың мәңгілік өмірі жалғасады. Осы орайда бүгінгі заман талабына сай электронды кітапхана да жүйелі жұмыс жасауда. Біздің электронды кітапхананы 120-дан астам мемлекет пайдаланады.
Ал, Әбіш Кекілбаевтың электронды кітапханасын 16 мемлекеттен кіріп оқыған. Былтыр Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен заңғар жазушының шығармалары француз, ағылшын, испан тілдеріне аударылды. Жалпы, 16 тілге аударылған бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады» деді Үмітхан Дәуренбекқызы.
Сондай-ақ, алқалы басқосуда жиналған зиялы қауым Әбіш Кекілбаевтың қазақ әдебиетінің дамуындағы зор үлесі, «Мереке» баспасынан жарық көрген шығармалар жинағы туралы әңгімеледі. «Бұл байлық жүздеген жылға дейін сақталады. Сондықтан, мұндай мұраны шығарып, оны кеңінен насихаттай беру қажет.
Бұған дейін Әбіштануда ғалым, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес энциклопедия, Мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Әбдірахманов «Абыз Әбіш» атты кітаптар жазды. Мен екеуін де басынан бастап аяғына дейін оқып шықтым. Бұл дүниелердің заңғар жазушыны кеңінен насихаттауда маңызы зор. Ендігі уақытта «Парасат биігіндегі тұлға атты» Әбіш шығармаларының 20 том болып жарыққа шығуы да үлкен мәртебе» деді жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарай.
Жазушы, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Мереке Құлкеновтың айтуынша, 1999 жылы алғаш рет Әбіш Кекілбаев шығармаларының 12 томдығы жарыққа шықты. Бұл көзі тірі жазушы шығармаларының ішінде осынша том болып жарияланған алғашқы баспалдақ болатын. Бұдан кейін де бірнеше шығармалар жинағы жарық көріп жатты.
Алайда, бүгінгідей 20 том болып, әрі оның барлық данасының бір сәтте шығарылған кездер болмады. «Бүгін тұсаукесері өтіп жатқан бұл кітап кемел жазушының туғанына 80 жыл толуына орайластырылған үлкен жәдігер. Мұны жарыққа шығаруда Атырау облысының әкімдігі қолдау көрсетті. Әбіш ағаның билікке араласқан кезден бастап жазған мақалаларының өзі он шақты том болады. Ал, бұл дүниелер шығармалар жинағына кірістірілмеді.
«Парасат биігіндегі тұлға» кітабында тек қана абыздың көркем туындылары мен аудармалары топтастырылды. Бұл жинақтың басқа жинақтардан ерекшелігі де осында. Ендігі уақытта бұл мұра облыс орталығындағы кітапханада емес, аудандар мен ауылдардағы кітапхана төрінен орын алады» деді Мереке Құлкенов.
Бүгінде жасыратыны жоқ, баспа да көп, жазылып жатқан кітап та аз емес. Олардың сапасы өте жоғары болуы мүмкін. Алайда, ішкі мазмұны жағынан өте төмен деңгейдегі туындылардың көбейгені рас. Мұндай дүниелердің қазақ руханиятының кемелденуінде еш рөлі жоқ. Бұлар тек ұлттың талғамын бұзатыны бесенеден белгілі. Сондықтан, біз бүгінде Әбіштей тұлғалардың шығармаларын бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа кеңінен насихаттай түссек, бұл аталмыш қара тасқынға қоятын қамал болып табылады. Жиын барысында осы пікір төңірегінде де кеңінен әңгіме өрбіді.
Ерекше атап өтерлігі, жиында жаңа жинақтың тұсаукесер рәсімі жаңа форматта ұйымдастырылды. «Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы қазақ әдебиетіне үлкен серпін берсін!» деген ниетпен жиналған қаламгерлердің әрқайсысы жаңа кітаптың лентасын қиып, бұл үрдісті жақсылықтың нышанына балады. Сондай-ақ, жазушының жұбайы Клара Жұмабайқызы да 20 томның тұсауын кесті.
Клара ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ,
жазушының жұбайы:
Әбіш кітаптарды студент кезінен бастап жазды. Ең алғаш «Алтын шумақ» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Әбіштің айтқаны мен жазғандарын толық жинақтаса бұдан да асқан бірнеше том болады. Оның жазушылық еңбегі өте көп. Бірқатар елді аралай жүріп, өзінің білімпаздығымен талайларды таң қалдырды. Ендігі уақытта замана заңғары, сөз зергерінің әрбір жазған шығармасын ұрпақ санасында жаңғырту – бүгінгі күннің талабы.
Светқали НҰРЖАН,
ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:
Қазақ әдебиетіне жас буын келген сайын Әбіш ағаның еңбектері қайтадан жаңғырып, жасара береді. Ұлтымыздың сарқылмайтын қазынасын әрбір буын өзінше оқып, өзінше түсініп, өзінше пайымдай түседі.
Бұған дейін еліміздің бас кітапханасында Әбіш ағамызға арналған бөлімнің ашылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлтымыздың ұлт болуы үшін, мемлекетіміздің мемлекет болуы үшін Әбіштануды енгізуіміз керек. Бүкіл қоғамдық буындарға, бүкіл ұлттың жүрегіне Әбіш мұрасын сіңіруіміз керек» деген ұлағатты әңгіме айтқан. Осынау талап жалғасын тауып, Әбіш ағаның барлық қыры ашылып, тұңғиығындағы маржандар сүзіліп алынады.
Қажығали МҰХАНБЕТҚАЛИҰЛЫ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Әбіш – жазушылық өнерінде алдына жан салмаған тұлға. Ол поэзияда да, прозада да өзінің көшбасшы екенін дәлелдеді. Ол қазақ әдебиетінің дамуында жаңа идеялардың авторы болды. Әбішті бір оқып қана қоюға болмайды. Оны қайталап оқи түссек, шығармаларына жаңа көзбен қарап, жаңашылдықтар табатынымыз сөзсіз.
Сондықтан, ойшылдық бағытты меңгеру үшін біз оны оқи түсуіміз қажет-ақ. Сондай-ақ, Кекілбаев мұраларын зерделеу кейінгі буынның борышы болып қала береді. Осы орайда қоғамдық өмірдің барлық саласын терең меңгерген абызды тереңірек зерттеу үшін Әбіштану ғылыми-зерттеу орталығы құрылса деген ұсыныс бар.