Жанға жайлы теңіз жағасы атыраулықтар үшін демалыс орнына айналады
Атырау жұрты демалу үшін берісі Ақтау, әрісі шетел асып кететін. Енді олар жанына жайлылықты осы жерден табады. Бүгінде Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы демалыс орнының жобасы жасақталып жатыр.
«Қолдау» ЖШС-нің бас сәулетшісі Евгений Перфилиевтің айтуынша, бүгінде жалпы көлемі 500 гектарды құрайтын жер бедерінің топографиялық түсірілімі жасалды. Демалыс орны 300 гектарды алады. Жобаға сәйкес, ол бес аумаққа бөлінбек. Барлығы да бір-бірімен байланысты, біртұтас кешен ретінде қызмет жасайды.
– Алғашқы аумақта коттедждер қалашығы орналасады. 20,4 гектарды алатын орын 451 адамның демалуына арналған. Оның ішінде мәртебелі меймандарға 176 орын қарастырылған. Екіншісінде, 275 келушінің тынығуына мүмкіндігі бар Демалыс айлағы барлығы 3 мыңға дейін халықты қабылдай алады, — дейді бас сәулетші.
Әкімшілік ғимараттар демалыс аймағының шығысында бой көтерсе, спорттық-сауықтыру, қонақ үйлер де кезегімен салынбақ. Этноауыл 13,3 гектар жерге орналасады. «Исатай ауданындағы Зинеден ауылының тұсындағы толыққанды демалыс орнында жанға керектінің бәрі болады» дейді мамандар. Сәулетшілер ғимараттардың ұлттық нақышта салынатынын айтып отыр. Өйткені, демалуға тілек білдіргендердің қатарында ресейліктер көп екен. Оның үстіне теңіздің дәл осы тұсындағы құм ақ, әрі жұмсақ. Табиғаттың құбылысы ескерілуде. 500 балаға арналған ойын-сауықтыру балалар лагері де сол жерден салынады.
Мұның бәрі жоба болғанмен, алдағы уақытта нақтылана түседі. Мәселен, инфрақұрылым тарту, әсіресе, ауыз су желісін жеткізуде күрмеуі қиын мәселе көп. Сондықтан, оның бәрі кешенді түрде шешілмек.
Азамат БАЗАРБАЕВ