
Сейілхан Мираштың зерттеу еңбегі таныстырылды
Бүгін өлкетанушы Сейілхан Мираштың «Халелдің ізімен» аталатын зерттеу еңбегі дүйім жұртқа таныстырылды. Бұл туынды бар ғұмырын Алаш жұртының игілігіне сарп етіп,сол жолда құрбан болған көрнекті тұлға, Алаш ардақтысы Халел Досмүхамедұлының өмірінің кейбір беймәлім тұстарын ашуға арналған.
Кітаптың таныстырылымына зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар мен тарихшылар, мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.

Жиында «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, ҚР журналистер, жазушылар одақтарының мүшесі Назарбек Қосшиев көпшілікке ұсынылып отырған дүниенің құндылығын, оны дайындау барысында атқарылған жұмыстар туралы кеңінен баяндады.



Жалпы, 108 беттік басылымға ХХ ғасырдың басында Халел ставкасы атауымен белгілі болған тарихи орынның пайда болуы және сол өлкенің қысқаша тарихы жөнінде жазылған мақалалар топтастырылып, Халел Досмұхамедұлының өмірі мен туған жеріндегі оған тікелей қатысты мекендер мен жер-су атауларына қатысты соңғы кезеңдерде жиналған деректер жазылған. Сондай-ақ, еңбекте Қызылқоға өңіріндегі Батыс Алашорда өкіметіне байланысты тарихи орындарға, кешенді түрде этно-археологиялық зерттеулер жүргізуге ұсыныстар да бар.
Ал, кітаптың лентасын облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов пен «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, ҚР журналистер, жазушылар одақтарының мүшесі Назарбек Қосшиев кесті.
Айдарбек АҚАРЫС